KAZINFORM – Таяу Шығыстағы шиеленіске байланысты 400 кемедегі 6 мыңға жуық теңізші Парсы шығанағынан шыға алмай отыр, деп хабарлайды Qatar News Agency.
Бұл туралы БҰҰ жанындағы Халықаралық теңіз ұйымының (IMO) бас хатшысы Арсенио Домингес мәлімдеді.
– Аймақтағы мыңдаған теңізші әлі де жоғары қауіп пен белгісіздік жағдайында өмір сүріп, жұмыс істеп жатыр. Кейбір кемелер мен олардың экипаждары Парсы шығанағынан шыға алғанымен, қақтығыс басталғалы бортында 6 мыңға жуық теңізшісі бар 400-ге жуық кеме шығанақтан қауіпсіз шыға алмай отыр, – деді Домингес.
Халықаралық теңіз ұйымының мәліметінше, қақтығыс басталғалы халықаралық кеме қатынасына кемінде 70 шабуыл жасалып, 19 теңізші қаза тапқан. Домингес Ормуз бұғазы арқылы еркін кеме қатынасын қалпына келтіру үшін практикалық шешім табуға шақырды.
Ол қақтығыс салдарынан жанармай, тыңайтқыш және басқа да тауарларды жеткізу тізбегінде әлі де іркіліс бар екенін атап өтті. Бұл әлем елдерінің экономикасына әсер етіп отыр.
Тегеран АҚШ шілде айында Иранға шабуыл жасап, 2026 жылғы маусымда қол қойылған қақтығысты тоқтату туралы меморандумның енді күшінде емес екенін мәлімдегеннен кейін Ормуз бұғазын кеме қатынасы үшін жапты.
Иран Ормуз бұғазын қайта ашудың шарты ретінде Вашингтонның меморандум талаптарын орындауға қайта оралуын талап етіп отыр. Ал АҚШ бұғаз кеме қатынасы үшін ашық деп есептейді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
