Сурет: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

«Жыл соңында облыс әкімінің БАҚ өкілдеріне арналған «Жебе» арнайы сыйлығы табысталмақ. Өңірде үздік деп танылған материалдарға 7 номинация бойынша 1 млн теңге жүлде тағайындалады». БАҚ қызметкерлері күніне арналған мерекелік шарада облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев осылай деп мәлімдеді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, аймақ басшысы журналистерді кәсіби мерекемен құттықтап, билік пен бұқараның арасына алтын көпір болу миссиясын бұлжытпай орындап жүрген қаламгерлерге ізгі лебізін білдірді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Әділетті Қазақстанды құру үшін қоғамда құндылықтар жүйесін жаңғыртып, ұлттың жаңа сапасын қалыптастырудың мән-мағынасы зор. Бұл бағытта еңбекқорлық пен білімпаздықты, адал азаматқа тән қасиеттерді дәріптейтін масс-медиа өкілдері айрықша рөл атқарады» деп атап өткен болатын. Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы жақында ғана «Масс-медиа туралы» Заңға қол қойды. Бұл заңға «Журналистің ерекше мәртебесі» деген ұғым енгізілді», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Облыс әкімі еліміздегі ең байырғы басылымдардың бірі – «Сыр бойы» ұжымын газеттің жарыққа шыға бастағанына 95 жыл толуымен құттықтады. «Сыр бойы» өткен жылы «Үркер» ұлттық сыйлығын, «Ең үздік өңірлік басылым» номинациясын иеленді. Бүгінде ақпараттық сұраныс талғамының өзгергеніне қарамастан, «Сыр бойы» газеті 23 мыңға жуық тиражбен тарайды. Бұл – еліміздегі облыстық газеттер арасындағы ең озық көрсеткіш.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!