Кез келген мемлекет үшін адам өмірі мен оның құқықтарынан жоғары құндылық жоқ. Себебі, басты капитал да адамның денсаулығы десек, қателеспейміз. Мемлекеттік міндетті іске асыруда да медицина, білім беру, құқық қорғау саласының жүйелі жолға қойылуы маңызды секілді. Әсіресе, елдің болашағы – балалардың денсаулығы ерекше назарға алынуы тиіс.
Биыл мектеп медицинасын қаржыландыру үшін 27,5 млрд теңге қарастырылған. Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинаят жыл соңына дейін 17 ерте араласу орталығы ашылатынын жеткізіп, нәтижесінде жаңа туған шақалақтан бастап, 3 жасқа дейінгі аралықтағы 10 мыңға дейін баланың ем қабылдауына мүмкіндік туатынын айтты. «Балалар жылында» балалардың денсаулығы үшін тағы қандай жұмыстар атқарылмақ? Жалпы өңірдегі денсаулық сақтау саласының хәлі қалай?

Балалар денсаулығы –
басты назарда
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының назарынан балалар денсаулығы тыс қалған емес. Қыркүйекте облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ведомоство басшысымен бірге денсаулық сақтау қызметкерлерін қолдау, ана мен бала өлімін барынша азайту және қажетті орынмен қамту мақсатында жаңа перинаталдық орталық құрылысын салу сынды ортақ мәселелермен пікірлескен болатын. Аймақ басшысы ана мен бала өмірін сақтауға қажетті барлық шараларды қабылдауға дайын екендігін атап көрсетті. Сондай-ақ, министрлікпен бірге кешенді жұмыстарды жалғастыруға ниетті.
350 төсектік перинаталдық орталықта денсаулық сақтау министрі жаңа туған нәрестелер реанимациясы және қарқынды терапия бөлімінде жатқан балаларды бақылап, ерте босанған аналармен кездесті. Аталған бөлімге аса ауыр жағдайдағы әрі назар аударуды талап ететін нәрестелер, салмағы 500 грамм және одан жоғары балалар түседі.
Балалар денсаулығын жақсарту миллиардтаған қаржы бөлуден бұрын сапалы қызметтен, мықты кадрларды тартудан басталады. Биыл елімізде медициналық жоғары оқу орындарын бітірген 2692 түлектің 104-і Қызылорда облысында жұмыс істейтін болады.
«Өздеріңіз білетіндей, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялады. Балалардың денсаулығын қорғау жөніндегі іс-шараларды іске асыру шеңберінде министрлік алдын алуға ерекше назар аударатын болады. Осыған байланысты жүргізіліп жатқан зерттеулердің ағымдағы көлемін ескере отырып, балаларды профилактикалық тексеру пакеттері кеңейтіледі.
Сонымен бірге республика бойынша ауылға жұмыс істеуге баратын жас мамандарға әлеуметтік қолдау шаралары көзделген. Осы ретте, Қызылорда облысында 25 маман көтерме жәрдемақы алса, 1 маман тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Ал 1 маман басқа да әлеуметтік қолдау шараларына ие болды. Сонымен бірге өңірге амбу­латория­лық дәрілік қамтамасыз ету шеңберінде 6,6 млрд теңгеден астам сомаға дәрілік заттар, ал стационарлық көмек шеңберінде 6,4 млрд теңгеден астам сомаға дәрілік заттар сатып алу жүзеге асырылды. Бұдан өзге биыл әлеуметтік қызметкерлердің жалақысы 20 пайызға көбейеді, – деді Ажар Ғиният.

Ауылдарға – 27 амбулатория
Ауылдық жерлерде аурухананың жоқтығы, басы ауырып, балтыры сыздаған адамның арқаланып, аудан, облыс орталығына баруына мәжбүр еткені жасырын емес. Министрдің мәліметінше, елімізде 200-ден астам ауылда медициналық мекеме атымен жоқ. Бұл – өте өзекті мәселе. Бұдан бөлек ауылдарда алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарының медициналық инфрақұры­лымының 50%-дан астамы тозған. Тіпті, кей ауылдық жерлерде дәріхана пункттері жоқ.
Дегенмен министрлік шешімі бойынша алдағы уақытта бұл мәселелер шешімін таппақ. Яғни, халық саны 50-ден 500 адамға дейінгі елді мекендерде медициналық пункт, ал халық саны 500-ден 1500 адамға дейінгі ауылдарда фельдшерлік-акушерлік пункт ашылады. Өңірлік медицина саласы да жақсы жаңалықтан тыс қалмады. Айта кету керек, «Ауылдық медицинаны жаңғырту» жаңа ұлттық жобасы аясында Сыр еліндегі мекендерде 27 дәрігерлік амбулатория салынатын болады.
Облыс бойынша 237 медициналық-санитарлық алғашқы көмек нысаны жұмыс істейді. Министр ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру туралы айта келе, Қызылорда облысында ауылдық жерлерде 27 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысанын салу жоспарланып отырғанын атап өтті.
Сонымен қатар жоба аясында жалпы 32 көпбейінді аурухана, оның ішінде өңірдегі 4 орталық аудандық аурухана ұйымдастыру жоспарлануда. Көпбейінді ауруханалар базасында инсульт және кардиологиялық орталықтар, медициналық оңалту, травматология, хирургия, реанимация және қарқынды терапия бөлімшелері, триаж жүйесі бар қабылдау бөлімшесі ашылады.

Алғаш рет табанға операция жасалды
Жақында Арал қаласынан табан жарақаты бар кішкентай пациент шұғыл түрде аудандық ауруханаға, содан кейін облыстық балалар ауруханасына жеткізіліп, операция сәтті жасалды.
Қыздың анасы Айшолпан Өмірханованың айтуынша, үш жасар Гүлбағым көршінің мотоциклінің жанында ойнаған. Темір құрылғы сәбидің сол аяғына құлаған. Ал компьютерлік томографияда топайсүйекасты буынының шығуы және табанның пронациясы белгілерімен топайсүйектің сынуын (жылжып сынуын) анықтап, оған операция жасау қажет болған.
Облыстық балалар ауруханасының ортопед-травматологы Олжас Құрбанбаев:
«Практикада мен мұндай табан жарақатын бірінші рет көрдім. Травматологиядағы топайсүектің жылжып сынуы сирек кездеседі және ауыр жарақат тобына жатады. Топайсүйек арқылы дененің бүкіл ауырлық қысымы табанға беріледі. Бұл ешқандай бұлшықет жоқ жалғыз табан сүйегі. Аваскулярлық некроз, дегенеративті артроз секілді асқыну қаупі бар. Мүгедектік деңгейі жоғары. Жас организм бұл жарақатпен күресіп, тез түзеледі деп үміттенеміз», – деп атап өтті.

Дина БӨКЕБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!