Қазақстан құрамасының шабуылшысы Дастан Сәтпаев жақында “Челсиден” жалға алу негізінде “Бернли” клубына ауысқан еді. Ол жаңа клубтағы алғашқы сұхбатын беріп, ауысуы мен алдағы жоспарлары туралы айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазақстандық футболшы жаңа командаға бейімделуі, бас бапкер Ники Хайенмен жұмысы, Чемпионшиптегі ойындар туралы айтып берді. Сонымен қатар Қазақстандағы жанкүйерлеріне де алғыс айтты.
Оның жаңа клубтағы алғашқы күндері өте жақсы өткен. Команда ойыншылары футболшыны жылы қабылдап, үнемі көмек ұсынған.
“Олар үнемі бірдеңе керек пе деп сұрайды. Мен мұнда жүргеніме және осы клубтың бір бөлігі болғаныма өте қуаныштымын”, – деді ол.
Сатпаев өзімен шамалас уақытта “Бернлиге” ауысқан жас футболшылардың да көп көмектесіп жүргенін айтты.
“Жігіттермен үнемі сөйлесіп, бір-бірімізге көмектесеміз. Егер оларға бірдеңе қажет болса, көмектесемін. Олар да маған дәл солай жауап береді. Бір нәрсені дұрыс істемей жатсам, жігіттер қай тұсымды жақсарту керегін айтып, бағыт беріп отырады”, – деді қазақстандық футболшы.
Сонымен қатар ол команданың бас бапкері Ники Хайен туралы да жақсы пікір білдірді. Ол бапкермен арада түсіністік қалыптасқанын айтты.
“Бапкер өте жақсы… Ол ауысқаныма өзі де қуанатынын айтты. Бапкердің осындай сөздер айтуы өте маңызды. Енді маған осы қарқыннан таймай, әрі қарай даму керек”, – деді ағылшын клубының жаңа ойыншысы.
Сәтпаев «Бернлиге» ауысуын мансабындағы өте жақсы қадам деп санайды. Оның пікірінше, Чемпионшипте ойнау ағылшын футболына бейімделуіне көмектеседі.
“Мұны өте жақсы әрі дұрыс шешім деп санаймын. Қазір маған бар күшімді салып, алға жылжып, аянбай еңбек ету керек”, – деді ол.
Өзінің рекордтары туралы сөз қозғаған футболшы бұдан да жоғары нәтижелерге қол жеткізе алатынын айтты.
“Мүмкіндігім мұнымен шектелмейді деп ойлаймын, бұдан да жақсы ойнай аламын. Енді тек жұмысымды жалғастыруым керек. Мүмкін, алдағы уақытта тағы бірнеше рекорд орнатармын”, – деді қазақстандық футболшы.
23 тамыз күні «Бернли» «Вест Бромвич Альбионға» қарсы матч өткізеді. Бұл кездесуде Сатпаев жаңа команда сапында алғашқы ойынына шығуы мүмкін.
“Бұл сәтті асыға күтіп жүрмін. Меніңше, ойынның өзі – ең жақсы дайындық. Барлық футболшы осы матчта алаңға шығуды апта бойы күтті. Бәрі жақсы болады деп ойлаймын”, – деді ол.
Сатпаев «Бернли» жанкүйерлеріне қолдау көрсеткені үшін алғыс айтып, команда жеңісі үшін бар күшін салуға уәде берді. Сонымен қатар ол Қазақстандағы жанкүйерлеріне ризашылығын білдіріп, Еуропа футболында елінің намысын абыроймен қорғайтынын жеткізді.
“Осындай керемет қолдау көрсеткендеріңізге рақмет! «Челсиде» маусым алдындағы дайындық кезінде жүргенімде де, жанкүйерлер әр ойында және әр жазбаның астында мені қолдады. Осындай керемет адамдардың барына өте қуаныштымын. Оларды жақсы көремін, өйткені бұл – менің елім. Солар үшін Еуропа футболында Қазақстанның да жарқырай алатынын дәлелдеймін”, – деп сөзін қорытындылады футболшы.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!