TikTok-тағы қауіпті экспериментті қайталаған оқушылардың ата-анасына 15 мың теңге айыппұл салынды. Бұл туралы Астана қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты хабарлайды.

Астана қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 435-бабы бойынша әкімшілік іс қаралды.

2022 жылғы 25 шілдеде Астана қаласының «Парк Авеню Эксклюзив» тұрғын үй кешенінде 2007 жылғы екі кәмелетке толмаған балалар TikTok әлеуметтік желісінде 20 литрлік бөтелкемен түсірілген бейнеэкспериментті көргеннен кейін, оны қайталауға шешім қабылдаған. Содан кейін 20 литрлік бөтелкені сумен толтырып, оны 16 қабаттан лақтырып жіберген.

«Өтіп бара жатқан жолаушы бір жаққа қашып үлгерген. Мысалы, оның орнында қарт зейнеткер, жас бала немесе мүгедек болған жағдайда осының салдарынан ең қорқынышты жағдай болуы да мүмкін еді. Бұл факт әлеуметтік желілердің кәмелетке толмаған жасына байланысты дамуы қалыптаспаған балаларға теріс әсер ететінін көрсетеді. Сотта балаларды үйде қараусыз қалдырған ата-аналардың кінәсі дәлелденді. Заңды өкілдеріне түнгі уақытта балаларды ересектердің қарауынсыз жалғыз қалдыруға жол бермеулері туралы түсіндірілді», – делінген хабарламада.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!