Өткенге көз жүгіртіп, бүгінімізді бағамдасақ, тәуелсіздік алғанға дейінгі және кейінгі кезеңдерде өңірлік журналистика салалық даму тұрғысынан соны серпін алып, журналистер тыңнан түрен салуға ұмтылды. Айта кету керек, бүгінгі күні Сыр еліндегі бұқаралық ақпарат құралдарының жалпы саны 100-ден асады. Ахмет Байтұрсынов: «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек» деген еді. Демек технология көші алға жылжыған ғасырда да баспасөздің жүгі ауыр, жауапкершілігі жоғары. Жақында Қызылорда қаласында «Сыр журналистикасының тарихы» 5 томдық жинағының тұсауы кесіліп, осы сөздің айғағына айналды.

Тәуелсіздікке тарту

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай «Достық үйінде» «Сыр журналистикасының тарихы» 5 томдығының тұсаукесер кеші өтті. Шараға Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп, облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов, облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет, Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ түркітану кафедрасының профессоры, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, филология ғылымдарының докторы Амантай Шәріп, «Бас редакторлар клубы» ҚБ президенті Бибігүл Жексенбай және «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Аманжол Оңғарбаев қатысты. Сонымен бірге кешке Түркістан облысының БАҚ өкілдері, қызылордалық қаламгерлер, зиялы қауым өкілдері де қатысты.

Келелі шараны жүргізген облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет ең алдымен оқырманға жол тартқан жинақтың мәні мен маңызына тоқталып, аймақтық медиа кеңістіктің өткен жолы мен тарихын түгендеу, тұлғалар еңбегінен тағылым алу маңызды миссия екенін алға тартты.

– Бестомдық жинақты дәстүрлі медианың жаңа медиамен күш біріктіріп, дамудың жаңа сатысына көтерілген кезеңінде Сыр елінің барлық бұқаралық ақпарат құралдарының тарихын түгендеп, қоғамға, халыққа және жалпы өз-өзімізге есеп беру деп білеміз. Сондықтан бұл кітаптың Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында оқырманға жол тартуы біз үшін үлкен мәртебе, зор қуаныш, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Шарада «Бас редакторлар клубы» ҚБ президенті Бибігүл Жексенбай: «Бестомдық кітапты шығару барысында архив құжаттары, көптеген ғылыми еңбектер парақталған, ғалымдар пікірі ескерілген. Құнды туындыда өткен мен бүгін, қаламы қарымды қаламгерлердің жүріп өткен өнеге болар өмір жолы көрініс тапқан. Бұл қазіргідей ақпарат ағыны қарқынды, журналистиканың жаңа кезеңінде таптырмайтын құрал болмақ», – деген пікірін білдірді. Ал ЕҰУ түркітану кафедрасының профессоры, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, филология ғылымдарының докторы Амантай Шәріп бестомдыққа: «Бұл жинақ – бүтін бір ғылыми зерттеу институты атқаратын жұмыс» – деген баға берсе, Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп тарихты түгендеуде баспасөздің рөлі ерекше екенін алға тартып, аталған туындыны жарыққа шығаруда басы-қасында жүрген барша азаматтарға, «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Аманжол Оңғарбаевқа, қолдау танытқан облыс әкімдігіне ризашылығын білдіріп, алғысын жеткізді. Облыс әкімдігінің қолдауымен қызылордалық «Тұмар» баспасынан жарық көрген бестомдықты ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған тарту десек жарасады.

Жинақтың жүгі қандай?

Саланың даму кезеңдерін тарихи тұрғыдан таразылаған жинақтың І томында «Сыр бойы», «Кызылординские вести», «Ақмешіт жастары» газеттерінің ұжымы мен шығармашылық қауымды бір жерге тоғыстырған «Сыр медиа» ЖШС-нің қалыптасуы, бастауынан бүгінгі күнге дейін әкелген жаңалықтары топтастырылған. «Сыр журналистикасының тарихы» жинағының алғашқы томы облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың алғысөзімен ашылған.

– «Баспасөздің жалпы адамзат тарихында алатын орны маңызды, ол – халықтың рухани-мәдени өмірінің айнымас бөлшегі, ой кеңістігін дамытушы әрі қоғамдық сананы оятуда жол бастаушы күш», – деп сөз бастаған аймақ басшысы өткен ғасырдың 20-сыншы жылдарында өңірде жарық көрген алғашқы басылымдарды атап өтіп, олардың тарихи маңызына тоқталады. Ал жинақтың ІІ томында «Ақмешіт апталығы» мен аудандық 7 басылым жайлы ақпараттар берілсе, үшінші томның да көтерген жүгі жеңіл емес. Бұл кітап арқылы оқырман облыс бойынша теле және радио хабарларын тарату қызметі туралы, сондай-ақ, баспаханалар тарихы жайлы мәліметтермен тереңірек таныса алады. Саладағы цифрлық мүмкіндіктер арқылы Сыр өңірінен республика аумағына тарайтын «Qyzylorda», «Қоғам ТВ» телеарнасы, тыңдарманның сексен жыл серігі болып келіп, кейін жабылып қалған облыстық радио жайлы біле аламыз.

Баспахана ісі құрылымы жағынан күрделі, қызметі жағынан пайдалы сала екені көпшілікке мәлім. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін кәсіп қазақ қоғамына оңай жолмен келмеді. Бұл жайлы 1915 жылы Міржақып Дулатов: «Қазақта баспахана жоқ. Кітап, газет-журналдарымыз ноғай, еврей, орыс баспаханаларында басылады. Пайданың көбі солардың қалтасында қалады. Баспахана ісімен таныстығы жоқ кісілерден 1,5-2 есе қымбат хақы алады. Егер баспахананың пайдалы кәсіп екенін қазақ байлары, саудагерлері аңғарса, бұл істен қазаққа келер пайда көп болар еді» – деген еді. Жинақтың ІV томындағы Сыр бойында жарық көрген жекеменшік басылымдар тарихы жаңа Қазақстанның бейнесін көрсететіндей. Бесінші кітап «БАҚ саласындағы Сыр мақтаныштары» және «Практикалық журналистика» деген екі бөлімнен құралған.

Тұтас өңір журналистикасын қамтыған жинақ энциклопедия іспетті, онда қазақ баспасөзіне еңбегі сіңген ерен журналистерден бастап қолына қалам ұстаған бүгінгі буынға дейінгі аралықтағы тұлғалар туралы тың ақпараттар берілген. Барлығы 81 газет-журналдың тарихына шолу жасап, әрқайсысының жүрген жолымен таныстырған туындының болашақ ұрпақ пен жас мамандар мүддесінен шығатынына сенім мол.

Дина БӨКЕБАЙ