Фото: Pexels
Қазақстанда мүлікті сатқанда түсетін табысқа салық салудың жаңа тәртібі күшіне енді. Енді салық сатылған мүліктің толық құнынан емес, тек нақты алынған пайдадан есептеледі, – деп хабарлайды KAZINFORM. Бұл туралы Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті мәлшім етті.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап елімізде жаңа Салық кодексі қолданысқа енгізілді. Жаңа нормалардың мақсаты – салық салу жүйесін әділ әрі ашық ету.
Енді салық тек нақты табысқа салынады
Жаңа тәртіпке сәйкес, салық пәтердің немесе өзге де мүліктің сатылған жалпы құнынан емес, сатып алу және сату бағасының айырмасынан есептеледі.
Мысалы, пәтерді 20 млн теңгеге сатып алып, 25 млн теңгеге сатсаңыз, салық тек 5 млн теңге көлеміндегі табысқа ғана есептеледі.
Жылжымайтын мүлікке қатысты өзгерістер
Бұл ереже пәтер, жеке үй, саяжай, гараж және автотұрақ сияқты жылжымайтын мүлікке қолданылады.
Мүлікті иелену мерзімі салық төлеуде негізгі рөл атқарады.
Егер жылжымайтын мүлік 2026 жылғы 1 қаңтардан кейін сатып алынған болса, оны сатқан кезде салықтан босатылу үшін меншік иесі мүлікті кемінде екі жыл иеленуі тиіс.
Ал 2026 жылға дейін сатып алынған жылжымайтын мүлікке бұрынғы тәртіп сақталады: егер меншік иесі оны бір жылдан астам уақыт иеленсе, салық төлемейді.
Салық мөлшерлемесі қалай есептеледі?
2026 жылдан бастап өсімнен алынатын табысқа прогрессивті мөлшерлеме енгізілді.
- Негізгі мөлшерлеме – 10 пайыз.
- Егер сатудан түскен пайда 8 500 айлық есептік көрсеткіштен (шамамен 36,7 млн теңге) асса, осы шектен асқан бөлігіне 15 пайыздық мөлшерлеме қолданылады.
Маңыздысы – 15 пайыздық салық бүкіл табысқа емес, тек белгіленген шектен асқан сомаға ғана есептеледі.
Мысалы, пәтерді 30 млн теңгеге сатып алып, 35 млн теңгеге сатсаңыз, 5 млн теңге табыс тапқан болып есептелесіз. Бұл жағдайда төленетін салық – 500 мың теңге (5 млн теңгенің 10 пайызы).
Көлік сатудағы тәртіп
Автокөлік пен басқа да жылжымалы мүлікке өзге талаптар қолданылады.
Егер көлік тіркелген күннен бастап бір жылға жетпей сатылса, сатып алу және сату бағасының айырмасынан 10 пайыз салық төленеді.
Ал көлікке бір жылдан астам иелік еткен жағдайда салық салынбайды.
Декларация тапсыру міндетті
Мүлік сатқан азаматтар 270.00 нысаны бойынша салық декларациясын сатудан кейінгі жылдың 15 қыркүйегіне дейін тапсыруы қажет.
Мысалы, егер мүлік 2026 жылы сатылса, декларацияны 2027 жылдың 15 қыркүйегіне дейін өткізу керек.
Шетел азаматтарына арналған талап
Шетел азаматтары үшін бөлек тәртіп қарастырылған. Олар мүлікті қанша уақыт иеленгеніне қарамастан, сатудан түскен табысқа 15 пайыз мөлшерінде салық төлейді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!