Ақтауда түс мезгілінде 13-шағын аудандағы көпқабатты тұрғын үйдің терезесінен 16 жастағы жасөспірім құлап, көз жұмды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Көпқабатты тұрғын үй терезесінен құлаған қыз жайлы қоғам белсендісі Жанна Ким Facebook-тегі парақшасында жазды.Айтуынша, бойжеткеннің есімі Жангүл. Оның бұлайша өлуге асығуы бірінші рет емес көрінеді. Бұған дейін де бойжеткен өмірмен қоштаспақ болған. 

«Естеріңізде болса, 1 маусым күні 2 жасында жетім қалып, кейін әжесінің қолында өскен қыздың тағдыры жайлы жазғанмын. Сол бойжеткенді екі ағасы 7 жасынан бастап 9 жыл тоқтаусыз зорлап келген. Ақырында шыдамаған ол көктамырын кесіп, өлмек болды», – деп бастайды жазбасын қоғам белсендісі.

Сол жағдайдан кейін дәрігерлер қызды психикасы нашарлаған науқастарды емдейтін ауруханаға жатқызады. Кейін полиция істі бақылауына алып, күдіктілерді қамауға алыпты. Бірақ сот тамыз айында оларды босатып жіберген. Ал бойжеткенді балалар үйіне өткізеді.

«Мен сол қызға асыраушы іздедім. Енді тапқан кезімде суық хабар жетіп отыр. Бойжеткен құлап өлді. Мектептен шыққаннан кейін осындай қадамға барыпты. Жүрегім қан жылауда. Әлгі зорлықшыл ағалары өз жазасын алса дұрыс болар еді», – дейді Жанна. 

Lada.kz басылымының жазуынша, өңірлік ПД 2006 жылғы кәмелетке толмаған қыз баланың арызы бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде тіркелген зорлау фактісі бойынша толық және объективті тергеу жүргізілгенін мәлімдеген.

«Тергеу барысында кәмелетке толмаған қыздың уәждері толық тексеріліп, қажетті тергеу әрекеттері мен сот-медициналық сараптамалар (сот-медициналық, психологиялық және психиатриялық) жүргізілді. Солардың нәтижесінде зорлау фактісі расталмады. Іс бойынша прокуратурамен келісілген қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтату туралы қаулы шығарылды. Осыған ұқсас қылмыстар бойынша әрбір дерек толық тексеріліп, қажетті тергеу әрекеттері мен тиісті сараптамалар кешені жүргізіледі», – делінген ПД хабарламасында.