Мұғалім – бала жанының бағбаны. Иә, ұлылардан қалған сөз осылай дейді. Әсілінде бұл саланы таңдаған жан уақытпен санаспайды, бар уақытын шәкірттің шыңдалуына арнап, мектеп бағдарламасынан тыс өмір мектебінің де дәрістерін оқушы санасына сіңіруге еңбектенеді. Ол үшін ізденіс пен қажырлы еңбек керек.

Сырдариялық жас маман Тұрар Жағыпаровтың бойынан осы қасиеттер табылып, тыңнан түрең салуға ерекше талаптанып жүр. Ол таяуда ғана аудан әкімінің «Өрлеу» жастар сыйлығын иеленді.
Жас маман №44 орта мектепте информатика пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. Білім ошағында еңбектеніп жүргеніне де көп болды. Әйтсе де, ол мұғалім деген ұғымның астарында не жатқанын және нағыз ұстаздың қандай болуы керек екенін жақсы түсінеді.
«Мұғалім болу тек бала оқытудан тұрмайды. Оның мойнында ұшан-теңіз жауапкершілік бар. Қазіргі балалар ерекше. Жай ғана сабақ барысында таңғалдыра алмайсыз. Сондықтан мақсат үдесінен шығу үшін мұғалім күнделікті ізденіп, сабақ өту процесінде өзінің идеясымен ерекшелену керек. Әйтпесе, жүрдім-бардым қарап, көптің бірі болсаңыз, уақытыңыздың босқа өтіп жатқаны. Жатпай-тұрмай еңбектеніп, ізденгеннің арқасында ғана ұстаз баланың жүрегіне жол таба алады», – дейді Тұрар.
Жас мұғалім аудандық, облыстық деңгейдегі көптеген іс-шараларда белсенділік танытып келеді. Алақандай ауылдағы мектептің аясынан шығып, жұмыстан тыс уақытында аймақтың белсенді жастарымен бірге уақытын тиімді өткізіп, республикалық іс-шараларға дейін ат басын бұрып жүр. Онысын өзін-өзі дамытуға балайды. Әрине еңбегі қай кезде де жемісін беріп келеді. Ол «Қазақстанның үздік ұстаздары – 2020» респуб­ликалық бай­қауының жеңімпазы атанды. «Жалын­даған жастық – жаңа белесі» жас педагогтардың жазғы лагерінде «Үздік топ басшысы» атағын жеңіп алды. «Жастар жылы» аясында аудан мұға­лімдері ара­сындағы «Жай­дарман» сайы­сында І орынды олжалады. Спорттық сайыста да мектеп қызметкер­лерінен құралған команданың белсенді ойыншысы ретінде сан мәрте марапат мінберіне көтеріліп жүр.
«Менің ойымша, жас мұғалім еңбек демалысын күтіп, уақыт өткізуге асығатын адам болмау керек. Иә, ауыл баласымын. Менің де ауладағы ұсақ-түйек тіршілігім бар. Бірақ соның бәрінің қиюын келтіріп, уақытты үйлестіре білуім керек. Сондықтан еңбек демалысымды өзімді-өзім да­мытуға арнаймын. Түрлі форумдарға қатысамын, аймақтың белсенді жастарымен бірге түрлі іс-шараларда белсенділік танытамын. Әсіресе жазғы лагерьден көпшілігі басын алып қашады. Мен керісінше, соған атса­лысуға асығамын. Өйткені жұмыс ортаңнан ғана емес, түрлі ортадан мамандар келеді. Түрлі сала өкілдерімен бас қосатын форумдардан да алатыным көп. Өзімді-өзім дамытамын дегенім сол. Пікір алмасамыз. Мұғалім жан-жақты болу керек. Кез келген мәселеде пікір білдіре алатын, ойын айта алатын және соған сай білімі мен тәжірибесі бар адам болған жөн. «Мұғалімнің өмірі оқумен өтеді» деген сөздің жаны бар. Осылайша тәжірибелі ұстаз деңгейіне ұялмай жете аламын», – дейді жас ұстаз.
Әлбетте, мұғалім еңбегі бір жапырақ қағаз емес. Сан алуан жетістіктерге қол жеткізіп, әркез марапат мінберіне шығып жүрген Тұрар осы бір жапырақ қағаздың артында еселі еңбек, маңдай тер тұрғанын айтты. «Әрбір жеткен жетістігім – маңызы жоғары, мен үшін құнды құрмет. Өйткені сол құрметке лайықты болудың өзі үлкен бір деңгей. Сегіз сағаттық жұмысты қиынсынатындар бар, ал тәулігіне жиырма төрт сағат жұмыс, ол мұғалімге тиесілі. Қоғам мұғалімнің мойнына көп жұмыс артып қойды. Бірақ соған қарамастан артылған жауапкершіліктің үдесінен шығу табандылық пен қажырлы еңбек. Қазіргі мұғалім осыған талпынып келеді», – дейді Тұрар Жағыпаров.
Ашығын айту керек, бүгінде баласы жақсы болса, «менің тәрбием», сотқар, тәртіпсіз болса, «мұғалімнің бергені» деп түсінетін ата-аналар жетерлік. Олар осылайша қоғамдық көзқарасты қалыптастырады. Шырылдап жүрген әрбір ұстаздың құрметке лайықты екенін әлем мойындағанда кей кісілердің мойындамауына таңданасың. Иә, біздің өңірдегі білім саласында мықтылар қалыптасып келеді. Алдыңғы толқынның ізін басып, жарқын болашаққа сергек көзқараспен қарайтын Тұрар сияқты талантты, бесаспап мұғалімдер тұрғанда кемел келешектің тұтқасын ұстар ұландар өсе беретіні анық.


Дәулет ҚЫРДАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!