Қуаныш ЖАНҰЗАҚОВ,

Облыстық дін істері

басқармасының басшысы:

– Қуаныш Қуантқанұлы, толеранттылық дінаралық татулықтың негізгі тетігіне айналғаны белгілі. Сондықтан алғашқы сауалды жалпыадамзаттық ұғым төңірегінде өрбітсек. Қазір зайырлы қоғамдағы діни ұстаным түсінігі толық қалыптасты деп айта аламыз ба?

– Расында, дін – мемлекеттік саясаттағы және қоғам азаматтарының рухани өмірі мен мәдениетіндегі маңызды фактордың бірі. Адам мен қоғам өмірінде ерекше орын алатын дін рухани мәдениеттің қалыптасу үдерісінде негізгі функцияларды атқарады, мәдениеттер мен өркениеттердің дамуына ықпал етеді. Дін дегеніміз тек сенім жүйесі емес, ол – өмір сүру мәнері, моральдық нормалар, қарым-қатынас әдебі, рухани қағидалар жүйесі. Сондықтан салаға қатысты әрбір ұстаным, ұғым ерекше саралауды қажет етеді.

Алдымен зайырлы қоғамның аражігін ажыратып алған жөн. Елбасы Н.Назарбаев: «Зайырлы мемлекет пен қоғам, бұл – біздің тарихи таңдауымыз. Зайырлы атеистік дегенді білдірмейді. Зайырлы дегеніміз, бұл – озық, толерантты, ашық қоғам», – деп атап көрсеткендей, зайырлылық – бұл біздің таңдауымыз. Заң аясында да аталған ұстаным бекіген.

Оған мысал – Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабының 1-тармағы. Онда «Қазақстан Республикасы өзін зайырлы, құқықтық мемлекет ретінде орнықтырады» делінген. Конституциялық негіздегі «зайырлылық» ұғымы мемлекет барлық сала, оның ішінде дін саласында да ашық және айқын саясат ұстанатынын, азаматтардың ар-ождан бостандығын қамтамасыз ететінін, дін мен саясатты араластырмайтынын білдіреді, яғни зайырлылық – дінсіздік немесе дінді терістеу емес, ол – мемлекеттің діни нормалармен емес, құқықтық қағидаттармен басқарылуын білдіреді.

Зайырлы мемлекетте діннің өзіндік орны бар. Дін мемлекеттен бөлінгенімен, халықтың болмысы мен тұрмыс-тіршілігінен бөлінбейді. «Зайырлылық» ұғымы мемлекеттің дінге деген ұстанымының демократиялық сипатта екендігін, діни сенім бостандығының қамтамасыз етілетіндігін танытады. Мемлекет пен діннің арақатынасындағы жанды байланыстар зайырлы және рухани-діни құндылықтардың арақатынасы негізінде орныққан.

Сондықтан, зайырлы қоғамдағы діни ұстаным туралы түсінікті қалыптастыру үшін  елдегі 18 конфессия өкілдері өзара ынтымақ пен келісім аясында ортақ ұстанымды сақтайды. Олар – қоғамдағы моральдық-адамгершілік құндылықтарды сақтау, халықтың дәстүрлі құндылықтарын дамыту, отбасы және неке институтының маңызын арттыру.

– Басқарма тарапынан ақпараттық-түсіндірме жұмысын өткізу жиілігі қандай?

– Аймақта конфессияаралық келісімді насихаттауға арналған түсіндіру жұмысы тұрақты өтуде. Әсіресе, тұрғындарға конфессияаралық келісімді қамтамасыз ету саясатында қол жеткізген жетістік, әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі, Қазақстан халқының дәстүрлері, рухани-мәдени толеранттылығы туралы ақпараттандыру жүргізіледі.

Жоғарыда аталған бағыттар бойынша жүргізілген жұмыстардың нәтижесі өңірде дінаралық татулықты нығайтуға оң әсер тигізіп келеді. Мысалы, биыл әлеуметтік сауалнама жүргізілді. Қорытындысы бойынша «Сіз өзге дін өкілдеріне, мерекелері мен рәсімдеріне, дәстүрлеріне қалай қарайсыз?» деген сұраққа респонденттердің 80 проценті «өзге дін өкілдеріне, мерекелері мен дәстүрлеріне құрметпен қараймын» деп жауап берген.

Мұндай оң нәтиже сала мамандары еңбегінің жемісі екені сөзсіз. Қазіргі таңда облыста дін саласында 9 ақпараттық-түсіндіру тобы бар. Оның құрамына теолог мамандар, ғалымдар және түрлі сала өкілдерінен үйлестіруші басшылық алқасы тартылды. Соңғы кезеңде тұрғындар арасында мақсатты аудиторияға әсер ету тәсілдері енгізіліп, атаулы ақпараттық-түсіндіру жұмысының ауқымы кеңейтілді. Атап айтқанда, мақсатты аудиториямен (діндарлар, жастар, өзін-өзі жұмыспен қамтушылар, сотталғандар т.б.) теологиялық сұхбат жүргізумен қатар әлеуметтік қолдау, қайырымдылық акцияларға үлес қосу, медициналық көмек көрсету, отансүйгіштік бағыттағы қойылымдарға қатыстыру, спорттық сауықтыру орталықтарына апару, тарихи-танымдық көрмелермен таныстыру, бейресми дастархан басында кездесу өткізу әдістері сәтті қолданылды.

