Қазақстанда үй жануарларын асырайтын азаматтарға қойылатын талаптар күшейтіледі. Егер адам жануарынан бас тартуды шешсе, оны жай ғана көшеге тастап кете алмайды. Үй жануарын панажайға, уақытша ұстау пунктіне тапсыруы немесе оған жаңа иесін табуы керек. Алайда жануарлар құқығын қорғаушылар қазірдің өзінде панажайларда орын тапшы екенін айтып отыр. Жаңа талап іс жүзінде қалай орындалады? BAQ.KZ бұл мәселені адвокат және астаналық жануарлар қорғаушысымен бірге талқылады.

Жаңа ережелер 24 тамыздан бастап күшіне енеді. Тиісті өзгерістер ҚР Экология және табиғи ресурстар министрінің міндетін атқарушының 2026 жылғы 6 тамыздағы №155 бұйрығымен енгізілді. Құжатқа сәйкес, иесі бас тартқан үй жануарының кейінгі тағдырына жауапкершілік сол адамның өзіне жүктеледі.

Жануарды панажайдың алдына тастап кетуге болмайды

Астана қаласы адвокаттар алқасының адвокаты Айдар Советбеков үй жануарын басқа адамға немесе ұйымға беру тиісті тәртіппен рәсімделуі қажет екенін атап өтті.

Міндетті есепке алынатын үй жануарларының иесі ауысқан жағдайда, жануар тиісті дерекқорда қайта тіркелуі керек. Бұл талап заңнамада көзделген.

Сондықтан адвокаттың айтуынша, жануардың қарғыбауын басқа адамға ұстата салу жеткіліксіз.

Заң тұрғысынан иесі жануар үшін жауапкершіліктен оны бірыңғай дерекқорда жаңа иесінің атына қайта тіркеген сәттен бастап қана босатылады. Жануар базада сіздің атыңызда тұрған кезде заң бойынша ол сізге тиесілі және оның әрекеті мен тағдырына сіз жауап бересіз, – деді Айдар Советбеков.

Үй жануарын панажайға әкеліп, есік алдына байлап кету де оны заңды түрде тапсырған болып саналмайды.

Егер адам итін панажайдың қоршауына байлап, кетіп қалса, бұл жануарды тапсырды деген сөз емес. Ол жануарын тастап кетті. Оның үстіне жануарды суықта немесе ыстықта, тамақсыз және сусыз байлап қалдыру жануарға қатыгездік жасау ретінде қосымша саралануы мүмкін. Өйткені ол өміріне анық қауіп төнетін жағдайда қалдырылып отыр, – деді адвокат.

Тастап кеткен жануардың бұрынғы иесін табуға бола ма?

Советбековтің айтуынша, қазіргі кезде жануардың бұрынғы иесін анықтауға чип, ветеринариялық паспорт, бейнебақылау камераларындағы жазбалар, куәгерлердің сөзі, тіпті әлеуметтік желілерде жарияланған фотосуреттер де көмектесе алады.

Ал жануар ресми тіркеліп, чиптелген болса, иесін анықтау әлдеқайда оңай.

Адвокат үй жануарын қараусыз қалдырғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылуы мүмкін екенін атап өтті. Егер иесінің әрекеті жануардың мертігуіне немесе өліміне әкелсе, іс жануарға қатыгездік көрсету ретінде қаралуы ықтимал. Мұндай жағдайда 5-тен 20 АЕК-ке дейін айыппұл салынуы немесе ҚР Қылмыстық кодексінің 316-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік мәселесі туындауы мүмкін. 

Сонымен қатар қолданыстағы заңнама панажайларға жануарды ұстауға және қажет болған жағдайда ветеринариялық көмек көрсетуге жұмсалған шығындарды оның иесінен өндіріп алуға мүмкіндік береді.

Егер адам жануарын тастап кеткенімен, дерекқорда әлі де оның иесі болып тұрса, панажай нақты жұмсалған шығындарды өндіріп алу үшін азаматтық талап қоюға толық құқылы, – деді Айдар Советбеков.

«Панажайларда орын жоқ»

Алайда іс жүзінде тағы бір мәселе туындайды: панажайлар қазірдің өзінде толып тұрса, жануарды қайда апару керек?

Елордадағы «Успеть Спасти» панажайының өкілі Ирина Буркованың айтуынша, үй жануарынан бас тартқысы келетіндер қазір де аз емес.

Панажайларда орын жоқ. Өкінішке қарай, олардың мүмкіндігі шексіз емес. Ал жануарынан бас тартқысы келетін адамдар әлдеқайда көп, – деді ол.

Оның айтуынша, мұндай өтініштердің саны айтарлықтай өзгермеген – бұрын да көп болған.

Жануарлар қорғаушысының пікірінше, мәселе тек панажайлардағы орын тапшылығында емес, адамдардың үй жануарын асырап алу туралы шешімге жауапсыз қарауында.

