Оқу-ағарту министрлігі «Өзін-өзі тану» сабағын алып тастау туралы бұйрықтың жобасын жариялады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Ашық НҚА» сайтында министрдің «Өзін-өзі тану» адамгершілік-рухани білім беру бағдарламасын бекіту туралы» 2018 жылғы 29 қыркүйектегі 522 бұйрығының күші жоюды көздейтін құжаттың жобасы талқылауға шығарылды.

Қоғамдық талқылаудың мерзімі 5 қазанға дейін белгіленген. Халық қолдаса, сабақты алып тастайды. Талқылаудан кейін бұйрыққа қол қойылады. Осы құжат алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Еске салсақ, «Өзін-өзі тану» мектептердегі міндетті пән тізімінен шығарылған еді. Ведомствоға пәнді мектеп бағдарламасынан шығару туралы ұсыныстар келіп түскенін министрлік хабарлаған болатын.

Айта кетсек, “Өзін-өзі тану” бағдарламасының авторы – Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың әйелі Сара Назарбаева. Пән алғаш рет 2001 жылдан бастап сынақ жоба ретінде Қазақстанның мектептеріне енгізіле бастады. 2010 жылдың басында «Өзін-өзі тану» пәні 10500 білім беру мекемесінің 184-інде оқытылды. Ал 2010-2011 оқу жылынан бастап «Өзін-өзі тану» міндетті пән ретінде енгізілді.