Бүгінгі медицина бұрынғы медицинадан бөлек. Иә, қалай десеңіз де, қоғам бұл сөзді айғақтап тұр. Дамыған, заманауи құрал-жабдықтармен қоса, қалаған әдебиетіңіздің әлемін смартфонды саусақпен сипасаңыз жетіп жатыр. Сыр сандық өздігінен ашыла түседі. Иә, білемін, үйренемін дегенге үміт сыйлар әрекет жетіп жатыр. Басың ауырып, балтырың сыздаса, бағытың тура бұрылатын осы ақ халаттылар қалай білім алады, олардың мүмкіндігі қандай деп «Болашақ» жоғары медициналық колледжіне барғанда осы ойды нықтай алдық. Бүгінгі студент бес қаруын сайлап, жауға шапқан батырдай жарақтанып жатыр екен.

 Сол жағалаудың көркіне айналған «Болашақ» оқу орнына табан тірегенде зәулім сарайдың кіреберісінен бізді робот қарсы алды. Қандай ғажап, ә?! Заманауи дағды деген осыдан басталатын шығар…

Ақ халатпен арманға бастаған

 Колледж директоры Раушанбек Шарапат жылы қарсы алып, оқу орнының бүгінгі жетістіктерімен, хал-ахуалымен таныстырды. Ең алдымен барғанымыз – симуляциялық орталық. Мұнда студенттер кез келген қиындықта қандай қадамға бару керегін қолмен ұстап, көзбен көріп, түйсінеді. Арнайы пәндер циклінің жетекшісі Нұрсұлу Жомартқызы бұл орталықтың студенттердің қалыптасуына ерекше ықпал ететінін айтты.

Ақ халатпен арманға бастаған

    – Міне, жүрекке массаж осылай жасалады. Содан соң ауызға дем берудің де екі нұсқасы бар. Осыны ұмытпаған жөн. Бұл алғашқы көмектің бағыты, – деп студенттерге түсіндіріп жатты. – Біз бұл орталық арқылы мемлекеттік емтихандарды қабылдаймыз. Қазір құрал-жабдықтың барлығы компьютерлендірілген. Компьютер арқылы балаларға тапсырма береміз. Тапсырманы орындап жатқанда дұрыс не бұрыс екенін компьютер көрсетіп тұрады. Диагноз қойғанда да осы компьютер арқылы баланың жұмысына баға беріледі.

Ақ халатпен арманға бастаған

Расымен, барлығы – автоматтандырылған жүйе. Балаларға да, ұстаздарға да қиын емес. Бастысы, баланың теориялық білімі тәжірибемен ұштасады. Симуляциялық орталықтың ерекшелігін тыңдап тұрғанда цикл оқытушысы Римма Төлегенқызы балаларға хирургиялық бағытта сабақ жүргізіп жатты. Кәдімгідей тәжірибеден алар білім теориядан да асып кетіп жатыр.

– Мейіргер ісі деген мамандықтың өзі сан-саққа бөлінеді. Ол хирургияның немесе акушерлік бөлімнің мейіргері болуы мүмкін. Ал мен бұл жерде жалпылама айтамын. Қалғанын жеке дара салаларға бөлінгенде ұғынып алады. Мұнда 11-сыныптан кейін түскендер екінші семестрде науқасқа қалай көмектесу керегін біліп, дағдыланып алады. Түптеп келгенде 5-ақ айда дап-дайын маман болып шығады.

Медицина маманы болу – өз еңбегіңмен көріну. Өйткені, мұнда сен өз еңбегің арқылы ғана биікке шығасың. Мойныңда ауыр жауапкершілік болады. Мұнда келген балалар да сол жауапкершілікті ұғынып, өз бетімен білім алуға, өз бетімен үйренуге дағдыланады. Мамандықтың ерекшелігі де осында жатыр, – дейді Римма Қазақова.

«Болашақ» жоғары медициналық колледжінде университеттерде жоқ жабдықтар бар екен. Мәселен, Менделеев кестесіндегі элементтерді бір қабырғаға жинақтап, оның әрбірін жеке дара бірбір жәшікке салып, әйнек қақпа арқылы көрсетіп қойған. Қандай элементті көргіңіз келсе, арнаулы құтыдан қолыңызға ұстап, көре аласыз. Әрине, қауіпті элементтерден басқаларын.

Химия пәнінің оқытушысы Ақниет Нұрмаханқызының айтуынша, мұндай мүмкіндік өңірде жалғыз оқу орнында ғана бар.

