Фото: https: kz.kursiv.media
Университет қабырғасында жүрген жас үшін ең басты міндет – білім алу. Алайда бүгінгі студенттің өмірі аудитория мен кітапхананың айналасымен ғана шектелмейді. Сабақтан тыс уақытта қоғамдық жұмыстарға араласатын, еріктілікпен айналысатын, түрлі әлеуметтік жобаларға қатысатын жастардың қатары артып келеді. Бірі қарттарға көмек көрсетеді, енді бірі балаларға арналған жобаларға атсалысады. Қоғамдық ісшаралардың ұйымдастырылуына көмектесіп, жастар бастамаларын жүзеге асырады. Олардың барлығының ортақ бір мақсаты бар – қоғамға пайдасын тигізу. Бірақ бір мәселе бар. Студенттің төрт жыл бойы жинаған мұндай тәжірибесі диплом алғаннан кейін еңбек нарығында қаншалықты ескеріледі? Көп жағдайда – өте аз.
Жас маман жұмыс іздеп барғанда одан дипломы, мамандығы бойынша білімі, кейде еңбек өтілі сұралады. Ал студент кезінде жүздеген сағат еріктілікпен айналысып, іс-шара ұйымдастырып, адамдармен жұмыс істеп, команда басқарған тәжірибесі оның ресми еңбек жолына толыққанды енгізілмейді.
Осы жерде ойланатын мәселе бар: егер жас студент кезінде қоғамға қызмет етіп, нақты тәжірибе жинаса, неге оның еңбегі оқу бітірген соң еш жерде көрінбеуі керек?
Еріктілік – бос уақыт емес
Еріктілік туралы сөз болғанда, оны кейде «қоғамдық жұмыс», «бос уақытта жасайтын іс» ретінде қабылдайтындар бар. Бірақ қазіргі еңбек нарығының талаптарына қарасақ, еріктілік барысында қалыптасатын дағдылардың маңызы зор.
Ерікті жастар адамдармен қарым-қатынас жасауды үйренеді, жауапкершілік алады, уақытын жоспарлайды, командамен жұмыс істейді. Ісшаралар ұйымдастырады. Кей жағдайда қиын жағдайда шешім қабылдауға тура келеді. Яғни, студент аудиторияда теориялық білім алып қана қоймай, қоғамдық ортада тәжірибе жинайды.
Мәселен, университетте оқитын студент екіүш жыл бойы жастар жобаларына ерікті ретінде қатысып жүр делік. Ол ондаған іс-шараның ұйымдастырылуына атсалысты, бірнеше әлеуметтік бастаманы жүзеге асыруға көмектесті, жүздеген адаммен коммуникация орнатты. Бірақ оқуын тәмамдап, жұмыс іздеген кезде оның қолында тек дипломы бар.
Ал жұмыс беруші үшін диплом – маманның белгілі бір білім алғанын көрсететін құжат. Бірақ оның нақты ортада қаншалықты жұмыс істей алатынын дипломның өзі толық көрсете алмайды. Осы тұста еріктілік тәжірибесін ресми түрде растайтын құжаттың қажеттілігі байқалады.
«Еңбек өтілі» деген ұғымды кеңейту қажет пе?
Әрине, еріктілікті толыққанды еңбек өтілімен теңестіру мәселесіне абайлап қарау керек. Себебі еріктілік пен ақылы еңбек – құқықтық және мазмұндық тұрғыдан екі бөлек ұғым. Дегенмен еріктілік қызметті жеке тәжірибе ретінде ресми түрде мойындауға болады.
Мысалы, студент оқуын аяқтаған кезде дипломымен бірге оның қоғамдық және еріктілік қызметін көрсететін қосымша сертификат немесе цифрлық портфолио берілсе, онда студенттің қанша уақыт еріктілікпен айналысқаны, қандай жобаларға қатысқаны, қандай міндет атқарғаны және қандай дағдылар қалыптастырғаны көрсетілсе, бұл қарапайым қағаздан әлдеқайда маңызды құжатқа айналуы мүмкін. Өйткені жас маман жұмысқа орналасу кезінде «тәжірибем жоқ» деген мәселені осындай құжатпен нақты дәлелдер арқылы көрсете алады.
