…Шешем күні бұрын ес­керт­ті. Сондағы Ұлекеңнің айт­қа­ны мынау. «Пәлен күні қой ке­зек». Мұндайды құлағың естіген соң қабағыңның түсіп кететіні бар. «Кеше ғана бағып кетіп едік қой» дейсің іштей ашуланып. Амалың жоқ, ай сайын келіп тұратын кезекке өз-өзіңді дайындап әлексің.

Жаңақұрылыстың «көне ауыл» деп аталар бөлігінде қой саны көп болады. Наурыз мерекесінен кейін басталатын кезек қыстың алғашқы қары түскенше жалғасады.

Таң сәріден оятқан шешемнің кеше кешкілік дайындаған дорбасын иыққа асынған едім. Сол күйі қой жиналатын орынға еріне аяқ басып келемін. Ізімде Кискалок. Осы ит ермесе қой да бағусыз қалатындай, жаныңнан қалдырмайсың.

Жиналған қойдың жанында ауыл шалдары күтіп тұр. Әнекей, Кеңесбай мен Әжайып шықты. Одан қалды, молда Жеткер атам кімнің қойды қосып-қоспағанын ертемен қарап отырады-ау. Қази көкем, Әбжан шал да осында жүр.

– Әә, сен бе едің, – дейді «ассалауды» алғасын мұндағылар.  – Тал түс болды ғой. Сағатты қарадың ба, өзің. Әй, қойды қуаламай жай. Мына ізіңе ерткен итің малға зияны жоқ па еді өзі?! Сосын ауылға тал түсте әкеп тұрма. Әбден тойындырып, сегізге таман құлатарсың бері қарай…

Осындай толып жатқан ескерту, кеңеске «тойып» алып, қойды Нұраға қарай бұра бердім. Айтпақшы, ауылдың қарияларына қарсы сөз айтпайсың, бірдеңе дегің кеп желкеңді қисық жауап қысқанмен, оныңды әкеңе айтып, әбден сабатары анық еді. Мұндайда «екі елі ауызға төрт елі қақпақ».

Әдетте, қой байғұс ежелден жуас мал ғой. Мұндайда қақаңдап ешкі шығады алдына. Жалмаңдап жүріп, жусан мен гүлдеген шеңгелді қуалап кететіні бар. Алдына келген несібені қой секілді қаузап тұрмайды, жартылай жеп, келесі шөпке ұмтылады. Әйтпесе, басқасы жеп қоятындай. Қызғаншақ мал бұл мүйіздің.

Сумаңдаған ешкіні қайырып жүргенде, қотыр мен ақсағы аралас бір топ жандық бөлініп қалады. «Әкесінен сыбап» жүріп оларды да қатардан қалдырмайсың. Әупірімдеп түске таман қой-ешкінің басы құралады. Шашырай жүріп, бұрынғыдай бөлінбей, көкке жабысқан күйі жайылады. Мұндайда биіктеу жерге шығып, шешең берген дорбаның ішін ақтара жәукемдеуге кірісе бересің. Асылған екі жұмыртқа мен төрт түйір картоп, шырпының қорабына салынған тұз. Бір «көлә» айран, бір «көлә» су (бізде баклашканы «көлә» дейді, дұрысы ол коланың шынысы еді). Жарты таба нан. Айтпақшы, бес-алты түйір барбарис те дорба түбінен көрініп қалады. Қой баға жүріп, аузының дәмін алсын дегені болар шешемнің. Айдалада отырып ас ішкен өте тәтті боларын қой баққан ауыл баласы бірден түсінер еді.

Білесіз бе, Нұрада қой баққанның қызығы да, шыжығы да бар. Қызығы – көкпеңбек болып жатқан далада еркін қиял кешесің. Ән саласың. Жақсы көретін қызыңмен ойша тілдесесің. Қойныңа тығып шыққан кітапқа да көз жүгіртіп аласың. Керемет-ақ.