 – Біздің мақтан ете айтар жетістіктеріміз бен мүмкіндіктеріміз көп. Егер белгілі бір элемент туралы білгіңіз келсе, осындағы QR кодтың үстіне ұялы телефоныңызды апару арқылы барлық ақпаратқа қанығасыз. Таяуда өңірдегі оқу орнының қызметкерлері келіп аралап, көріп, таңдай қаға тамсанып кетті. Әрине, бұл оқу орнының басшылығының білімге капитал салудан қорықпайтынын, балалардың болашағын, білімнің сапасын ойлағаннан осындай қадамға барып отырғанын көрсетеді. Арнаулы кабинеттерде білім алу балаларға тақырыпты терең түсініп, кеңінен талдауға мүмкіндік береді, – дейді Ақниет Шайхсламова.

Ақ халатпен арманға бастаған

 Елде кең дамып келе жатқан саланың бірі – стоматология. Бұл мамандықтың шәкірттеріне де зор мүмкіндік жасалған. Бұл бағытта балаларды теміржол емханасының дәрігері Алтынай Қалмахан оқытып жүр. Әрі тәжірибелі дәрігер, әрі мұғалім. Балаларды мамандыққа қызықтырып, өзінің біліктілігін байқатып жүрген маман кәдімгі тіс емханасының құрылғы-жабдықтарымен таныстырды.

Ақ халатпен арманға бастаған

 – Бізде сабақта пайдаланатын құрылғыларымыздың барлығы кәдімгі кәсіби дәрігердің жабдықтарынан кем емес. Міне, мына жасанды тістерді балалар өздері қолдан ойып, жасап әкелген. Мына орындыққа олар пациент ретінде араларынан біреуін отырғызып, оның тісіне талдау жасай алады. Жарығына дейін қосулы. Бізден шыққан студенттердің нағыз өз ісінің маманы болатынына кәміл сенемін. Біздің сабақтарда балалар теория мен тәжірибені бір-бірімен тығыз байланыстырады. Бұл олардың салаға лайықты дәрежеде машықтануына зор мүмкіндік сыйлайды, – дейді тіс дәрігері Алтынай Маратқызы.

Мұнан соң біз оқу орнының кітапханасына бас сұқтық. Тамаша. Білесіз бе, мұндағы кітап қоры 78 мыңға жақын екен. Кітапханашы Жанар Алдабергенова балалардың кітапқа мұқтаждығы жоқ екенін айтты.

Ақ халатпен арманға бастаған

 – Бізде мамандық бойынша да, көркем әдебиет бойынша да кітаптар жеткілікті. Қа­жет кітаптарды бас­шылықтың көмегімен тіпті баспаханадан тікелей тапсырыс беріп, алдыратын кездеріміз де бар. Қандай әдебиет жоқ, соны дереу алдырып береді. Бұл – білімді ұрпақ тәрбиелеудегі маңызды іс. Бізде бағдарламалық кітаптар да бар. Мұндағы кітаптың электронды нұсқасы біздің электронды кітапханамызда да бар. Балалар логин мен құпиясөз арқылы тіпті үйінде отырып та оқи алады. Әрине, негізі кітапты қолға алып оқығанға жетпейді. Бірақ электронды кітапхананың да оперативтілік тұрғыда көп қажеттілігі бар. Байқап тұрғаныңыздай, қанша бала келсе де компьютер саны жеткілікті. Олар интернет арқылы өздерінің рефераты мен ғылыми жұмыстарына да мәліметті алып, тіпті қағазға шығарып та алады. Мұның барлығына жағдай жасалған. Таңертеңгі сағат 9-дан кешкі 18.00-ге дейін балалар келіп, қалағанынша отыра алады. Біз тек оқу орнында ғана емес, жатақханада да кітапхана ашып қойдық. Олар кез келген уақытта өзіне қажетті кітапты алып, оқи алады, – дейді Жанар Байшорақызы.

Ақ халатпен арманға бастаған

Бүгінде жоғары медициналық колледжде 1371 студент білім алуда. Өңірде медициналық бағытта мемлекеттік грант конкурсына қатыса алатын екі оқу орны болса, соның бірі – осы. Мұнда 7 мамандық, 8 біліктілік бойынша оқытады. Осы күні мұнда 325 бала мемлекеттік грант бойынша тегін білім алуда. Колледж директоры Раушанбек Шарапат оқу орнының ерекше тұстарын аралап болған соң, жетістіктерін тілге тиек етті.

Ақ халатпен арманға бастаған

 – Мәселен, 2019-2024 жылдардағы 2НК статистикалық деректер талдауына сүйенсек, білім берудің барлық деңгейі бойынша білім алушылардың контингенті 2019 жылдан бастап орта есеппен 6,4% көбейді. Бірақ бұл ретте білім беру гранты бойынша білім алушылар контингенті 23% өскенін көрсетуде.

