Түркістан облысындағы ауруханалар мен емханалардың көпшілігі күрделі жөндеуді қажет етеді. Тіпті, кей аудандарға жаңасын салу қажет. Өңірде орналасқан әлеуметтік нысандардың басым бөлігі 1950-60 жылдары бой көтерген. Олардың арасында ағаштан тұрғызылғандары да бар. Сылағы мен сыры кетіп, қабырғалары құлаудың алдында тұр. Сондай-ақ, көпшілігі кеңес үкіметінен қалған материалдық техникалық базаны қолданып келеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Мәжіліс депутаты, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі Ұласбек Сәдібековтың сөзінше, табиғаты қатал – қысы суық, жазы ыстық Созақ ауданындағы орталық аурухананың жылу жүйесі жаңартуды қажет етеді. Аурухана бөлмелері суық болуына байланысты науқастар электр пештерін қосуға мәжбүр. Оның өзі ауруханадағы электр кабелдерінің ескіруінен тоқты көп пайдаланғанды көтермейді, электр жүйесі мүлдем тозған.

Ол Денсаулық сақтау министрі Әлназароваға депутаттық сауал жолдап, өңірдегі медициналық ахуалдың күрделі проблемаларын көтерді.  

«Орталық емхананың да жағдайы осыған ұқсас.  Бірнеше жыл бұрын ғимараттың шатыры жаңартылып, қабырғалары қапталған. Ал, ішкі есіктері, жылу жүйесі, едені ескі күйінде қалып қойды. Мұндағы рентген аппараттарының барлығы кеңес дәуірінен бері жаңартылмаған. Қондырғылардың қосалқы бөлшектері табылмайды. Себебі мұндай аппараттар қазір өндірісте жоқ. Ал, созақтықтар жоқтан бар жасап қолдағы бар дүниемен жұмыс істеп жатыр. Алпыс мыңнан астам тұрғыны бар ауданда морг жоқ. Сондықтан қайтыс болған тұрғындарға патологиялық, анатомиялық зерттеулер жүргізу үшін облыс орталығына алып баруға мәжбүр», – деді Сәдібеков.

Аудандағы елді-мекендердің арасы шалғай орналасқандықтан шұғыл дәрігерлік көмек керек науқастарды орталыққа жеткізу өте қиын. Аудан орталығынан есептегенде жақын елді-мекен 25 шақырымда, ал ең алысы (Тайқоңыр поселкесі) 360 шақырым жерде орналасқан. Ауылдық округтерде және елді-мекендердің кейбірінде дәрігерлік амбулатория мен аурухана, емхана мүлдем жоқ. Сол себепті, балтыры сыздап, басу ауырған әрбір тұрғын 300-ден астам шақырым жол жүріп, аудан орталығына келуі қажет.

«Бәйдібек ауданында да жағдай дәл осылай. Мыңбұлақ ауылдық округі Бөген дәрігерлік амбулаториясы 4000-ға жуық халыққа қызмет көрсетеді. Аталған дәрігерлік амбулатория 1957 жылы салынған. Ғимараттың тозығы жеткен. Медициналық санитарлық талаптарға мүлдем сәйкес келмейді. Сондықтан Бөген дәрігерлік амбулаториясына жаңа ғимарат салу қажет.Аудандық орталық ауруханаға қарасты 12 дәрігерлік амбулаторияның барлық санитарлық автокөліктерінің тозығы жетіп тұр. Оның баршасын жаңарту қажет», – деді ол.

Түлкібас ауданына қарасты Састөбе кентіндегі дәрігерлерде ыңғайластырылған 2 қабатты ғимаратта отыр. Нысан күрделі жөндеуге жатады.

Терапиялық бейіндегі 14 төсекке арналған аурухана Састөбе кенті және Келтемашат, Арыс, Машат, Балықты округіне қарасты 32 мың халыққа қызмет көрсетеді.

«Бір таңқаларлығы, ауылда халық саны өскенмен, ауруханадағы орын саны жылдан жылға қысқарып келеді. Мәселен, 2018 жылы мұнда 28 орын болған. Ал, 2023 жылы төсек орын саны екі есеге (14) қысқарып кеткен. Кент аудан орталығынан 35 шақырым қашықтықта орналасқандықтан боранды, жаңбырлы күндері, жолдың ұзақтығына байланысты орталық ауруханаға барып-келу қиындық тудырады. Өткен жылы боранның салдарынан 4 мәрте жол жабылып, автокөліктердің жүрісі тоқтаған. Ал, жаз айында күннің қатты ыстық болуына байланысты жүріп тұру қиын. Қазір Састөбе кентінен жаңа аурухана ғимаратын салу үшін 1,5 га жер телімі қарастырылып отыр. Ендігі мәселе жаңа аурухана салу жайын қолға алсақ, елдегі ағайынның көптен бері көтеріп жүрген мәселесін шешіп берген болар едік», – деді депутат.

Дәл осы жағдай, аудандағы Мичурин және Түлкібас кентінде де туындап отыр. Мұнда да дәрігерлер тозығы жеткен ғимаратта қызмет көрсетіп келеді.

Әр ауылда 20 мыңнан астам адам тұрады.

«Ақмарал Шәріпбайқызы, Түркістан облысының денсаулық сақтау саласындағы мәселелерді назарға алсаңыз деймін. Әсіресе, халық көп қоныстанған аймақтарға жаңа ауруханалар мен емханалар салып, ескірген материалдық техникалық базаларды жаңартуды сұраймын», – деді «AMANAT» партиясы Фракциясының депутаты Ұ. Сәдібеков.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!