Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов «Meta» компаниясының өкілдерімен кездесті. Бұл туралы ол өзінің Telegram арнасында жазды деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Бұл компанияның құрамына Facebook, Instagram және What’s App мессенджері сияқты әлеуметтік желілер кіреді. Министр кездесу барысында осы әлеуметтік желілер кеңістігінде білім беру саласындағы ынтымақтастық және оны танымал ету мәселелерін талқылағанын жеткізді.

Біз үшін білім беру бағытындағы контентті, әсіресе оны қазақ тілінде насихаттау және балаларды қажетсіз, жағымсыз контенттен қорғау мәселелері маңызды. «Метаның» Орталық Азиядағы үкіметпен байланыс жөніндегі басқарушы директоры мен басқа да әріптестер бастамаларымызды қолдағанына қуаныштымын, – деп жазды Асхат Аймағамбетов.

Бұған қоса ведомство басшысы Facebook платформасында мұғалімдер белсенді түрде өз пікірлерін білдіріп, түрлі проблемаларды көтеріп, жаңалықтармен бөлісіп отыратынын айтты.

Сонымен қатар бүгінгі күні мұғалімдеріміз Instagram алаңын белсенді пайдаланып, оқушыларға белгілі бір пән туралы мәлімет беріп, сол арқылы балалардың оқуға деген қызығушылығын, ынтасын арттырып жүр. Ал біз ұстаздардың мұндай бастамаларын құп көріп, әрқашан қолдаймыз. Сонымен қатар педагогтеріміздің оқушыларды оқу-тәрбие үдерісіне заманауи тәсілдермен тартуға деген ұмтылысы мақтауға тұрарлық, – деді министр.

Оның айтуынша, Джордж Чен әріптестерімен бірге қазақстандық мұғалімдер мен ата-аналардың әлеуметтік желілердегі белсенділігін атап өтіп, мұғалімдерге арнайы тренингтер өткізуді ұсынған. Бұл тренингтер мұғалімдерді балаларды оқытуда түрлі цифрлық ресурстарды белсенді пайдалануға үйретуге бағытталады.

«Meta» өкілдерімен білім беру саласында ынтымақтасып, оны одан әрі дамытамыз деп ойлаймын», – деп түйіндеді Асхат Аймағамбетов.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!