Жазушы Сәбит Досанов өмірден озды. Белгілі қаламгер 84 жасында дүние салды, дер хабарлайды Qaz365.kz.

Мемлекет басшысы жазушы Сәбит Досановтың отбасы мен жақын туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көрнекті қаламгер, драматург, «Отан» орденінің иегері, Мемлекеттік және М.Шолохов атындағы халықаралық сыйлықтардың лауреаты Сәбит Досановтың дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен жақын туыстарына көңіл айтты.

– Сәбит Айтмұханұлы қазақ әдебиетінің өркендеп қанат жаюына елеулі үлес қосты. Ұлттық проза мен драматургияның дамуына нағыз шығармашыл тұлға ретінде бар саналы ғұмырын арнады. Көркем туындылары сүйікті оқырмандарының тарапынан жоғары бағаланды. Соңына өшпес әдеби бай мұра қалдырған Сәбит Айтмұханұлының жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын, – деп жазылған жеделхатта.

Сәбит Досанов 1940 жылы 12 қаңтарда Қостанай облысы, Аманкелді ауданының Байғабыл ауылында туған. 
 
1985–1989 жж. КСРО әдебиет қоры Қазақ бөлімшесінің директоры, 1991–1995 жж Республикалық Халық шығармашылығы және мәдени қызмет көрсету орталығының Бас директоры, 1996–1997 жж. мемлекеттік «Қайнар» баспасының Бас редакторы болып істеді. Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында ұстаздық қызмет атқарған. Африкадағы Дүнду, Қазақстандағы Қостанай қалаларының, Ақсуат, Аманкелді аудандарының құрметті азаматы. Көптеген роман, повесть, әңгімелердің авторы. «Қайырлы таң», «Жанр тағдыры», «Сексен бестің көктемі», «Адаспаңдар, адамдар», «Тотем под чадрой», «Тензор степного кургана» атты кітаптары бар. 
 
1998 жылы мемлекеттік «Санат» баспасынан қазақ тілінде, ал 2003 жылы Мәскеудің «Советский писатель» баспасынан орыс тілінде «Жиырмасыншы ғасыр» романы жарық көрді. 2002 жылы «Советский писатель» баспасынан таңдамалы шығармаларының бір томдығы жарыққа шықты. «Дауыл», «Ертең бюро» атты драмалары М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында, Атырау, Жезқазған, Семей, Тараз, Бішкек қалалары сахналарында қойылды. 
 
ҚР Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы, М.Шолохов атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты, Ресей педагогика және әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі болған.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!