Әрбір жас – келешек кепілі. Тарих қойнауындағы құндылықты, тәуелсіздік пен бейбіт өмірді дәріптеу ұлт жанашырларының міндеті. Сондықтан болар, жерлесіміз Асылжан Абдуллаев «Тарихнама» атты медиа-жобасын жүзеге асырып, медиа саласы арқылы тарихты насихаттауды көздеуде. Жуырда «Kyzylorda Hub» технопаркінің резидентімен жолығып, жобаға қатысты сауалдарға жауап алған едік.

– Асылжан, «Тарихнама» жобасының басты мақсаты не? Жоба Сыр жастарына қандай әсер қалдырды?
– Қазіргі таңда медиа саласы танымал. Ал үгіт-насихатты аталған бағытта жүргізу тиімді екені түсінікті. Біз де толыққанды ойластырып, «Тарихнама» медиа алаң болады деп шештік. Сондықтан ол әлеуметтік желідегі платформаларда жүргізілді.
Жастар тағылымға толы бірнеше томдық кітап, документалды фильм, жәдігерлерге толы музейді аралауға уақыт таппайды. Себебі қарбалас. Алайда Instagram, Telegram, TikTok секілді платформалар атағын жоғалтпақ емес. «Тарихнаманы» да осы әлеуметтік желілерді пайдалану арқылы жүзеге асырып, көптеген жастың қазақ тарихына қызығушылығын оята алдым. Оған дәлел, 1 жылда TikTok желісіндегі аккаунттағы контентті 50 млн-ға жуық көрермен тамашалады. Тарихқа қатысты құнды деректі қарауға ұмтылыс артып, 163 мың жазылушы жиналды.
Қызығы, жоба тек Қазақстан емес, Орталық Азия, Еуропа және Батыс Еуропа мемлекеттерін қызықтыра алды. Сонымен қатар Түркия мемлекетінен бірлесіп жұмыс істеуге ұсыныс түсуде. Алдағы уақытта халықаралық деңгейде бейнеконтент жасау ойда бар. Бұл – жоба жеткен бірегей жетістік. Әрбір азамат тарихты білуге міндетті. Сол міндетімді мүдірмей атқарудамын деген үміттемін.
– TikTok әлеуметтік желісі арқылы 15 секундтық бейнеролик тарих туралы ақпарат бере алады деген ойды алға тартасыз. Аз ғана уақытты қамтитын «тез білім» көзі есте қалатынына қандай кепілдік бар?
– Жоба ұтымды болу үшін зерттеу жұмысын жүргізіп отырдым. Яғни, «қандай мәлімет қызық, оны қалай ұсынуға болады?» және «қандай әлеуметтік желі ұтымды?» деп, сауалдарға жауап іздедім. Жүйелі нәтижеге жету үшін ғалымдар пікірін саралау да тиімді.
Жалпы, ғалымдар қысқа ақпарат есте тез сақталады деген тоқтамға келген. Сонымен қатар, адамның жады сөзге қарағанда суреттегі ақпаратты жылдам есте сақтауға бейім. Сол себепті TikTok желісінде кез келген тарихи мәліметті арнайы оқиғаға қатысты суретпен тоғыстырып, қысқаша ақпарат беремін. Жобаның басты мақсаты да сапалы түрде аз уақытты қамтитын ақпарат көзін ұсыну екенін ескерсек, дұрыс жолдамыз деп ойлаймын. Тәжірибе мен кеңес алға жетелейді.
– Тарихи деректерді қайдан аласыз? Дереккөз ретінде қай ғалымның еңбегін жиі пайдаландыңыз?
«Тарихнама» жобасының жоспарын құру барысында әртүрлі ізденіске бардым. Дәстүрлі білім көзімен қатар заманауи ресурстарды да пайдалануға мүмкіндік туды. Яғни тарихи-ғылыми сайттарды қарап, электронды дереккөздерге түбегейлі зерттеу жұмысын жүргіздім. Сонымен қатар мектептен алған жүйелі білім пайдаға асты.

– Алдағы уақытта да платформалы жобаларды жүзеге асыру жоспарда бар ма?

– Қазіргі таңда жасанды интеллект – әлем назар аударып отырған интеллектуалды ғылым. Көптеген жоба осы бағытта жұмыс істейді. «Тарихнама» жобасы стартап-экосистемада алдыңғы қатарда. Бірақ алдағы уақытта жасанды интеллект саласына бар күш-жігерімді салуды жоспарлаудамын. Астаналық достармен бірге Қызылордадағы алғашқы 2 жасанды интеллект жобасын іске асыруды қолға алдық. Ал «Тарихнама» жобасы белсенді түрде жұмысын жалғастырады .

– Сұхбатыңызға рақмет!

Әңігмелескен

Нұршат НЫШАНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!