«Румын елінен ақжолтай жаңалық жетіп, төбеміз көкке бір елі жетпей тұр.Мамаяда шахматтан өткен Әлем чемпионатында жас спортшымыз Алдияр Аңсат қола медаль иеленіп, ел абыройын асқақтатты. Осы қуанышты хабарды сіздерге жеткізіп, жерлесіміздің жеңісімен баршаңызды құттықтаймын. Әлемнің әр түкпірі қосқан ең мықты 760-қа жуық спортшының ішінен Қазақстан, оның ішінде Қызылорда өңірінің шахматшысы оза шапты.

Оның 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы сайыстан ІІІ орын иеленуі біз үшін алтынға бергісіз жетістік! Алдияр чемпионатта 11 ойын өткізді. Оның 8-і жеңіс, 2-еуі тең ойын. Айрықша айтуым керек, ол шахматтың отаны – Үндістан үкілеп қосқан шеберді шаң қаптырып кетті. Демек, Алдиярға тең келер қарсылас болмады деп батыл айта аламыз. Осылай жас шахматшымыз 8,5 ұпай жинап, Сыр елінің спорттық қоржынына тағы бір қола медаль қосты. Алдиярдың айтулы интелектуалдық ойынға қызығушылығы 4 жаста оянды. Алты жасында Тайландта өткен шахматтан әлем біріншілігінің жеңімпазы, 8 жасында Қазақстан Республикасының чемпионы болған. Сөйтіп 11 жасында «Фиде шебері», 13 жасында «Халықаралық дәрежедегі шебер» атағын иемденді. Ендігі Алдиярдың арманы – әлемдегі ең жас «гроссмейстер» атағына қол жеткізу. Айналайын Алдияр, сен Қазақ елінің, Сыр өңірінің бағына бұйырған жұлдыз бол! Бұл жолы төрткүл дүние төрелігі сенің озық ойыныңа куә болды. Жеңіс құтты болсын!», – деп жазды облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев фейсбук парақшасында.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!