BÁREKELDI !

Жуырда Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары жүрек ауруларын анықтайтын жаңа құрылғы ойлап тапты. Жас ғалымдар жобаны жарыққа шығаруға бір жылға жуық уақыт жұмсаған. Аппараттың ЭКГ құрылғысынан айырмашылығы да көп, сондықтан қолданысқа енсе, тұрғындар денсаулығы үшін тиімді болады дейді жоба авторлары.

12 сынып оқушысы Гүлдана Сәбитқызының айтуынша, құрылғы жайлы идея сабақ барысында пайда болған. Жүрек ақауын ерте анықтауды көздеген оқушыға еліміздегі статистика көрсеткіштері де айтарлықтай ықпал етіпті.
‒ Мені бала күннен жүрек қызметі ерекше қызықтырады, себебі жүрек денедегі қан айналымын ретке келтіріп, тоқтаусыз жұмыс істейтін аса маңызды бұлшықетті мүше. Біз 12 сыныптың екінші тоқсанында жүрек тақырыбын жүйелі түрде өте бастадық. Пән мұғалімі Ербол Еділбайұлы кардиограмманы үйреткен сәттен бастап бізде осы құрылғыға деген қызығушылық пайда болды және зерттей келе, елімізде екі миллион адамның жүрек-қантамыры ауруымен есепте тұрғанын, әрі өлім көрсеткіші бойынша алдыңғы орында екенін анықтадық. Сол себепті жүрек ақауларын барынша ерте анықтаса, адам өмірін сақтап қалуға болатынын түсіндік. Осы орайда жүрек ақауларын алдын-ала анықтау үшін қолайлы электрокардиограф жасап, «Arduino» платформасы арқылы массаж жасай алатын құрылғы жобасын қолға алдық, ‒ дейді Г.Сәбитқызы.
Құрылғыны жобалау барысында жоба авторы Гүлдана мен Дәулет алдымен әлемдік әдебиетке көз жүгірткен, содан кейін ЭКГ құрылғыларын зерттей бастапты. Салыстыра келе кейбір құралдардың кемшін тұстарын байқаған оларға информатика пәнінің мұғалімі Әділжан Науанов көп көмек көрсетіпті.


‒ Құрылғыны құрастырған алғашқы кезеңде біршама қателік болды. Мәселен, бағдарлама дұрыс жүрмей қалды, соның әсерінен палата да істен шықты. Бірақ осы мәселелерді шешу арқылы үлкен тәжірибе жинадық. Біз ойлап тапқан құрылғының ЭКГ аппаратынан басты ерекшелігі – тек қана кардиограмма шығарып қана қоймай, оны өз бетінше оқып, тұтынушының қал-жағдайы жайлы ақпарат беруінде. Егер тұтынушыда жүрек ауытқуы немесе ақауы анықталса, құрылғы ұсыныс беріп, массаж жасау мүмкіндігін қарастырады. Сондай-ақ тұтынушы құрылғыны үй жағдайында да пайдалана алады, қолданылуы оңай әрі қолжетімді. Тағы бір маңызды жайт, аспапта қателіктің (стандартты ауытқуы) шамасы аз. Егер құрылғы қолданысқа енсе, ауруханада кезекке тұрып, дәрігер диагнозын күтудің қажеті жоқ, себебі аппаратты қолдану үй жағдайында қолжетімді болады. Өз кезегінде бұл уақыт үнемдейді. Жаңа аппарат ақшалай шығынды қажет етпейді, яғни экономикалық түрде өте тиімді. Сондай-ақ оны барлық жастағы адамдар қолдана алады. Қарапайым ғана құрылғы қауіпсіздік ережелерін сақтап, қауіп-қатерді азайтады, әрі медицина саласына белсенді түрде енгізуге жол ашады, ‒ дейді жас ойлаптапқыш.
Бүгінде жаңа құрылғы елімізде жиі таралған 10 ауру түрін анықтай алады. Бірақ жас ғалымдар мұнымен тоқтап қалмай, құрылғыны жетілдіру үстінде. Алдағы уақытта жобаны фонокардиография (жүректің дауыс ырғағын беру) қосу арқылы дамыту көзделуде.
‒ Құрылғыны қолдану ыңғайлы әрі жеңіл болу үшін интерфейсін қарапайым етіп, функция құрылымын күрделендірудеміз. Аппаратттың негізгі функциясына тоқталсақ, лабораторияда құрастырылып, тексерістен өткен электрокардиограф тамырдан келетін сигналдарды қабылдап, жүректің қаншалықты жиі интервалда соғатынын нақты көрсетеді. Графикті экраннан беру арқылы, оны дәлдікпен оқиды және тұтынушының қал-жағдайынан хабар береді. Мәселен, тұтынушының пульсі 71-ді көрсетсе, экран бетіне графикпен қоса, «қалыпты нормаға сәйкес, интервалдар арақашықтығы тең. Жүрек соғысы бірқалыпты» деген ақпарат шығады. Себебі тыныштық кезінде ересек адамдарда жүрек бірқалыпты 60-90 рет, ал балаларда минутына 70-100 рет соғады. Бұл ‒ қалыпты жағдай. Егер бұл шама қалыпты мөлшерден асып кетсе, сәйкес интервалдар арқылы ауру типін анықтап, ұсыныс жасайды. Сонымен қатар аппарат тұтынушының жағдайына қарай массаж уақыты мен оны қалай жасау керегін хабарлап, массаж жасау құрылғысын іске қосады, ‒ дейді кейіпкеріміз.
Әзірге жүрек ақауын анықтайтын сенімді әрі нақтылығы жоғары бұл құрылғының әлемдік тәжірибеде баламасы жоқ. Сол үшін жоба авторлары құрылғыны патенттеуге қадам жасауда. Айта кетейік, құрылғы ‒ Гүлдана мен Дәулеттің биология пәні бойынша бірігіп жасаған алғашқы жобасы. Осыған дейін Гүлдана Сәбитқызы қазақ тілі және әдебиет пәнінен өткен пәндік олимпиаданың облыстық, республикалық деңгейінде І орынды жеңіп алған. Сондай-ақ геология ілімі бойынша ұйымдастырылған халықаралық IESO олимпиадасының ІІ орын жүлдегері. Ал Дәулет «Жас Өркен» республикалық балалар сыйлығының «Жас Эколог» номинациясы бойынша гран-при иегері, «Самға» би коллективінің мүшесі. Жас өнертапқыштар құрылғыны облыстық ғылыми жобалар сайысында сәтті қорғап, бас жүлдені иеленген.

Гүлдана ЖҰМАДИНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!