«Заман жаңарғанымен, жаман жаңармайды» деген тұрпаты теріс тіркесті үлкен кісілерден көп еститінбіз. Бірақ жуырда осы сөздің нүктесі қойылып, айтылуы сиреп келеді. Батыс аймақты су алып, көңіліміз түсіп жатқанда, «Жолаушылар тасымалы» АҚ жанымызды жадыратып қойды. Өткен аптаның соңында Қызылорда – Семей бағытындағы пойыз жаңа вагондармен толығып, жаңа форматтағы таза вагондар жолаушыларға пайдалануға берілді.

– Жол – тіршіліктің көзі, экономиканың күретамыры. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Шын мәнінде, көлік-логистика саласы – басымдыққа ие бағыт. Қазір ең басты әлеует – табиғи ресурстар емес, тауар тасымалдау, логистикалық тізбектерді жолға қою» деген болатын. Міне, біз өздеріңізбен бірге «Қызылорда-Семей» жолаушылар пойызының толығымен жаңаланып, халық игілігіне берілуіне куә болудамыз. Теміржол көлігі – еліміздегі инфрақұрылымның маңызды бөлшегі. Кең байтақ қазақ жерінің қолайлы географиялық орналасуы, шекарасының кеңдігі мен заман талабы теміржол көлігінің маңыздылығын күн өткен сайын арттыра түсуде. Сыр өңірінде де Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауымен жол инфрақұрылымын, көлік қатынасы мен жолаушылар тасымалын дамыту қарқынды жүзеге асырылуда. Бұрынғылардан қалған «Жол мұраты – жету» деген сөз бар. Ақ тілеулі, кең пейілді халқымыз ұзақ сапардың алғашқы қадамына, жол басына ерекше мән берген. Бүгін де жолаушыларымызды ел ағаларының ақ батасымен жолға шығарып саламыз. Жолаушылар пойызы ел мен елдің, ағайын мен туыстың арасын жалғайтын татулықтың тұтқасы, сауда-саттық пен іскерлік байланыстың алтын арқауы болсын!, – деді аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев.

№21/22 «Қызылорда-Семей» жолаушылар пойызының жаңа вагондарының тұсаукесер рәсімінде өңірдегі теміржол саласының қызметкерлері облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Айта кетейік, мекемеде жалпы 11 мыңға жуық маман жұмыс істейді, оның 5,5 мыңы – жолсеріктер.

Маршрут бойынша 44 жолаушы вагоны жүретін болады, оның ішінде 29-ы купе және 15-і плацкарт. Осы бағыттағы пойыздар 100% жаңартылған. Жолаушылардың жайлылығын қамтамасыз ету мақсатында вагондар ауаны баптау жүйесі, ауаны тазарту сүзгілері, түтін датчиктері, биодәретханалар, сондай-ақ тамбурлардағы бейнебақылау жүйесімен жабдықталған. Купеде электррозеткалары мен USB қосқыштары да бар. Күн сайын қатынайтын пойыз жолаушылары ендігі жайлы орында уақыт өткізіп, жол жүретін болады.

Жиында «Жолаушылар тасымалы» АҚ бас директоры Жәнібек Тайжанов пен теміржол саласының құрметті ардагері Өмірбек Жүсіпов сөз сөйледі.

– Біз Ұлттық тасымалдаушының вагон паркін жаңарту бойынша жұмысты жалғастырудамыз. №21/22 «Қызылорда – Семей» пойызы күн сайын жүретін болады. Жолаушылар құрамы бір бағытта орта есеппен 528 жолаушыны тасымалдай алады, – деп атап өтті «Жолаушылар тасымалы» АҚ Басқарма төрағасы Жәнібек Тайжанов.

Өткен жылы Ұлттық тасымалдаушы 150 жаңа вагон жеткізу туралы келісімшартқа қол қойып, оның 88-і вагон паркін толықтырған. Олар Атырау – Маңғыстау, Ақтөбе – Атырау, Павлодар – Түркістан бағыттары бойынша жүріп жатыр. Қолданысқа берілген вагондардың жайлылығы, қызметі мен ыңғайлылығы жолаушыларға жағымды әсер қалдыруда.

Дәл қазір осы Қызылорда – Семей бағыты бойынша Алматы қаласына жол жүріп бара жатырмын. Ішкі интерьер мен стиль, тазалық жоғары деңгейде жасақталған екен. Жалпы, сапарға көп шығамын, осындай үлгіде таза, жайлы барлық керек жарақпен қамтылған вагондар үшін жауапты сала мамандары мен басшыларына рақметімді айтамын, – деді қала тұрғыны Несіпкүл Ахметова.

