Атырауда әлеуметтік желі арқылы жиһаз жасатуға тапсырыс берген бір топ тұрғын бүгін шу шығарды. Олар Альянс Групп компаниясына оңбай алдандық, бірақ полицейлер оларды тергеуге құлық танытпай отыр дейді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның “Информбюро” жаңалықтарына сілтеме жасап. 

Жиналғандардың айтуынша, әрқайсы жарты жыл бұрын аталмыш компанияға сәнді жиһаз жасатпақ болған.

Ол үшін тіпті қарызданып, ақшасын да төлеп қойған. Бірақ, тапсырымыз 45 күнде дайын болады дегендер, жеме-жемге келгенде жұртты тақырға отырғызып кетті дейді. Ал, компания басшысы болса ешкімді алдамадым, барлық шығын өтеледі деп отыр.

Жиналған бір топ тұрғын жарты жылдан бері «Альянс» групп компаниясына салған ақшаларын қайтара алмай, сергелдеңге түскендерін айтады. Олар компанияның әлеуметтік желідегі жер жарған жарнамасы мен түрлі жеңілдіктеріне қызықтық. Әрі жиһаздардың бағасы да қолжетімді болды дейді. Алайда, соңғы тиынымызды алаяқтардың қолына санап бердік деп ашулы.

“4 миллион 310 мың теңгемді бөліп төлеймін деп рәсімдедім. Дәл бүгінге дейін 7 ай болды. Бостан босқа бала-шағамның аузынан жырып, несие төлеп отырмын. Менің талабым – ақшамызды қайтарсын!  Залалын тіпті өтемей-ақ қойсын, кәдімгі маңдай термен тауып сонда салған ақшамды қайтарып берсін”, – дейді тұтынушы Гүлмира Макеева. 

“Өте белсенді жарнама жүргендіктен, осы «Альянс» компанияға сеніп, хабарластым. Қызметкері келіп, бізге арзан бағада жиһаз жасап беретінін айтты. Мен өзім жағдайыма байланысты 450 мың теңгені 70 пайызын кепілақы ретінде аудардым. Кейін «Альянсқа” хабарлассам мына кісінің жұмыстан шығып кеткенін айтты”, – дейді тұтынушы Кәмшат Нысанбаева. 

“20 қазаннан бері 45 күн өтті, әлі жоқ. Менде 2 миллион 400 мың шығын. Біз ақшамызды қайтаруды және өкілетті орган осы істі қолға алуларыңызды сұраймыз. Сотқа да шағымданамыз”, – дейді тағы бір тұтынушы Гүлфара Тәзікен. 

Жиналғандардың алды 500 мың, кейбірі тіпті 4 миллион теңгеден санап бергендерін айтады. Қазір полиция департаменті бұл іске қатысты «алаяқтық» бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталғанын хабарлады.

“Жәбірленушілер мен «Альянс Групп» атауымен тіркелген жеке кәсіпкердің жауаптары алынуда. Тергеуде мүддесіне сәйкес өзге ақпарат ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жариялануға жатпайды”, – дейді Атырау облыстық Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мейірім Нұрдәулет. 

Жиһаз жасайтын компания жұмысын тоқтатпаған. Қазір де тапсырыстарды қабылдап жатыр. Тіпті әлеуметтік желідегі парақшасында да белсенді. Ал, компания басшысы өзін алаяқпын деп санамайды.

“Бір жарым жылдай Максим Николаевич деген кісіні жұмысқа алдым, гражданин РФ ол қашып кетті. Оның артынан қырғын клиенттер қалдырып кетті. Соның бәрін мен өз мойныма көтеріп, кредит, үйімді сатсам да жасап, жұрттың ақшасын қайтарып жатырмын”, – дейді Альянс Групп компаниясының бас директоры Мұрат Тұрлыбеков. 

Ал, аузы күйген тапсырыс берушілер керек болса жоғарғы сотқа дейін барамыз деп бекініп отыр.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!