Фото: Fredrik Sandberg/TT/picture alliance
Жұма, 21 тамызда Фагерста қаласындағы (лен Вестманланд, Швецияның орталығы) Brinellskolan орта мектебінде қарулы шабуыл болды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Еуропалық Одақтағы меншікті тілшісі.
Швеция полициясының мәліметінше, жергілікті уақыт бойынша сағат 14:06 шамасында мектептің 18 жастағы бұрынғы оқушысы «мачете» семсерімен қаруланып ғимаратқа кірген.
Содан кейін ол оқушыларға шабуыл жасай бастады. Оқиға салдарынан бір адам қаза тапты.
12 мен 17 жас аралығындағы кәмелетке толмаған үш баланың екеуі ауыр, біреуі жеңіл жарақат алды.
Үшіншісі медициналық көмек алғаннан кейін үйіне жіберілді.
Полиция оқиға орнына бірнеше минут ішінде жетті.
Сағат 14:16–да құқық қорғау органдарының қызметкерлері қару қолданып, күдіктіні аяғынан жарақаттап, ұстады.
Оқиға орнында басқа шабуылдаушылар анықталған жоқ. Шабуылдаушы қара киім, дулыға және бетін бүркеген маска кигені хабарланды.
Оқиға алдында шабуылдаушының әлеуметтік желідегі аккаунтында семсердің суреті және жазба пайда болды. 18 жастағы жасөспірім бұрын мектепте зорлық-зомбылық жасағаны үшін сотталған. Қылмыстың себебі әлі анықталған жоқ.
Швеция премьер-министрі Ульф Кристерссон мен король Карл XVI Густав оқиғадан зардап шеккендердің отбасыларына көңіл айтты.
Елдің әділет министрі оқиғаның бүкіл жергілікті қауымдастыққа ауыр әсер еткенін атап өтті.
Brinellskolan — 16-20 жас аралығындағы шамамен 450-470 оқушысы бар орта мектеп (гимназия). Оқу жылы бірнеше күн бұрын басталды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!