Бастысы мұнда кез келген жағдайға дайындық жасалған. Мәселен, жолаушылар жолда сыртқаттанған жағдайда іште дәрі-дәрмекпен қамтылған медпункт жұмыс істейді.

Саяхат кезінде қажет болған жағдайда көмек көрсетуге дайын болу үшін гидтер алғашқы көмек көрсету бойынша арнайы дайындықтан өтеді. Бұған алғашқы көмек көрсету, оның ішінде босану, жүрек-қан тамырлары күтімі және жүрек-қан тамырлары аурулары туралы білім кіреді. Кондукторларды оқытудың негізгі мақсаты – барлық жолаушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету, – деді «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі.

Ол үшін қала тұрғындары да өз алғысы мен ризашылығын жеткізді.

– Бұған дейін де вагондарымыз жаман болмаған. Ал қазір тіпті адам танымастай жаңа кейіпке еніпті. Жалпы, қала тұрғындарының қуанышы ерекше. Барлық бағыт бойынша адам көп. Дегенмен жолаушылардың 70- 80 пайызы осы пойызға мінетініне сенімдімін. Оңтүстік өңірлерге қатынайтындар көп. Студенттер де осы пойызбен көп қатынайтын болды. Айтпақшы, вагонның бір ерекшелігі – ішінде үнемі радио сөйлеп тұрады. Бұл да қазақылықтың айнымас белгісі деп білемін. Әр дүниені қазақыландырып, өз ұлттық символымызды кіріктірсек, несі жаман?! – деді қала тұрғыны Нұргүл Ырзақұлқызы.

2024 жылдың бірінші жартыжылдығында Қызылорда – Семей және Алматы – Сарыағаш бағыттарында пайдаланылатын тағы 12 вагон жеткізіледі деп күтілуде. Биыл мемлекеттік органдармен тағы 157 жолаушылар вагонын сатып алу бойынша жобаны қаржыландыру мәселесін пысықтау жоспарлануда. Сонымен қатар 2025 жылдан 2030 жылға дейін Stadler технологиясының 537 жолаушылар вагонын сатып алуға шарт жасалды. 2030 жылы жоспарланған барлық іс-шараларды ескере отырып, вагондардың орташа қолданыстағы жылы 18-ден 13 жылға дейін төмендейді.

Қызылорда теміржол вокзалы 1905 жылы салынған бір қабатты және 1969 жылы салынған үш қабатты екі ғимараттан тұрады. Өткен жылы вокзал ғимараты мен аумағына жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстарына «Қазақстан Темір Жолы» компаниясы 350 млн теңге, жергілікті кәсіпкерлер 255 млн теңге қаржы бөлді.

Теміржолдың темір тұлпарының да қауіпсіздік ережелері бар. «Жолаушылар тасымалы» АҚ қызметкерлері пойызға отыру және шығу кезінде сақ әрі қырағы болуға шақырады. Сапар барысында өзге жолаушылар және қызметкерлермен сыйластық танытуларыңызды сұрайды. Өткен жылы вандализмнің 60 жағдайы тіркелді.

Жолаушылар шағымдары мен ұсыныстарын QR код пен пойыз нөмірі WhatsApp арқылы жібере алады. Кез келген жолаушы ұсыныс пен пікір қалдыра алады. Ал «Жолаушылар тасымалына» жыл сайын түсетін шағымдардың саны нақты емес. Себебі чат, электрондық пошта, Е-Өтініш секілді ұсыныс-өтініштер түрлі мобильді қосымшалардан келеді.

Көлік-логистикасы – маңызды саланың бірі. Биыл өңірде 266 шақырым автомобиль жолдары жөндеуден өтеді. Жыл соңына дейін жақсы жағдайдағы жолдардың үлесін 90 пайыздан асыру жоспарланған. Бүгінде «Қызылорда- Жезқазған» автомобиль жолын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Ал «Қорқыт Ата» әуежайының жаңа терминалы мамыр айында қолданысқа беріледі. Сонымен қатар автобус жолаушыларының да жағдайы басты назарда. Қаланың сол жағалауынан заманауи үлгідегі автовокзал ғимараты пайдалануға берілді. Жаңа автовокзал бюджет қаржысы есебінен 975 млн теңгеге салынды. Мұнда жолаушылар мен жүргізушілерге, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға барлық жағдай қарастырылған. Халықаралық және түрлі бағытқа арналған 38 маршрут сапарға шығады.

Облыстағы оң өзгерістер мен сапалы қызмет – ел игілігі үшін. Жолың болсын жолаушы!

Әлия ТӘЖІБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!