Жапондардың ұзақ жасау ерекшелігі әлемді таңқалдырып келе жатқаны жасырын емес. Бірі мұндай өзгерісті климаттың жайлылығына сүйесе, енді бірі дұрыс тамақтанудан іздеуде. Әрбір тұжырымның жаны бар, әйтсе де соңғы болжамның шындыққа жанасатынын көп ғалымдар бұған дейін де айтқан еді. Әсіресе, пайдалы ас тұтыну, таза ауада серуендеу, жүйкені сақтаудан бөлек суды дұрыс пайдаланудың да көмегі зор екен. Су тіршілік көзі ғана емес, дертке шипа қасиеті де жетерлік.

Жапония ядролық жарылыстан соң денсаулық сақтау ісіне мұқият мән беріп, жүйелі жоспарды қолға алды. Ғылыми технологиямен қатар мыңжылдықтар бойы жиған емдеу әдісіндегі тәжірибені дамыта білді. Соның ішінде сумен емдеу техникасы да аз уақыттың ішінде танымал болған.

Бұл техника қан қысымынан бастап қатерлі ісікке дейінгі аурудың еміне айналып, хирургиялық операциясыз емдеуге мүмкіндік берді. Содан болар қызу көтерілуі, іш жүрмеу, тері құрғауы, көру қабілетінің нашарлауы секілді қиындықты судың көмегімен жеңгендердің саны артты. Арнайы мамандарды оқыту ісі де ілгерілей түсті. Осыдан-ақ дәстүрлі емнің дамығанын аңғарамыз. Сонымен жапон танымы таныған судың қандай ерекшелігі бар? Көмегі қандай? Осы сауал төңірегінде ой тарқатып көрелік.

Судың емдік қасиеті болуы үшін алдымен оны ішу қажет. Қарапайым көрінгенімен мұндай қадам жүйелі өзгеріске жетелейді. Күнделікті ішетін су мөлшерін арттырып, диета ұстау басты шартқа айналуы керек. Сонда ғана пайдалы болмақ. Бастысы, қай ауруға қалай қолдану керегін білсеңіз болғаны. Мәселен, ревматизм, қан аздық, артрит, семіздік, іш қату, туберкулез, бүйрекке тас байлану секілді ауруларды сумен емдеуге болады.

Мұндай болжамды ғылым да жоққа шығармаған. Ғалымдар қант диабеті, асқазан инфекциясы, жүрек қан-тамыр ауруларын судың көмегімен емдеуге мүмкіндік барын әлдеқашан дәлелдеген. Сондықтан суға деген сенімнің артқаны айтпаса да түсінікті.

Аталған техниканы қолдану тәсілі де қарапайым. Тек үздіксіз пайдаланса болғаны. Алдымен таңертең аш қарынға су ішуді әдетке айналдырыңыз. Оған қоса шай және кофе сияқты сұйықтықтардан соң міндетті түрде су ішкен жөн. Ас қорыту үшін де көп мөлшерде су ішудің әсері барын ұмытпаңыз. Нәтижесінде ішек жолдарының жұмысы жақсарып, көлденең кеселден аулақ жүруге мүмкіндік бар.

Сонымен күніне қанша мөлшерде су ішу керек? Жапонның сумен емдеу техникасына сүйенсек, күннің әр мезгіліне түрлі мөлшер бекітілген. Мысалы, таңғы ас алдында 640 мл, түс кезінде 500-800 мл су ішу керек. Ал күнделікті мөлшер 2 литрден жоғары болуы шарт. Бұл – міндетті доза. Одан артығы ағзаның қажеттілігіне байланысты.

Бір қызығы, бұл әдіс ауруды емдеу жолы ғана емес, өзге де дерттің алдын алуға көмектеседі. Содан болар, ғылымда сумен емдеуді алдын-алу шарасының ең басты тәсілі ретінде қарастырады. Қолжетімді әрі қаржы шығындауды қажет етпейтін артықшылығы да аталған әдістің тарауына ықпал етті.  

Бүгінде ауруханаларда сумен емдеу бөлімдері ашылып, емдеу курстары жүзеге асырылуда. 10 күн сумен емдеу арқылы науқасқа көмек көрсетіледі. Ал қант диабеті мен қан қысымын емдеу 30 күн уақыт алады екен.

Сумен емдеудің жапондық әдісі, тіпті, қатерлі ісік ауруынан айығуға да көмектеседі. Дегенмен, бұл дәрігер-онколог белгілеген терапия курсымен қатар жүргізілуі  керек. Сонымен бірге  гидротерапия денсаулыққа кері әсер етпеуі үшін дәрігермен кеңесуді естен шығармаған жөн.

Берен ШАҒЫРОВ