Аталған сауал әрбір ата-ананың көңіліне алаң ұялатары анық. Ал әлеуметтік желі мен БАҚ-тан мектеп оқушыларының буллинг құрбаны болғанын естіген сәтте күдік ұлғайып, баласының мінез-құлқы мен жүріс-тұрысына назар аудара түсетіні жасырын емес. Себебі әлімжеттік құрбаны болған балалардың басым дені ішкі күйзелісті сыртқа шығара бермейді, оқиғамен бөлісуді құптамайды. Демек, мәселенің мәнін ұғу ата-ана мен ұстаз жауапкершілігінде болмақ.

Әңгімені алдымен буллингті жасайтын, яғни агрессор балалардан бастайық. Білеміз, әр сыныпта ашушаң, мінезі шарт оқушылар болады. Олар бірде қатарластарын кемсітіп, мұқатса, енді бірде күш қолдану арқылы психологиялық қысым көрсетуге үйір. Көбіне мұндай келеңсіздікке бастауыш немесе орта сынып оқушылары жиі тап болатынын да байқауға болады.

Бұл орайда психологтар буллинг ұмырау, агрессорлық әрекет үш түрлі баланың бойына тән деген қорытындыға келген. Алғашқысы – бұзақылар. Олар жетекші болуға ұмтылып, түрлі себеппен қатарластарына тиісеуге ұмтылады.  Кейінгісі – бақылаушылар. Мұндай санаттағы оқушы жанжалдан алыс болғанымен, буллингті қолдайды. Соңғысы – жәбірленуші.

Қызығы сол, «бұзақы» санатындағы балалардың көбі тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған оқушылар екен. Үйінде ата-анасы, туыстары баланы ұрса, ол мектепте қатарластарына күш көрсету арқылы ашуын шығаруға, әлін көрсетуге тырысады. Мұндай балаға міндетті түрде психологиялық көмек көрсетілуі шарт. Қазақы тәрбиеде бұзықтықты ер балаға тән мінез санайтын таптаурынның салдарынан көп ата-ана бұл жағдайға мән бермейтіні жалған емес. Алайда бір баланың зияны бірнеше оқушыға тиуі ықтимал. Тек жәбірленуші ғана емес бақылаушы балалар да психологиялық қысым сезінеді.

Оған қоса қоғамдағы тәрбиенің бөлігіне айналған «өзің тиіспе, тиіскенді аяма!» деген ұстаным да отқа май құйғандай қығаны белгілі. әзілдеген қатарластарына қатқыл жауап, жұдырық ала жүгіру – осы тәрбиенің салдарының бірі. Әзіл мен кемсітуді ажырата білмеген оқушы бұл әрекеті үшін ата-анандан ескертуін алмайтынын сезінеді. Содан болар, әрбір агрессиясына жауабы да дайын. Ата-анасы сұрай қалса «өзі тиістіге» басып, қателікті мойындаудан қашады. Сондықтан, балаға дұрыс тәрбиенің қандай екенін көрсету, күш қолдану соңғы шешім екенін түсіндіру маңызды секілді.

Жалпы, баланың буллингке ұшырағанын қалай білуге болады? Аталған сауалды кәсіби психологтан емес, тәжірибелі ұстаздан тыңдаған нанымдырақ шығаро анық.

– Зәбір көрген оқушына аңғару аңғару оңай. Алғашқыда оқушы сабаққа келгісі келмей, тұйықтала түседі. Бұл қалыпты құбылыс. Себебі қатарластары тарапынан кемсіту мен қорлауға ұшыраған оқушының ол ортаға барғысы жоқ. Сабаққа ынтасы қашып, орамен араласуы сирей түседі. Олай дейтінміз, ой және физикалық еркіндікті сезінбеген бала сабаққа назар аудара алмайды. Осының бәрін бақыласақ, қай оқушының қандай кемсітуге ұшырағанын анықтауға болады, – дейді ұстаз А.Жолшараева.

Өкініштісі сол, буллингтің зардабы тек психологиялық қысым емес, трагедияға да жалғасуы мүмкін. Мәселен, Денсаулық сақтау министрлігі мен мен ЮНИСЕФ-тің мәліметі бойынша Қазақстанда 2021 жылдың 9 айында балалар мен жасөспірімдер арасында 137 суицид тіркелген. Оқушылардың 63 пайызы – зорлық-зомбылық пен алалаудың куәгері, 44 пайызы – зорлық-зомбылық пен алалауға ұшыраған, ал  24 пайызы басқа балаларға зорлық-зомбылық көрсеткендер. Ай сайын 11-15 жастағы әр бесінші жасөспірім буллинг құрбаны не қатысушысы болады. Олардың басым көпшілігі – ер балалар.

 Егер буллингті ер балалар арасында ғана болатын жағдай десек, қателік саналары анық. Әлімшеттік, кемсіту жағдайы қыз балалар арасында да аз емес. Ұл балалар арасында көшбасшылыққа тартыс болса, қыздар арасында көреалмаушылық салдарынан орын алады. Киім кию, әшекей бұйымдар тағу, ер баланың назар бақталастықты қоздырып, кикілжіңге себеп болады. Одан бөлек, буллинг бойынша психолог көмегіне жүгінетіндердің көбі де қыз балалар екен. Жай-жапсарын аңғара келсе, оқушының шағымдануының төркіні отбасындағы жағдай, ата-ана мен қарым-қатынас келеңсіздігі болып шығатын көрінеді.

Алдын алу жолы – сақтықта

– Негізі оқушыларға құқық қорғауға қатысты қосымша сабақ өтсе деймін. Өйткені, әлімжеттікке ұшыраған бала не істерін білмей, абырап қалады. Бұл буллинг пе, әлде қарапайым бір реттік жағдай ма, бағамдай білмейді. Ал оқиғаны сараптай білсе, мұндай келеңсіздік азаяры анық, – дейді мектеп оқушысы Шырын Қамалбек.

Расында алдын алу жолы сақтық жарасы арқылы жүргізілмек. Мысалы, баламен күнделікті сөйлесу, жеке өмір, мектеп жағдайы арқылы хабар алу жағдайды дер кезінде түзеуге сеп болады. Сондай-ақ әңгіме барысында балаға сенетініңізді, буллинг құрбану болу оның кінәсі емесін түсіндіру аса маңызды. Мұндай қадамдар қателіктің жолын кеудің бірден-бір әдісі саналады.

Үкімет тарапынан да аталған мәселеге мән берілуде. Мысалы, Оқу-ағарту министрлігінің «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы ның бір тармағы да буллингке қарсы тұруға бағытталған. Бұл туралы министрдің өзі мәлімдеген еді:

«Бұл жоба жай мектеп салудан өзгеше жоба. Мәселен, елордада жаңаша бір мектеп салынып еді, барлық тұрғындары балаларын сол мектепке беруге ұмтылды. Өйткені, ол мектепте балаларға қолайлы жағдайлар жасалған. Онда робототехника, физика, химия мектебі де бар. Қандай заманауи құрылғылар керек – соның бәрімен жабдықталған. Осындай мектептерді саламыз. Онда бастауыш сыныптарға арналған жеке блок болады. Оның өзінің асханасы, дәретханасы, басқа да кабинеттері бөлек болады. Бұл жоба әлімжеттік мәселесін шешуге де негіз болады», – деді А.Аймағамбетов.

Берен  ШАҒЫРОВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!