АСТАНА. KAZINFORM — Елордада Спорт апталығы басталды. Ботаникалық бақта жүздеген тұрғынның басын қосқан «10 000 қадам» акциясына Қазақстанның олимпиада чемпиондары мен белгілі спортшылары қатысты.
Жиын фитнес-жаттықтырушы Айша Баймаханованың бой жазу жаттығуларымен басталды. Одан кейін тұрғындар Олимпиада чемпиондары Серік Сәпиев, Дмитрий Баландин, Юрий Мельниченко, жүлдегерлер Василий Левит, Әділбек Ниязымбетов, Ислам Байрамуков, сондай-ақ Алмат Кебісбаев, Анна Алябьева, Ольга Тихонова және Денис Никишамен бірге 10 мың қадамдық қашықтықты еңсерді.
Шараға қатысқан Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов бұқаралық спортты дамыту мемлекеттік саясаттың басты бағыты екенін жеткізді.
— Бүгінде спорт қазақстандықтардың күнделікті тұрмыс салтына еніп келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен салада ауқымды реформалар жүріп жатыр. Негізгі басымдық — балалар мен бұқаралық спорт. Басты мақсат — тұратын жеріне қарамастан, әр баланың спортпен шұғылдануына қолжетімді жағдай жасап, салауатты өмір салтын жалпыхалықтық әдетке айналдыру, — деді министр.
Қазір ел халқының 44%-дан астамы, ал балалардың 34%-ы, яғни 1,8 млн бала спортпен тұрақты түрде айналысады. 2029 жылға қарай бұл көрсеткішті 50%-ға жеткізу көзделген.
Шараға жиналған спорт майталмандары да тұрғындарға өз лебізін білдірді. Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин бұл күннің барша жұртты біріктіретін мереке екенін айтты.
— Әр мамандықтың өзіндік төл мерекесі бар. Ал Спорт күні — тек кәсіби спортшылардың емес, салауатты өмір салтын ұстанатын барша қауымның басын қосатын қуаныш. Бүгінгі жиынның да басты мақсаты — тұрғындарды спортқа баулып, сергектік сыйлау, — деді ол.
Мұндай бұқаралық бастамалардың денсаулықты нығайтудағы пайдасын сөз еткен Олимпиада жүлдегері Ислам Байрамуков жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.
— Мына жерде қаншама адам ерте тұрып, денесін шынықтырып жатыр. Жастарға айтарым тек той-думан қумай, таңертең ерте тұрып, денсаулыққа уақыт бөліңіздер. Алда Азия ойындары мен әлем чемпионаттары күтіп тұр. Үлкен жарыстарда көк туымызды желбірету үшін осындай табандылық пен тыңғылықты дайындық керек, — деп түйіндеді спортшы.
Дәстүрлі Спорт күні қарсаңында ұйымдастырылған апталық аясында ел бойынша 250-ден астам бұқаралық шара өтеді. Өткен жылы Қазақстанда 147 спорт нысаны салынса, бүгінде 600 мыңнан астам бала тегін секциялар мен спорт мектептерінде шынығып жатыр.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!