Осло қаласындағы Әдебиет үйінде Абай Құнанбайұлының Қара сөздері мен таңдамалы поэзиясының («Abais dikt og visdomsord») норвег тіліндегі аудармасының тұсаукесері өтті, – деп хабарлайды ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.

Бұл еңбек – норвег тіліне аударылған қазақ классикалық әдебиетінің алғашқы үлгісі.

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Абай мұрасына ұлтымыздың бірлігі мен өркендеуіне жол ашатын құнды байлық ретінде жүгінуге шақырады. Біз Абай шығармаларының норвег тілінде жарық көруін Қазақстан тәуелсіздігінің 30-жылдығына арнаймыз», – деді презентацияда Қазақстанның Норвегиядағы Елшісі Еркін Ахинжанов.

Абай шығармаларын норвег тіліне тәжік-норвег жазушысы және әдебиеттанушы Лютфия Бобоёрова аударды. Кітапты «Sirkel Forlag» баспасы шығарған, бас редакторы және Абай жайлы өмірбаяндық тарау жазған норвег ғалымы және баспагері Осхильд Кюлос.