Ана сүті – жаңа туған нәресте үшін теңдессіз қорек. Ананың ақ сүті өзінің сапалы және пайдалылығымен басқа тағамдардан жоғары тұрады.
Ана сүтінің түрлері:
1.Босанғаннан кейінгі алғашқы тәулікте омырауда уыз түзіледі. Уыз – бала туған соң алғашқы 2-3 күнде келетін сүт. Ол ең құнарлы сүт. Уыз сүтінің мөлшері мен құрамы жаңа туған нәрестенің қажеттіліктеріне бейімделген. Бір-екі тамшы уыздың өзі балаға жеткілікті тағам бола алады. Себебі оның құнарлылығы өте жоғары: литріне 1500 ккал болады.
2.»Өтпелі сүт» – бала туған соң 4-5 күнде келетін сүт. Оның энергетикалық құнарлылығы уыздан төмендеу: литріне 800 ккал болады.
3.Нағыз «піскен» сүт – босанғаннан кейін 2-3 аптадан бастап келетін сүт. Оның энергетикалық құнарлылығы литріне 680 ккал-ды құрайды. Екі түрі болады: алдыңғы сүт және артқы сүт.
Алдыңғы сүт бала емізе бастаған кезде бөлінеді. Оның түсі сұрғылттау, су сияқты сұйық болады. Бұл сүт протеиндерге, лактоза мен дәрумендерге, минералды тұздарға бай.
Сәлден кейін сүттің түсі ағара бастайды. Бұл артқы сүт деп аталады. Ол алдыңғы сүтке қарағанда майлы болады, сондықтан энергетикалық құндылығы жоғары келеді.
Дүниеге келген сәбидің дұрыс дамуы мен өмірге бейімделуіне əсер ететін жалғыз өнім — ана сүті. Бала дүниеге келгеннен кейін 6 ай бойы тек ана сүтімен қоректенеді. Содан кейін ғана қосымша тағамдар беруіне болады. Өкінішке қарай, қазіргі практикамдағы әйелдердің əйелдердің 30%-ы ғана 6 айға дейінгі сəбиді омырау сүтімен қоректендіреді екен. Ал қалған 70%-ы арнайы дайындалған қоспаның көмегіне жүгінеді.Ғалымдар ана сүтінің құрамында 3000-нан аса қажетті заттар бар екенін дəлелдеген. Ал арнайыдайындалатынқоспаларда 50-60-тай ғана микроэлементтер мен дəрумендер бар. Ана сүтіндегі заттарды қолдан жасау мүмкін емес жəне олардың бəрі де бала ағзасының дамуында өзіндік рөл атқаратыны түсінікті. Омырау ему арқылы баланың тістейалу қабілеті жəне сөйлеу тілі қалыптасып, бет бұлшықеттері жақсы қалыпқа келеді. Ал арнайы сорғыш пен бөтелкені еметін балада бұл дұрыс қалыптаспауы мүмкін. Сондай-ақ, ондай бала омырау сүтін шығаруға қиналып, жылай беруі мүмкін. Өйткені бөтелкемен ему ыңғайлы əрі тез. Көп күшті талап етпейді.
Ана сүтінің тиімділігі: ол қашанда қасыңызда, ылғи да тұтынуға дайын, арнайы әзірлеуді қажет етпейді; бірнеше күн анасы емізбесе де көкіректе не ашып, не бұзылып кетпейді; оны ешжерден сатыпта алалмайсыз; ол тек сіздің балаңызға ғана арналған; ішек жұқпалы ауруларының алдын алады; респираторлық-жұқпалы аурулардың алдын алады; аллергиялық аурулардың алдын алады; баланың физикалық өсуін дамытады; баланың сана-сезімін жетілдіреді; баланың жүйке-психикасын дамытады; баланың диабет және семіздік ауруына шалдығу қаупін төмендетеді.
Сәбиін емізетін аналар үшін пайдасы:
-босанғаннан кейінгі күйзеліске сирек шалдығады;
-аналық без, сүт безі обырының даму қаупін төмендетеді;
-босанғаннан кейін ананың салмағын азайтуға ықпал етеді;
-қосымша шығындарды азайтады(қоспа, бөтелке).
Әр анаға балаңызды омыраумен емізу арқылы балаңыздың иммунитетін арттырыңыз деген кеңес айтқым келеді!
Айнұр Жұбаниязова
№4 қалалық емхананың Жалпы тәжірибелік дәрігер
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!