Адамдар бұған жауапсыз қарайды да, кейін жануардан өте оңай бас тартады, – дейді Ирина Буркова.

Панажайлар қосымша жүктемеге дайын ба?

Буркованың бағалауынша, дайын емес.

Оның сөзінше, жануарларға көрсетілетін көмектің басым бөлігін жеке панажайлар мен еріктілер атқарады. Ал олардың мүмкіндігі шектеулі.

Бізде негізінен жеке панажайлар жұмыс істейді. Олар мемлекеттен ешқандай субсидия алмайды. Тіпті ресми тіркелген күннің өзінде жанашыр азаматтардың қаражатына күн көреді. Көп жағдайда бұл ақша мүлде жеткіліксіз, – деді ол.

Жануарлар саны көбейген сайын инфекцияның таралу қаупі де артады. Буркованың айтуынша, әсіресе мысықтарды ұстау қиын. Бір жерде көп жануардың шоғырлануы ауру тарату қаупін арттырады, ал оларды емдеу үшін қосымша қаражат пен тұрақты күтім қажет.

Бір жануарды ұстау қанша тұрады?

Тағы бір мәселе – қаржы.

Буркованың есебінше, бір мысықтың тек тамағы мен дәретіне арналған толтырғышына айына шамамен 15 мың теңге кетеді. Ал жануар панажайға жаңадан түскен болса, оған вакцина салдыру, паразиттерге қарсы өңдеу, стерилизация және қажет жағдайда емдеу шығындары қосылады.

Алғашқы айда бір жануарға шамамен 50 мың теңге жұмсалады. Кейінгі айларда бір мысықты ұстауға орта есеппен 15-20 мың теңге кетеді. Әрине, кімнің қандай азық беретініне байланысты, – деді ол.

Оның айтуынша, бүгінде бұл шығындардың басым бөлігін еріктілер мен жанашыр азаматтар өздері өтейді.

Жануарға жаңа иесін қанша уақытта табуға болатынын да алдын ала болжау мүмкін емес. Кейбіріне бірнеше сағат ішінде жаңа үй табылса, енді бірі панажайда бірнеше ай немесе жылдап қалуы мүмкін. Тіпті өмірінің соңына дейін сонда қалатындары да бар. Волонтерлердің байқауынша, денсаулығында ақауы немесе мүгедектігі бар жануарларға жаңа иесін табу әсіресе қиын.

Панажайда орын болмаса не істеу керек?

Ирина Буркованың айтуынша, орын болмаған жағдайда мәселенің жалғыз шешімі панажай емес.

Оның сөзінше, еріктілерден кеңес алғаннан кейін кей адамдар табылған жануарды уақытша өз үйінде қалдырып, оған жаңа иесін өздері іздеуге келіседі.

Ол адамның үй жануарын бұдан әрі асырай алмайтынын немесе асырағысы келмейтінін шешкен сәтте оның жауапкершілігі тоқтап қалмауы керек екенін атап өтті.

Заң бірнеше жолды қарастырады: жануарды панажайға, уақытша ұстау пунктіне тапсыру немесе оны қажетті жағдаймен қамтамасыз ете алатын адамға не ұйымға беру.

Уақытша ұстау пункттеріне қатысты бөлек талап та енгізілген. Егер иесі жануарын мұндай пунктке тапсырса, оның кейінгі тағдыры шешілгенге дейін жануарды ұстауға қажетті шығынды өзі өтеуге міндетті болады.

Жануардан бас тарту басқа адамның оған меншік құқығын алғанына, жануардың панажайға берілгеніне немесе уақытша ұстау пунктіне тапсырылған кезде оның құқықтық тағдыры айқындалғанына дейін үй жануары иесінің немесе жауапты тұлғаның міндеттерін тоқтатпайды, – делінген Экология және табиғи ресурстар министрінің міндетін атқарушының бұйрығында.

Панажай санын көбейту мәселені шеше ме?

Ирина Буркова мәселені тек жаңа панажайлар салу арқылы шешуге болады деген пікірмен келіспейді. Оның ойынша, бірінші кезекте жануар иелерінің жауапкершілігін арттыру қажет.

Ол қажетті шаралардың қатарына үй жануарларын міндетті тіркеу және чиптеу, стерилизация, оларды ұстау жағдайын бақылау және талаптарды бұзғандарға жауапкершілік белгілеуді жатқызады.

Панажай – мәселенің шешімі емес. Бір жерде жануар көп болса, түрлі вирус тарайды. Оның үстіне панажайдың болуы адамдардың жануарларын сонда өткізе салуына жол ашады. Көп адам панажайда не болып жатқанын, жануарларды ұстаудың қаншалықты қиын екенін тіпті ойламайды, – деді жануарлар қорғаушысы.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!