Биыл жергілікті тұрғындар арасында терроризм және радикалдық идеологияға қарсы иммунитетті қалыптастыру, мемлекеттің дін саясатын жүзеге асыру мақсатында өткен шараларға 20 мыңнан астам тұрғын қамтылды.

Реті келгенде ғаламтордағы қауіпсіздік туралы атап өткім келеді. Бүгінде ғаламтор мен түрлі әлеуметтік желі пайдаланушыларға лезде және жасырын ақпарат тарататын құралға айналды. Түрлі деструктивті діни  ұйым мен ағым өкілдері өз қатарына жаңа жақтастарды тарту және теріс идеяларын тарату үшін әлеуметтік желіде белсенділік танытуда. Алайда еліміздегі экстремизм мен терроризм идеяларын анықтау, алдын алу, ескерту және жолын кесу бағытында жүргізілген шаралар нәтиже беріп келеді. Осы ретте деструктивті идеяларды ауыздықтау мақсатында іске асырылып отырған жұмыстардың дені БАҚ пен ғаламтор кеңістігінде жүргізіліп отырғанын айта кету қажет. Сондай-ақ, ғаламторда деструктивті идеяларды дер кезінде анықтау және жолын кесу мақсатында мемлекеттік органдар «Киберқадағалау»  жүйесін пайдалануда. Осы арқылы діни радикализм, экстремизм және терроризм идеяларын таратумен және насихаттаумен айналысатын интернет-ресурстардың қызметі сот шешімімен бұғатталып отырады. Бұл жұмыстардың барлығы зайырлы мемлекетіміздің қауіпсіздігі, тұтастығы мен ұлтаралық, дінаралық татулықты сақтау мақсатында республикалық кешенді бағдарламалар бойынша іске асуда.

– Діни теріс идеологияға қарсы тұру көзі – білім сапасын арттыру. Осы орайда аймақтағы жастардың діни білім алуын қадағалау қаншалықты жүйелі жүргізілуде?

– Шетелдік теологиялық оқу орындарына барып, білім алуға ниетті талапкерлерді анықтау, олардың діни көзқарастарын саралау бағытында бірқатар жұмыс жүргізілуде. Мектеп бітірушілері, орта арнаулы және ЖОО студенттері мен жастар арасында әлеуметтік сауалнамалар ұйымдастырылды.

Биылғы жылдың ІІІ тоқсанында жастар арасында жүргізілген сауалнаманың қорытындысы бойынша шетелде діни білім алғысы келетін жастардың үлесі 5 процент,  қазақстандық діни оқу орындарда оқуға ниеттілер үлесі 17,3 процент болды. Қараша айында сауалнама жоғары оқу орны, колледж студенттері, басқа да жастар арасында жүргізілді. Алдағы уақытта облыстағы маргинал және NEЕT санатындағы жастардың арасында сауалнама ұйымдастырылатын болады.

Оған қоса биыл облыстық дін істері басқармасы облыстық білім басқармасымен бірлесіп, пилоттық режимде әлеуметтік сауалнама ұйымдастырды. Негізгі мақсат – мектеп бітірушілердің діни көзқарасын білу, діни білім алуға ниетті жастардың үлесін бақылау, өңірдегі жоғары сынып оқушылары арасындағы шетелде діни білім алуға қызығушылықты анықтау.  Сауалнамаға 9-11 сыныпта оқитын 10 мыңнан астам оқушы қатысып, толыққанды ақпарат алуға мүмкіндік туды.

Аталған шараның тиімді тұсы кейінгі жұмыс жоспарға тікелей әсер етуімен құнды. Мысалы, сауалнама нәтижесі бойынша жастардың басым бөлігі діни білім алуға емес, шетелде білім алуға қызығушылығы бар екені анықталды. Жоғары сынып оқушыларының 7 проценті шетелде діни білім алуға, 3 проценті «Нұр-Мүбарак» Египет-Ислам университетінде оқуға ниетті екенін білдірген.

Сауалнама нәтижесі бойынша ақпараттық түсіндіру тобының мүшелері шетелде білім алу мен діни білім алудың дұрыс жолдары, рұқсат етілген не етілмеген оқу орындары, олардың қауіптілігі жайлы ақпараттық-түсіндірмелік семинар дәріс жүргізді. Сондай-ақ, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Дін істері комитетімен ұсынылған 11 ережеден тұратын шетелге оқуға кететін азаматтарға арналған дін мәселелері бойынша жадынама таныстырылып, шетелдік және отандық ЖОО, теологиялық оқу орындары жайлы түсіндірілді. 

Мектеп бітірушілерімен жүргізілген әлеуметтік сауалнама нәтижесінде діни білім алуға қызығушылығы бар түлектер анықталып, облыс әкімінің грантымен әлеуметтік жағдайы бойынша 21 мектеп бітірушінің тізімі жасақталды. Жасақталған тізімнен 8 мектеп бітіруші түлек «Нұр-Мүбарак» Египет-Ислам мәдениеті университетінің грантын иеленсе, 5 түлек облыс әкімінің грантымен студент атанды.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен:

Ерсін ШАМШАДИН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!