Қызылордада пәтердегі өрттен ес-түссіз жатқан әйел құтқарылды

2022 жылғы 30 шілде 18:24Қызылордада пәтердегі өрттен ес-түссіз жатқан әйел құтқарылдыҚЫЗЫЛОРДА.

ҚазАқпарат –

Қызылорда қаласында көп қабатты үйдің төртінші қабатындағы пәтерден өрт шығып, құтқарушылар жалын ортасынан ес-түссіз жатқан әйелді алып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға бүгін, 30 шілдеде сағат 11.53 шамасында болған. Сол уақытта 112 құтқару қызметіне Абай даңғылы 62 үйдің төртінші қабатындағы пәтерден өрт шығып жатқаны жөнінде хабарлама келіп түскен.

«Оқиға орнына №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі жұмылдырылып, барлау жұмыстарын жүргізді. Мамандар пәтер ішінде тұрмыстық заттардың жанып жатқанын анықтады. Пәтерде ес-түссіз жатқан 1976 жылғы азаматшаның бар екені белгілі болды. Оны Өрт сөндіру жедел кезекшісінің орынбасары, азаматтық қорғау аға лейтенанты Олжас Ахметов пен №2 МӨСБ аға инженері, азаматтық қорғау аға лейтенанты Мәди Төрәлиев қауіпсіз жерге алып шықты.

Оған алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Содан кейін жедел жәрдем қызметіне тапсырылды. Азаматша қазір қалалық ауруханада ем қабылдауда», – деп мәлім етті Қызылорда облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің баспасөз хатшысы Әлия Ережепова.

Ведомство мәліметінше, өрт сағат 12.09-да оқшауландырылып, сағат 12.12-де толық сөндірілген. Өрт шығыны мен шығын мөлшері анықталуда.

Еске салсақ, бүгін Шиелі ауданында ауа райы қолайсыздығынан мектептердің шатыры ұшып кетті.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!