Мәселен, түйіндемеде: «2023-2026 жылдары жастар жобалары бойынша ерікті ретінде жұмыс істеді. 40-тан астам іс-шараға қатысты. Іс-шараларды ұйымдастыру, командамен жұмыс, коммуникация және ақпараттық сүйемелдеу бағыттарында тәжірибесі бар» деген ақпарат тұрса, жұмыс беруші үшін үміткердің әлеуетін бағалау әлдеқайда жеңіл болар еді. Бұл жұмыс берушіге де тиімді.
Мәселені тек жастардың мүддесі тұрғысынан қарау жеткіліксіз. Мұндай жүйе жұмыс берушілер үшін де пайдалы болуы мүмкін.
Қазіргі таңда көптеген мекеме жас маманды жұмысқа қабылдағанда оның дипломына ғана емес, тәжірибесіне де қарайды. Бірақ оқу орнын жаңа бітірген адамның ресми еңбек өтілі болмауы – қалыпты жағдай. Осы жерде еріктілік тәжірибесі қосымша индикатор бола алады.
Жұмыс беруші жас маманның қандай ортада жұмыс істегенін, қандай міндеттер атқарғанын, адамдармен қалай тіл табысқанын бағалай алады. Әсіресе журналистика, коммуникация, мемлекеттік қызмет, білім беру, әлеуметтік сала, мәдениет, спорт, жастар саясаты секілді адамдармен тікелей жұмыс істейтін мамандықтарда мұндай тәжірибенің маңызы ерекше. Тіпті кейбір жағдайда студенттің қоғамдық ортадағы белсенділігі оның кәсіби қабілетінен де бұрын көрінуі мүмкін.
Мәселен, журналистика факультетінің студенті университетте білім алып жүріп жастар іс-шараларында ақпараттық сүйемелдеумен айналысса, әлеуметтік желіге мақала әзірлесе, сұхбат жүргізсе, іс-шарадан репортаж жасаса – оның мұндай тәжірибесі болашақ мамандығына тікелей қатысты. Бірақ бұл тәжірибе көбіне студенттің жеке архивінде немесе әлеуметтік желідегі жазбаларында ғана қалады.
Қағаз емес, нақты жүйе керек
Бұл ұсынысты жүзеге асыру үшін жай ғана «еріктілік сертификатын» таратып қою жеткіліксіз. Ең алдымен оның бірыңғай әрі ашық жүйесі қалыптасуы керек. Студенттің еріктілік қызметі нақты ұйым тарапынан тіркеліп, атқарған жұмысы расталуы қажет. Мысалы, арнайы цифрлық платформада оның еріктілік сағаты, қатысқан жобалары, атқарған міндеттері белгіленіп отырса болады.
Бір студент қайырымдылық акциясына қатысады. Екіншісі, экологиялық жобаға атсалысады. Үшіншісі, жастар форумын ұйымдастыруға көмектеседі. Төртіншісі, әлеуметтік осал топтармен жұмыс істейді. Олардың барлығының қызметі бір өлшеммен бағаланбауы тиіс. Сондықтан жүйеде тек «ерікті болды» деген белгі емес, оның қандай жұмыс атқарғаны да көрсетілгені дұрыс. Сонда оқу орнын бітірген кезде студенттің жеке қоғамдық портфолиосы қалыптасады. Бұл портфолионы болашақ жұмыс беруші де көре алады.
Қазір жастар арасында жиі кездесетін мәселенің бірі – дипломы бар, бірақ еңбек өтілі жоқ түлектердің жұмыс табуы. Ашығын айтсақ, жұмыс беруші «тәжірибең бар ма?» деп сұрайды. Жас маман «жоқ» дейді. Өйткені ол университетте төрт жыл оқыды. Ал оқумен қатар жасаған қоғамдық жұмыстары ресми еңбек тәжірибесі ретінде танылмады. Осыдан кейін парадокс пайда болады: жасқа тәжірибе керек, бірақ тәжірибе жинау үшін оған алдымен жұмыс қажет.
