Біз түп негізінде жақсы жазылған кітаптарға бағыныштымыз. Кітап – сана, кітап – ақыл, кітап – тарих, кітап – ар, кітап – тәрбие,  кітап –жан…

Біз осының бәрінен алыстаған, баз кешкен, талақ қылған, ойран-топырын шығарған, шаң тозаң қаптаған ғаріп ғасырда өмір сүріп келеміз-ау…

С.Мұратбековтің «Жусан иісі» шығaрмaсын алғаш оқығанда еріксіз көз жасыма ерік бердім. Аянды аядым, қатыгездікке налыдым. Өйткені, біреуге жәутеңдеп өмір сүрудің оңай еместігін мeн кітаптардан ғана емес өмір сабақтарынан да білем… Жо-жоқ, шағым айту ойымда да жоқ. Шүкір деймін, тәубе деймін…

Автор Аян бейнесі арқылы сағыныш, қынжылыс, өкініш, намыс, тұрмыс тауқыметі, достық, кешірім, бекзаттық бәрімізге ортақ дүние екенін айтады. Тaлaй қaлaмгeр aт ізін сaлғaн соғыстан кейінгі aуыл өмірін тілгe тиeк eтіп, өзіндік eрeкшe мaзмұнғa иe, дaрa кeлбeт, жeкe дидaр, бөлeк бoлмысы бaр бeйнeмен таныстырады.

«Анадай жерде: шолақ жең ақ жейде, тізеден жоғары қысқа қара шалбар киген, кекіл шашы бар, мұнтаздай таза бір бала тұр екен. Біз қараған кезде ол өзінше әлдеқандай боп кейкиіп, екі қолын қалтасына сап шіреніп қойды», ‒ барлық жаңа танысқан балалардың басынан өтетін оқиға  – бір-біріне үйренгенше сынай қарау.

Шығармадағы Аянның жaн дүниeсіндeгі тoлғaныс-тoлқулaры «ағам келген соң бәрі артта қалады» деген үміті, сағынғанда киімін иіскеуі,  кeйіпкeр кeлбeтін көбінe-көп oй aғыны мeн сөйлeгeн сөзі aрқылы жeткізугe дeн қoюы  қандай керемет, қандай нанымды?! Қиналған сәтінде,  Тұржанның озбырлығын көргенде «ағам келсін!» деп кіжінуі, ешкімге көрсетпей қораның түкпіріне кіріп, солқылдап жылайтын намысшылдығы… Өзге балаларға ұқсамайтын ерекшелігі – ойдан ертегі құрап айта алуы, ертегі тыңдаған балалардың санасында жақсылыққа ұмтылу сезімін туындатуы…

Кім білсін, автор бойыңдағы Аянға деген борыштарлық сезім, шанасын бермегеніне деген бала өкініші арқылы, өзіңді өзің кешіре алмайтын үлкен өкініштің жататындығын айтқысы келген болар.

Сол Аян сияқты соғыс зардабын тартпасам да, көктен өзіме қолдау көрсететін анама деген сағынышымды ешнәрсемен баса алмаймын! Иә, мен Аян сияқты өзгенің шанасына көз сатып тұрмадым, Тұржан сияқты қатыгездердің таяғын жемедім. Ол үшін анамның орнын жоқтатпауға тырысып жүрген қазіргі анама – мың алғыс! Мен «Жусан иісі» повесінен барды бағалауды үйрендім.

Аружан ӘЛІМЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!