Көрші елде болып жатқан соңғы жағдайларға байланысты көптеген пәтер жалдап тұрып келе жатқан қазақстандықтар далада қалды. Өйткені пәтер иелері жалға беру құнын бірнеше есеге қымбаттатып, төлей алмайтындардан үйді босатуды сұраған. Қоғамдағы бұл өзекті мәселе отандық танымалдарды да толғантпай қоймады. Жұлдыз Әбдікәрімова себепсізден себепсіз пәтер ақысын қымбаттатқан қазақстандықтарға назын айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

«Біз өзі кімге қонақжаймыз?! Кешелі бері әлжеліде сөмкелерімен далада қалған қазақтар. Туған жерінде тентіреп жүрген қазақты өзге елге барғанда құшақ жая қарсы алып, төрін ұсынар дейсіз бе?! Өз үйінде қадірленбеген қазақты қай ұлт құрметтесін?!

Біз намысын нанға сатпайтын ел емес пе ек?! Орыс келді деп, қазағыңды қуып, тапқан 5-10 теңгең қай жыртығыңды жамайды дерсің?! Түн ортасында үйді босат деп шығарып жіберген отбасының қаяу көңілі – тапқан табысыңызды тамағыңыздан қалай өткізбек?

Біз кім едік? Қазір кімге айналдық? Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады деген. Қымбатшылық таялғанда етектен алған бөрі болмай, өз қазағыңа қамқорлық көрсететін АДАМға айналайық.

Мен қорқамын… сырттан төнетін қауіп үшін емес, өзімізден. Себебі ішкі бірлік болмағанда еш күш салмай-ақ бағындырып алуға болады.

#қазаққазаққақамқорбол деген хештегпен таратайық, ең мейірімді, квартирадан қумаған, бағасын көтермеген жалға берушілердің оқиғасын жазайық. Бұл ойым қалай?» – деп жазба қалдырды Жұлдыз. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!