Ресеймен шекарадағы кезекке байланысты қазақстандықтар төрт күннен бері елге кіре алмай жүр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Мәселен, Астраханьның Атырау облысымен шектесетін Қараөзек өткізу пунктінде ұзын-сонар кезек пайда болған. Соның салдарынан үйлеріне жете алмаған отандастарымыздың ішер ас-суы да таусылған екен. Ал тамақты қаладан тапсырыспен алдыру өте қымбатқа шығады дейді.

“Біз келген кезде кезек 8 шақырымға жеткен болатын. Бүгін осында тұрғаныма төртінші күн болды. Қазір жалпы кезектің ұзындығы 30 шақырымнан асты. Мұнда әжетхана да, тамақ сатып алатын дүкен де жоқ. Көбінің азығы таусыла бастады. Кезекте тұрғандар бір-біріне тамақ пен дәрі-дәрмек беріп көмектесіп жатыр. Шекарада ресейліктер көп, Қазақстан азаматтары өте аз”, – дейді Ақтау қаласының тұрғыны Кристина. 

Кристинаның айтуынша, алғашында шекарадан велосипедпен, самокатпен өткендер болған. Қазір кезекте тек көлік тұр, бақылау-өткізу пүнктінде жаяу өтуге мүмкіндік жоқ дейді ол. Ал таксистер осы жағдайды пайдаланып бір орынға 50 мың теңгенің шамасында ақы алып жатқанын айтады.

Сонымен қатар, таксистер өткізу пунктінен еркін кіріп-шыққандықтан кезек жылжымай жатыр деп отыр. Ал бұл жағдайға қатысты еліміздің құзырлы органдары мардымды жауап қатпады. Тек бұл кезек еліміздің шекарасында емес, Ресей жақтан болғандықтан оны реттеуге араласа алмаймыз деген ақпарат берді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!