Ақтөбедегі мектептердің бірінде директор өз бөлмесін оқушыларға беріп, жертөлеге көшіп барды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Диапазон” басылымына сілтеме жасап. Бұл мектепте 3603 бала оқиды, ал норма бойынша 2400 бала болуы керек. Оқу орындарын құру үшін мектеп ұжымы дәлізде және киім ауыстыратын бөлмелерде де жаңа оқу кабинеттерін жабдықтауға мәжбүр. Директор да шет қалмай, кабинетін балаларға берді, ал өзі жертөлеге көшті.

Есет батыр ауданындағы Дінмұхамед Қонаев атындағы мектепте бала санының көптігі туралы осыған дейін де айтылған болатын. Мектеп директоры Абзал Тәжімішев оқушыларға орын жетіспейтіндіктен мектептің жертөлесіне көшуге уәде берген еді.

Қазір директор Абзал Тәжімішев жертөледе жұмыс істеп, жиналыс өткізіп жүр. Ол өзінің жайлы кабинетінен бас тартып, жертөлеге көшкен. Қазір 11-сынып оқушылары директордың кабинетінде оқиды.

«1 қыркүйекте мен осында болдым. Стандарт бойынша бір ауысымда 2400 оқушы болуы керек. Ал бізде 3603 оқушы бар. Қолдануға болатын барлық жерді пайдаландық. Киім ауыстыратын бөлмелерден, дәлізден, жертөледен сынып жасадық», – дейді ол.

Тіпті мұғалімдер пластик қабырғалар жасап, мектеп дәлізінің басым бөлігін сыныпқа айналдырған.

Директор Тәжімішевтің жаңа жұмыс орнына келсек, жертөледе қазір оның кабинеті ғана емес, мұнда балалар шахмат, теннис, би, күрес, бокс үйірмелерін өткізеді.

Қазір жертөледе домбыра үйірмесі кабинеті де дайындалуда. Бір айта кетерлігі, жөндеу жұмыстарымен мектеп ұжымы өз күштерімен айналысқан. Ер мұғалімдер еденді өздері құйып, қабырғаларды гипсокартоннан жасап шығыпты. Қабырғаларды сылаумен 32 жастағы математика пәнінің мұғалімі Айберген Сүндетов айналысуда.

«10 жылдан бері сабақ беріп келемін, мұнда жұмыс жасағаныма – 3 жыл. Физика-математика факультетінің студенті кезінде құрылыс жұмыстарын үйренген едім. Қазір қолымнан келгендіктен мектепке көмектесіп жатырмын», – дейді мұғалім.

Биыл Есет батыр тұрғын алабындағы 4-шағын ауданда жаңа мектеп пайдалануға берілгенімен, Қонаев атындағы мектепте бос орын қалмаған.

«Бұл мәселе шешілмейді. Жаңа мектеп алыс – 1,7 шақырым. Мұнда тұратын ата-аналар ол жаққа бармайды. Жаңа мектеп қазақтілді, бірақ бізде аралас мектеп. 1 қыркүйекте 3620 оқушы болды, қазір – 3603 оқушы”, – деп түсіндірді Абзал Тәжімішев.

Мектепке екінші ғимарат салу орын тапшылығы мәселесін шешуге көмектеседі. Бірақ әзірге тек жобалық-сметалық құжаттама жұмыстары жүріп жатыр.

Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының мәліметінше, құжаттармен жұмыс әлі де жалғасуда.

«Қазір жобалық-сметалық құжаттама сараптамадан өтіп жатыр. Сараптама 45 күнге созылады. Биыл құжаттарын бітіру керек», – дейді құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Нағымжан Алдияров.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!