Ал шыжығы ше? Шыжығы сол, күздікүні махаббаты оянып, құйрығының қиы қатқақтанған дөң маңдай ала қошқар мен бұтындағы «дорбасы» артқы аяғынан сыртқа қарай салақтап жүрген мүйізді көк текеден «қашқан» тоқты мен тушалар сенің мазаңды алары анық. Амалсыз акушер боласың.

Әне, шеңгел түбіне жата қалған «бойжеткен» туша ыңқылдай бастады. Ауырсынғаны да енді. Адам көрінсе, бұлар да «ұялады». Сондықтан сырттай бақылауың керек. Отар қойды да сол маңнан ұзатпауға тырыстым. Ондағы ойым – әлгі «айы-күні тақалған» туша жанында қой-ешкі барын сезініп, өз-өзіне сенімді болсын деген бала түсінігім ғой.

Сәлден соң туша жақтан лақтың жіңішке даусы естілген. Жетіп бардым. Дүниеде тұмса (ең бірінші туған) малдың туғаны жаман. Өз төліне жатырқай қарайтындары кездеседі мұндайда. Болмаса емізуге келгенде қауқарсыз. Амал жоқ, қалбалақтаған лағын асықпай жалаған тушаны ұстап тұрып, бауырына төлін салдық. Абырой болғанда, лақ ұрғашы болып шықты. Жалмаңдап бірден еміп кеткенін қарашы. Осының орнында еркек төл болса, мойны бұлғаңдап, енесін еме алмай, әуреге салатыны бар. Шешем мұндайды көрсе ұрғашы төлді мақтап, «қыздың тұқымы ғой, қанша дегенмен» деп таңдайын тақылдатар еді.

Осылайша түсте басталған төлдеу науқаны кешке дейін бітпеді. Әлгі тушадан соң үш қой, бір тоқты, екі ешкі туған. Ешкінің бірі егіз лақты. Осылайша төрт қозы, төрт лақтың енелерімен табыстырып алдық. Әбден ауыздандырып, уызға қандырған соң үйден ала шыққан, жемнен босаған қапқа салып алдыңда жайылған қойдың басын ауылға бұра бергенбіз. Айтпақшы, қаптың әр жерін тесіп, лақ пен қозының басын ғана шығарғаным өзімше тапқан ақылым болды. Ауылға дейін ауа жұтып барсын деген ойым ғой. Қаптағы басы бұлғаңдай маңыраған төлінің даусын естіген қойлар да, ешкілер де менің ізімде. Әсіресе, бірінші рет дүниеге тұңғышын әкелген туша қасымнан шыр айнала шықпайды.

Отарды ауылға кіргізіп, туған қой мен ешкін төлімен қоса иелеріне тапсырып жүргенде, кеш те батты. Мана ашумен «туатын малды неге өріске қосасыңдар» деп айқайлармын деген ойым бұл кезде әдірем қалған. Ұлекең берген кешкі ыстық астан кейін, орныма қол тіремей құлағанымды білемін. Түсімде әлгі туған қозы-лақтармен ойнап шықтым…

P.S. Жаңақұрылысқа желі (сеть) келгелі қой кезектің сәл мазмұны өзгерген. Дұрысы, қой кезек бар, бірақ далада туып қалған малдың төлін бұрынғыдай арқаламайсың.

Уатсап бар ғой. Сырт еткізіп суретке түсір де, «қой кезек» деген ортақ чатқа атып ұр. «Ойбу, мынау біздікі ғой, бүгін туатындай ыңғайы жоқ еді» деп ақталған иесі көлігімен өзі келіп алып кетеді.

Сиыр мен жылқы да солай. Далада сүрініп кетіп не батпаққа батса да, көрген жұрт иесіне хабар береді. Иесі кім екенін білмесе, ауылдың Уатсап группасы сау болсын.

Ал өзім «Жаңақұрылысқа интернет желісі керек» деп пейсбөкте «жырлағаныма» өкінбеймін. Тіпті, жергілікті билікке ұнамасам да…

Ержан ҚОЖАС

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!