Отандастарымыздың бір айдағы орташа табысы – шамамен 133,3 мың теңгені, ал шығысы – 117,6 мың теңгені құрады. Осы жылдың І тоқсанында тұрғындардың негізгі табыс көзі еңбек қызметінен түскен кіріс болды. Орта есеппен бұл көрсеткіш 288,9 мың теңгені құрады. Сонымен қатар зейнетақы, жәрдемақы, материалдық көмек және басқа да әлеуметтік төлемдер берілген, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, бір адамға шаққандағы жалпы табыс тоқсан ішінде 399,8 мың теңгені, яғни айына 133,3 мың теңгені құрады.
Ал бір отандасымыздың орташа шығыны тоқсанына 352,9 мың теңге немесе айына 117,6 мың теңге болған.
Оның ішінде 318,2 мың теңге тұтынушылық шығындарға жұмсалған. Соның 171,5 мың теңгесі азық-түлікке кеткен.
Атап айтқанда:
- ет өнімдеріне – 54,4 мың теңге;
- жеміс-жидек пен жаңғаққа – 14,8 мың теңге;
- көкөніске – 12,2 мың теңге;
- нан өнімдері мен жармаларға – 24,2 мың теңге жұмсалған.
Азық-түлікке жатпайтын тауарларға бір тұрғын үш айда орта есеппен 70,3 мың теңге жұмсаған. Оның ішінде:
- киім мен аяқ киімге – 22,6 мың теңге;
- жиһаз бен тұрмыстық техникаға – 13,5 мың теңге;
- автокөлік пен жанар-жағармайға – 11,9 мың теңге;
- дәрі-дәрмек пен медициналық жабдықтарға – 4,9 мың теңге кеткен.
Ал ақылы қызметтерге тоқсанына орта есеппен 76,4 мың теңге жұмсалған.
Несие мен қарыздарды өтеуге бір адам үш айда орта есеппен 26,7 мың теңге бағыттаған. Бұл көрсеткіш ең жоғары өңірлер:
- Ұлытау облысы – 75,9 мың теңге;
- Қарағанды облысы – 62 мың теңге;
- Астана қаласы – 51,4 мың теңге.
Ал несие төлеуге ең аз қаржы жұмсалған өңірлер:
- Шымкент қаласы – 7,7 мың теңге;
- Абай облысы – 11,5 мың теңге;
- Түркістан облысы – 15 мың теңге.
Бұдан бөлек, ел тұрғындары тоқсан сайын туыстары мен таныстарына материалдық көмек ретінде орта есеппен 7,1 мың теңге жұмсаса, салықтар, түрлі төлемдер және өзге де міндетті төлемдерге 888 теңге бағыттаған.
Айта кетейік, Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов 2027 жылдан бастап азаматтардың табысы олардың шығыстарына қаншалықты сәйкес келетіні тексерілетінін мәлімдеді. Әңгіме түрлі мемлекеттік базалардың мәліметтерін біріктіретін жүйе туралы болып отыр.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!