Қазақстанда дәрігерлерге арналған жасанды интеллект енгізілмек. Ол алдын ала диагноз қойып, ем тағайындауға көмектеседі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

“Ascle” жобасының әзірлеушісі Сұлтан Жұмабаевтың айтуынша, технология науқастардың шағымын талдауға және алдын ала ұсыныстар қалыптастыруға бағытталған.

“Біз дәрігерлерге арналған жасанды интеллект жүйесін жасап жатырмыз. Ол дәрігер мен пациент арасындағы диалогты жазып алады. Сосын сөйлеуді танып, оны құрылымдалған медициналық деректерге айналдырады. Жиналған мәліметтерді автоматты түрде алғашқы қабылдау картасына және медициналық картаның негізгі бөлімдеріне енгізеді. Одан кейін алынған ақпараттың контексіне сүйеніп, алдын ала диагноз қойып, оңтайлы ем мен тағайындауларды ұсынады”, – деді ол.

Сонымен қатар әзірлеуші соңғы шешім бәрібір дәрігердің құзырында қалатынын айтты. Жүйе құжат рәсімдеуге кететін уақытты да қысқартуға көмектеседі.

“Бұл шешім медициналық құжаттарды жүргізу уақытын 50% қысқартады. Соның арқасында дәрігер пациентпен тікелей жұмысқа көбірек уақыт бөле алады. Ал медицина қызметкері көбірек адам қабылдап, қызмет сапасын арттырып, жеке тәсіл қалыптастыруға мүмкіндік алады”, – деді ол.

Жұмабаевтың айтуынша, жоба қазір елдің төрт өңіріндегі 38 клиникада сынақтан өткен. Ал 52 дәрігер оны қолданып жүр.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!