Колледж қабырғасында білім алып жүрген бүгінгі студент – ертеңгі жас маман. Жас ұрпақтың денсаулығы – болашақ денсаулық саласы мамандардың қолында. Заманауи талаптарға жауап бере алатын, білімді де білікті маман даярлау – біздің мақсатымыз. Осы орайда жыл сайын білім алушылар қатары артып келеді.

Колледждің педагогикалық құрамы ұсынылатын ҚР Мемелекеттік жалпыға міндетті медициналық білім беру сапасына жауапты. Колледждің оқытушылар құрамының кадрлық әлеуеті білім беру әрекетінің лицензиялаудың кәсіби талаптарына сәйкес келеді және оқытушылар оқыту үрдісі мен кері байланыс ұйымдастыру кезінде білім алушыларға тиімді білім беретін қажетті шеберлік пен тәжірибесін, оқытудың заманауи әдістемелерін меңгерген. Оқу пәндерін оқыту штаттағы оқытушылармен жүзеге асырылады және де қалалық емдеупрофилактикалық мекемелерден қосымша қызметкерлер тартылған, – дейді Раушанбек Айбекұлы.

 Балалардың білім алуына, мамандануына барлық жағдай жасалғанын аралап, көріп шықтық. Бұл – оқу орны үшін зор жетістік. Колледж директоры балалардың тәжірибеден өтуіне байланысты да жағдай жасалғанын жеткізді.

– Тәжірибенің барлық түрінің сапасын арттыру мақсатында облыстағы 45 емдеу мекемелерімен оқу-өндірістік, кәсіптік тәжірибені ұйымдастыру және өткізуді бірлесіп жұмыс жасаудың екіжақты тиімділіктері негізінде, екіжақты жарлыққа және бар мүмкіндікке сүйене отырып келісім шарт жасалынған. Негізгі клиникалық базаларда оқу дәрісханалары жабдықталған: «Көп бейінді облыстық ауруханасы» ШЖҚ КМК, «Көп бейінді қалалық аурухана ШЖҚ КМК, «Достармед Line» клиникасы, ЖШС «Фарматека», ЖШС «Қанат Орда» және т.б. Оқытушылар да бір орнында тоқтап қалмайды. Кәсіби білімді шыңдау, оқытылған білімнің тәжірибелік жақтарының меңгеруін қадалағау және зерделеу мақсатында кәсіптік сайыстар, байқаулар ұйымдастырылады. Дәстүрлі түрде «Үздік анатом», «Үздік мейіргер», «Дәрілік түрлер технологиясы», «Тіс протездерін дайындау» сайыстары мен «Үздік жедел-жәрдем бригадасы» кәсіби байқауы бірінші және бітіруші түлектер арасында өткізіледі. Сайыстар мен байқауларда кәсіптік және арнайы пәндер бойынша теориялық және ситуациялық сұрақтар, тәжірибелік жұмыстар беріледі. Кәсіби бағыттағы жүргізілген іс шараларды ұйымдастыру барысында колледж оқытушыларының жаңашылдығы мен іскерлігі шыңдалады, – дейді Раушанбек Айбекұлы.

Ақ халатпен арманға бастаған

 Колледж тек ел ішінде ғана емес, әлемдік деңгейде біліктілікті арттыруды алға қойған. Оның бір ғана мысалы, халықаралық ынтымақтастықты дамыту шегінде тәжірибе алмасу және арнайы пәндерді оқытуда басқа елдердегі тәжірибемен бөлісу, достық іскерлік қарым-қатынаста болу, халықаралық деңгейде тәжірибелік жұмыстардың өзіндік ерекшеліктерін қалыптастыру мақсатындағы іс-шаралар. Бұл бағытта Лунд Университетінің РһD докторы, қоршаған ортаның зерттеушісі, сараптамалық қатынас құрушы, келіссөз жүргізуші Доктор Осама Али Махер мен И.К. Ахунбаев атындағы Қырғызстан мемлекеттік медициналық академиясы медицина ғылымдарының докторы, профессор Усубалиев Мейкин Бейшенбаевич кәсіби шеберлік сағаттарын және білім алушыларға арналған тыңдалым сағаттарын өткізді және қатысушыларға сертификаттар берілді. Халықаралық деңгейдегі кәсіби мамандармен бірлесе өткізген іскерлік бағыттағы жұмыстары колледж оқытушылары үшін үлкен тәжірибе алмасу болды. Сонымен қатар арнайы пән оқытушылары облысымыздағы емдеу мекемелерінен тәжірибелік тағылымдамалардан өтті.

 Оқу орнында мұнан өзге де ауыз толтырып айтарлық игі жұмыстар бар. Бірақ бастысы – елдің болашағы ретінде жастардың сапалы біліммен қарулануы. Колледж жұмысымен танысып, жетістіктеріне бәрекелді дестік.

Дәулет ҚЫРДАН,

Суреттерді түсірген

 Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!