Аikyn.kz. Ауқымды жобалар толық аяқталғанда, аталмыш бағыттар бойынша жол қатынасы жеңілдеп қана қоймай, жүк тасымалы, туризм мен жол бойындағы кәсіпкерлікке жаңа мүмкіндік ашылады деген жоспар бар.
Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасына сәйкес, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Үкіметтің қолдауымен жобаларды қаржыландыру мәселесін шешіп, қажетті дайындық жұмыстарын толық аяқтағанын мәлімдеді. Ендігі кезеңде жол құрылысы мен жаңғырту жұмыстары қолға алынып, нысандарды 2029 жылы толық пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Жалпы, жоспар бойынша келешекте Қорғас пен Ташкент бағытынан шыққан жүк ағыны Шымкент пен Қызылорда арқылы Сексеуілге түйісіп, одан әрі Ақтау порты арқылы Бакуге бағыт алатын болады. Бұл маршрут Қытайдан Еуропаға жүк жеткізу жолын шамамен 1000 шақырымға қысқартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жол жүру уақыты 3 сағаттан астам қысқарып, жүк ағыны 2,5 есеге дейін артады деп күтілуде. Демек, бұл жол салу жобасын Қазақстанның халықаралық көлік-логистика жүйесіндегі орнын нығайтуға бағытталған ірі инфрақұрылымдық бастама ретінде қарауға болады.
Аталған жобалардың мән-маңызына қатысты «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Қызылорда филиалының пікірін де білдік. Филиал өкілдерінің айтуынша, өңірдегі негізгі бағыттарды өзара байланыстыратын бұл күре жолдардың құрылысы көлік қатынасын жақсартып қана қоймай, транзиттік әлеуетті арттыру тұрғысынан да айрықша маңызға ие.
«Бұл жобалардың Қызылорда облысы үшін стратегиялық маңызы зор. «Бейнеу – Сексеуіл», «Қызылорда – Сексеуіл» және «Сексеуіл – Ұлғайсын» бағыттарының іске асуы өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін жаңа деңгейге көтереді. Әсіресе жолдардың өткізу қабілетінің артуы жүк және жолаушылар тасымалының жылдамдығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жаңа жолдар халықаралық және республикалық бағыттағы жүк ағынын ұлғайтып, Сыр өңірінің транзиттік мүмкіндігін кеңейтеді. Сонымен бірге жол бойындағы сервистік нысандардың дамуына, шағын және орта кәсіпкерліктің өркендеуіне, жаңа жұмыс орындарының ашылуына серпін береді. Бұл жобалар Қызылорда облысының аудандары арасындағы көлік байланысын жақсартып қана қоймай, өңір экономикасының дамуына да елеулі үлес қосады», – дейді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Қызылорда филиалы директорының орынбасары Әли Есентай.
Осы орайда үш жобаның Қызылорда облысы үшін маңызына тоқталсақ, бірінші кезекте жаңа және жаңғыртылатын жолдар өңірдің бірнеше ауданын қамтып, облыстың көлік байланысын жаңа деңгейге көтереді деп топшыланып отыр.
Соның алғашқысы – «Бейнеу – Сексеуіл» автомобиль жолының ауқымы кең. Жалпы ұзындығы 800 шақырым болатын күрежолдың Қызылорда облысының аумағындағы бөлігінің құрылысы қызу қарқын алды. Екі жолақты, II техникалық санаттағы автомобиль жолының құны 195 млрд теңгені құрайды. Жоба аясында облыс аумағында 32 қиылыс, 17 кірме жол, 5 демалыс алаңы, 14 аялдама және 30 су өткізу құбырын салу жоспарланған.
Сонымен қатар «Қызылорда – Ақтөбе» бағытына бастайтын «Қызылорда – Сексеуіл» автомобиль жолын қайта жаңғырту жұмыстары да қолға алынды. Құны 832,8 млрд теңге болатын негізгі жолдың ұзындығы 462 шақырымды құрайды. Жол төрт жолақты, I-б техникалық санатқа сәйкестендірілген.
Жоспарға сәйкес, бұл жоба облысқа қарасты Сырдария, Жалағаш, Қармақшы, Қазалы және Арал аудандарының аумағын қамтиды. Соның аясында облыс аумағында 9 жол айырығы мен 14 көпір салу, сондай-ақ жол бойында сервистік аймақтар орналастыру қарастырылған.
Сол сияқты «Сексеуіл – Ұлғайсын» автомобиль жолы құрылысының да өзіндік мәні зор. Оның жалпы ұзындығы 312 шақырымды құрайды. Мұнда да төрт жолақты I-б техникалық санаттағы автомобиль жолы салынады деп жоспарланған.
Осы үш бағыттың өзара байланысуы Сыр өңірінің республикалық және халықаралық көлік жүйесіндегі маңызын арттырады деп күтілуде.
Негізінен, «Бейнеу – Сексеуіл», «Қызылорда – Сексеуіл» және «Сексеуіл – Ұлғайсын» жобаларының жүзеге асуы Қазақстанның көлік картасына елеулі өзгеріс енгізетін бірегей жоба ретінде жоғары маңызға ие. Оның ішінде Сыр өңірі үшін бұл жобалардың мәні жоғары. Себебі жаңа жол қатынас құралы ретінде ғана емес, жүк ағынын, инвестицияны, туризмді, кәсіпкерлікті және жаңа экономикалық мүмкіндіктерді арттыруға ықпалы етері белгілі.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!