• Маусымның үшінші жексенбісі – медицина қызметкерлері күні

Қан қысымым дұрыс болмай тұрғанын сездім. Күннің ыстығы шекені тесіп жіберердей болып тұр. Дәрігерге құлауға таяғанда баратын қазақы қалыппен бас дәрігердің есігін қаққанмын. Зинаида Әбдімәжитқызы жылы шырай таныта қарсы алды. Күлімдеп қарсы алған дәрігерге қарап, дертіне шипа іздеп келген жанның тән жарасын таңып, жан жарасын емдеп жіберердей маман екенін сезіндім.

Облыс орталығынан таяқ тастам жердегі Қоғалыкөл ауылындағы дәрігерлік амбулаторияда еңбек етіп жүрген білікті мамандар жетерлік. Алақандай ауылдағы шағын емдеу орнының кіреберісіненақ мұнтаздай тазалықты байқауға болады. Үнемі ауласынан көлік арылмайтын бұл жерден дертіне шипа іздеп келетін халықтың да қарасы қалың. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін осында.

– Мұнда біреу басы ауырып, балтыры сыздап келеді. Тағы бірі тұрақты ем-домын алады. Енді бірі алдын-ала тексеріліп, денінің саулығын бақылайды. Облыс орталығындағыдай заманауи құрылғылар болмаса да, біз қолдан келген көмегімізді береміз, содан кейін орталықтағы емдеу мекемелеріне жолдамасын дайындаймыз, – дейді Зинаида Опабек.

Амбулаторияға бір айда 650- 700-дей адам келеді. Іш ауру, тымау тәрізді ауру өршіген уақытта келуші саны артады. Ал қалыпты уақытта алты ай сайын қан қысымын тұрақтандырып, емделетіндер де жеткілікті. Одан бөлек, скринингтік тексеру, толық қаралу тәрізді топтар да бар. Соның барлығына 20-ға жуық маман қызмет көрсетіп келеді.

– Дәрігер болатын адамның жүрегі кең болуы керек. Өйткені, бұл сала мамандықпен қатар, адамдықты алға қою жауапкершілігін жүктейді. Алдыңа келген науқастың алдымен не мазалайтынын сұрап, оған жылы шырай танытып, мейіріммен қарауың керек. Өйткені, ешкім дәрігердің алдына қуанғаннан бармайды. Бойындағы үрейі мен қорқынышын жойып, денінің саулығын оңдау үшін барады, – дейді бас дәрігер.

Расымен, қала іргесіндегі Аманкелді ауылынан арман қуып, дәрігер атанып, кейін өмір жолы оны Қоғалыкөлге бағыттаған дәрігердің сөзінің жаны бар. Медицина саласының маманы жай ғана маман емес, мықты адам болуы шарт. Әйтпегенде, жан дертіне дауа таппай, табалдырық тоздырған науқастың қажетіне жарағаны үшін бақытты болатын жан дәрігер емей, кім дейсіз?!

– Өмірде өзіңнің қоғамға қажет екеніңді сезінгеннен артық не бар? Өмірдің мәні де сонда емес пе?! Нағашыларым дәрігерлер әулетінен. Соларға ұқсағаным шығар, ақ халат киюді арман еттім. Сол ақ халатты арымдай кірлетпей, елдің қажетіне асып жатқанымыз. Дерт мазалап келген жанның кабинеттен күлімдеп шыққанынан артық нәрсе көрмедім. Әрбір жанның ауруынан жазылып кетіп жатқаны – біздің еңбегіміздің көрінісі. Оны қоғам болып, төбесіне көтеріп, ақ халатты абзал жандар атап жатқаны – біз үшін зор бақыт, – дейді дәрігер.

Ұжымның да тонның ішкі бауындай біте қайнасып, бірін-бірі толтырып тұрғанын мақтанышпен айтқан Зинаида Әбдімәжитқызы мереке қарсаңында лебізін де білдірді.

 – Адамдар ауырмасын. Әрбір жан он екі мүшесі сау, көңілі тоқ болып, тәуелсіз еліміз жайнай берсін, – деді ол.

Кабинеттен шығып бара жатқанымда менің шыққанымды күтіп тұрған келесі тұрғынды көріп, «алтын уақытын алдым-ау» деп ойланып қалдым. Иә, олардың болмысында әрбір минутта сағаттың тілі елдің саулығы үшін соғып тұрған тәрізді.

Д.ТҰРСЫНХАНҰЛЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!