Бұл шеңберді бұзудың бір жолы – студенттік кезеңде қалыптасқан тәжірибені дұрыс бағалау. Әрине, еріктілікті жұмыс тәжірибесінің толық баламасы деп көрсету дұрыс емес. Бірақ оны жас маманның қосымша кәсіби тәжірибесі ретінде мойындау – әділетті шешім.
Сонда студент оқу кезінде «бұл жұмысым кейін қажет болмайды» деп қарамайды. Керісінше, қоғамдық белсенділіктің кәсіби болашағына әсер ететінін түсінеді.
Ерікті болу – азаматтық жауапкершіліктің мектебі
Мәселенің екінші бір маңызды жағы бар. Еріктілік тек жұмысқа орналасу үшін қажет құралға айналмауы тиіс. Оның негізгі мәні – қоғамға пайда келтіру.
Жастардың еріктілікке араласуы азаматтық жауапкершілікті қалыптастырады. Қоғамдық мәселелерге бей-жай қарамауға үйретеді. Адамға көмектесудің, ортақ іске үлес қосудың маңызын түсіндіреді. Сондықтан мемлекет пен қоғам еріктілікті материалдық немесе мансаптық пайдамен ғана өлшемеуі керек. Бірақ қоғамға қызмет еткен еңбекті бағалау да – маңызды мәселе.
Егер студент төрт жыл бойы өз уақытын бөліп, адамдарға көмектесіп, қоғамдық жобаларға үлес қосса, оның осы еңбегін кейінгі өмірінде көрсетуге мүмкіндік болуы тиіс. Бұл – марапат емес. Бұл – оның жасаған ісінің дәлелі.
Мүмкін, болашақта дипломмен қатар берілетін құжаттардың бірі студенттің қоғамдық белсенділігі мен еріктілік тәжірибесін көрсететін арнайы қосымша болуы керек шығар.
Оның атауы қандай болатыны – бөлек мәселе. «Қоғамдық қызмет портфолиосы», «Еріктілік тәжірибесі туралы сертификат», «Жастардың әлеуметтік белсенділік паспорты» немесе цифрлық форматтағы жеке портфолио болуы мүмкін. Маңыздысы – атауы емес, мазмұны. Құжатта студенттің нақты қандай жұмыс атқарғаны көрсетілуі керек.
Мұндай жүйе енгізілсе, бір жағынан жастардың қоғамдық белсенділігі артады. Екінші жағынан, жұмыс беруші жас маманның тек теориялық білімін емес, практикалық дағдыларын да бағалай алады. Ал ең бастысы – жас түлек жұмысқа орналасуға келгенде өзін «тәжірибесіз студент» ретінде емес, білім алған және қоғамдық ортада тәжірибе жинаған жас маман ретінде таныстыра алады.
Бұл – жастарға жасалған инвестиция
Жастардың жұмысқа орналасуы – тек олардың жеке мәселесі емес. Бұл – еңбек нарығының, білім беру жүйесінің және мемлекеттің ортақ мәселесі.
Бұл жерде басты мақсат – еріктілікті «еңбек өтіліне айналдыру» ғана емес. Негізгі мақсат – жастардың студенттік кезеңде жинаған тәжірибесін жоғалтпай, оны кәсіби өміріне алып кіруіне жағдай жасау. Бүгін ерікті болып жүрген студент ертең елдің білікті маманына айналады.
Диплом – жастың не оқығанын көрсетеді. Ал еріктілік тәжірибесі – оның қоғамда не істей алғанын көрсетеді. Сондықтан болашақта жас маманды бағалағанда оның қолындағы дипломға ғана емес, студенттік жылдарында қалыптасқан тәжірибесіне де назар аударған жөн.
Өйткені еңбек нарығына дайын маман тек аудиторияда қалыптаспайды. Ол – қоғамдық ортада, адамдар арасында, нақты істердің ішінде шыңдалады. Егер сол еңбекті құжатпен бекітсе, жастардың болашағына жасалған маңызды қадам болмақ.
А.БАҚЫТҰЛЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!