Мексика прокуратурасының мәліметінше, 23 жастағы мексикалық блогер Валерия Маркес тікелей эфир кезінде оққа ұшты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі ВВС агенттігіне сілтеме жасап.

Валерия Маркес Гвадалахара қаласындағы өзінің сұлулық салонында отырған сәтінде белгісіз ер адам кіріп келіп, оған тапаншамен оқ атқан. Бұл туралы Халиско штатының прокуратурасы хабарлады.

Қазіргі уақытта шабуылдың нақты себебі анықталмаған. Дегенмен, бұл іс фемицид, яғни жынысына байланысты әйелді өлтіру – ретінде қарастырылып, тергеліп жатыр, – деді мемлекеттік прокурор.

БҰҰ деректеріне сүйенсек, Мексикада күн сайын кемінде 10 әйел немесе қыз баласы серіктесінің немесе туысының қолынан қаза табады. Елде гендерлік зорлық-зомбылық кең таралған.

Қайғылы оқиға алдында Валерия Маркес Сапопан қаласының шетінде орналасқан салонында жұмсақ ойыншық ұстап отырып, TikTok-та тікелей эфир жүргізіп отырған. Бірнеше секундтан кейін ол оққа ұшып, эфир тек біреу телефонын алып, түсірілімді тоқтатқан кезде ғана аяқталған.

Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, оны, болжам бойынша, сыйлық алып келген ер адам атып кеткен.

Мемлекеттік прокурордың айтуынша, полиция жергілікті уақыт бойынша сағат 18:30-да оқиға орнына жетіп, Валерия Маркестің қаза тапқанын растаған. Полиция әзірге күдіктінің атын жариялаған жоқ.

TikTok пен Instagram желілерінде 200 мыңға жуық жазылушысы болған Валерия Маркестің қазасы жанкүйерлерін дүр сілкіндірді.

Сапопан қаласының мэрі Хуан Хосе Франхи AFP агенттігіне берген мәлімдемесінде: «Бізде Маркестің қандай да бір қауіп немесе қорқыту туралы жергілікті билікке жүгінгені жайлы ақпарат жоқ. Әйелді өлтіру – ең ауыр қылмыстардың бірі», – деді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!