Фото: Астана әкімдігі
Елорда күніне және «Астана — есірткісіз қала» акциясы аясында 5 шілде күні SARYARQA RUN жаппай жүгіру жарысы өтеді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.Бұл туралы KAZINFORM агенттігі жазған еді.
Іс-шараның мақсаты — тұрғындар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту, халықтың белсенділігін арттыру және қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру.
— Қатысу тегін. Жарыс «Ырыскелді қажы» мешітінің аумағында (Ермек Серкебаев көшесі, 2) өтеді. Жарыстың басталу уақыты — сағат 08:00–де.
Қатысушылар 7,6 шақырым және 4 шақырым қашықтық бойынша бақ сынайды. Әрбір елорда тұрғыны мен қала қонағы өзіне қолайлы қарқынмен жүгіріп, жарысқа қатыса алады, — делінген хабарламада.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, жүгіру бағыты «Ырыскелді қажы» мешітінен басталып, Кенесары хан ескерткішіне дейін жалғасады.
Сол жерден қатысушылар кері бұрылып, дәл осы бағытпен мәреге қайта оралады. Жарыс кезінде автокөлік қозғалысына шектеу қойылмайды.
Қатысу үшін алдын ала онлайн тіркеуден өту қажет. Тіркеу 2026 жылғы 2 шілдеде сағат 09:00–де reg.elordasport.kz сайтында ашылады. Қатысушылар саны 1800 адаммен шектелген. Белгіленген лимитке жеткеннен кейін тіркеу автоматты түрде жабылады.
Тіркелген қатысушыларға арнайы білезіктер жарыс өтетін күні — 5 шілдеде сағат 06:00–07:30 аралығында беріледі.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!