Фото: aikyn.kz

Күні бүгін Атырауға​ бағдарлама аясында бастауыш сынып, тарих, математика, физика пәнінен сабақ беретін 10 мұғалім келді. Олардың алтауына облыстық білім беру басқармасының басшысы Ерлан Сламбеков пәтер кілттерін табыс етті деп хабарлайды aikyn.kz порталының тілшісі.

Жаңа пәтерге ие болғандардың бірі – Гүлжан Боранбаева. ​ 20 жылға жуық еңбек өтілі бар білікті педагог осыған дейін Батыс Қазақстан облысындағы Дарынды балаларға арналған мамандандырылған ақпараттық технологиялық мектеп – лицейінде ​ еңбек еткен. Қазір Атырау қаласындағы номері 31-ші гимназияда математика пәнінен дәріс береді.

Ержан Егінбаев жолдасы екеуі ұстаздар. Олар да Атырау облысына Батыс Қазақстан облысынан келген.

«Қуанышымызда шек жоқ. Жаңа пәтер беріп, біз сияқты мамандарды қолдап жатқан облыс әкімдігіне, облыстық білім басқармасына алғысымыз шексіз,» – дейді Ержан Егінбаев.

Облыстық білім беру басқармасының басшысы Ерлан Сламбековтың айтуынша 15 желтоқсанға дейін тағы 4 ұстазға пәтер кілтін табыстау жоспарланған.

Еске сала кетсек, республика шеңберінде іске қосылған арнайы бағдарлама елімізде мұғалімдер тапшылығы бар және білім сапасы нашар өңірлерге үздік педагогтерді тартуға бағытталған.

Мұғалімдерді бос лауазымдарға тарту үшін облыстық білім басқармалары жанынан Үйлестіру кеңестері, сондай-ақ, министрлік жанынан Конкурс комиссиясы құрылды. Бос жұмыс орындарына орналасу үшін үміткерлер ​ эссе жазып, тестілеуден, әңгімелесуден өтті.

Үздік педагогтерді тартуға арналған арнайы бағдарламада мұғалімдерді қолдауға бағытталған шаралар кешені қарастырылған. Атап айтқанда, лауазымдық жалақының 150% мөлшерінде ынталандыру төлемдері, оның ішінде жалақыны көтеру, тұрғын үйді жалдау ақысын және коммуналдық төлемдер шығынын өтеу белгіленген.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!