Қала күніне орай биыл Ақмешітте аспаздар сынға түседі. Жылдағы мерекелік шаралардың ауқымы кеңейіп, тұрғындар думанды жиындарың жаңа легін тамашалайды. Биылғы ерекшелік – «Сырдың қырық қазан палауы» сайысы. Өңірде тұңғыш рет ұйымдастырылатын шараның негізгі жүгін «Абай Дәулет» компания көтермек. Аспаздар сайысының ұйымдастырушысы Сәния Абайдың айтуынша, байқауға қатысуға ниет білдірушілердің қатары қалың екен.

– Қызылорданың туған күнінде «Сыр ана» монументінде палау пісіру сайысын қолға алдық. Негізгі мақсат – шаһардағы аспазшылардың басын қосып, шеберліктерін шыңдау. Сонымен қатар қала күніне орай тұрғындарға дәм сыйлау. Жалпы палау төрт-түлік малы етінен жасалады . Оның он қазаны түйе етінен , он қазаны жылқы етінен , он қазаны сиыр еті, қалған он қазаны қой етінен пісіріледі. «Абай Дәулет» компаниясының ұсынысын аймақ басшысы қолдау көрсетіп, сайыстың өтуіне ықпал жасады. Қыркүйектің 6 мен 9 аралығында тіркеу жұмыстарын жүргіздік. Бүгінде 1300 адам қатысуға ниет білдірді. Бірақ барлығын бірдей қатыстыру мүмкін емес. Сондықтан іріктеу жұмысын жүргізуді қолға алдық. Белгілі талаптар қойылды. Қазір 300 үміткер алғашқы іріктеуден өтті. Яғни санитарлық кітапшасы, тәжірибесі секілді қағидаларды қарап, іріктедік. Енді 300 қатысушының арасында сауалнама жүргіземіз. Сауалнама 10 сұрақты қамтиды. 1 сұрақ – 10 ұпайды құрайды. 100 ұпай еншілегендер сайысқа жіберіледі. Финалдық бәсекеге қатысатын аспаздардың барлығының еңбегі ескеріледі. Яғни әр қатысушыға 10 мың теңге төленеді. Сондай-ақ халықтың көңілінен шыққан үш аспазшыға орындар тағайындалады. Бірінші орынға – 150 мың теңге , екінші орынға – 100 мың теңге , үшінші орынға – 50 мың теңге . Сонымен қатар палау Сыр өңірінің күріштерінен жасалады. «Лидер», «Янтарь», «Маржан», «Әйгерім», «Сыр сұлуы» секілді сорттары пайдаланылмақ. Палау істеушілерге қажетті затының барлығын ұйымдастырушылар қамтамасыз етеді.

Сайысқа қатысушы үміткердің бірі – Сәбит Әлімбай. Ол өзбектің ұлттық тағамын 5 жылдан бері әзірлеп жүр. Сәбиттің сайысқа қатысудағы мақсаты – аспаз әлеміндегі тәжірибесін жетілдіру.

– Палаушылар сайысын осыған дейін өзге өңірлерден еститінбіз. Өңірде алғаш рет ұйымдастырылып жатқаннан кейін, қызығушылық танытып, қатсыуға ниет білдірдім. 5 жылдан бері палау пісірумен айналысып келемін. Кәсіби аспазшы болмасам да, той-жиындарда пісіремін. Жалпы палаудың сәтті шығуы өнімге де байланысты. Көбіне янтарь күрішін пайдаланымын. Янтарь сорты Ташкент палауын әзірлеуге ең қолайлысы. Сайыста ұздік үштікке енбесем өкінбеймін. Өзіме ең маңыздысы қала күні мерекесінде тұрғындарға дәмді палау ұсынғым келеді. 

Мерекелік сайыстың финалдық бәсекесі 17 қыркүйекте жоспарланған. Қала тұрғындары «Сыр ана» монументіне келіп, аспазшылардың дайындаған палауынан дәм татып, қазылар алқасына өз ойын айтуға болады. Сондықтан мерекелік думаннан қалыс қалмауға шақырамыз!

Ерасыл ШӘРІБЕК

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!