Қазақстанда 2026 жылдың алғашқы жартысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша 4 млрд теңгеден астам негізсіз төлемнің алдын алды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Мәліметке сәйкес, алаяқтықтың алдын алу тетіктері медициналық қызметтерге ақы төленбей тұрып, 4 млрд теңгеден астам сомаға қатысты кемшіліктерді анықтаған.

МӘМС жүйесін өзгерту жұмыстары биыл ақпанда басталған. Үкімет оның негізгі мақсаты қордаланған қаржылық және басқару мәселелерін шешу екенін мәлімдеді.

Қазір медициналық көмекті жоспарлау, сатып алу, бақылау және оған ақы төлеу үдерістері Qalqan бірыңғай цифрлық тұғырнамасына біріктіріліп жатыр. Сынаққа 207 емхана қатысуда. Осы жүйе арқылы медициналық көмектің 92 түрінің 20-сына ақы төленіп жатыр, тағы 60 түрі сынақтан өтуде.

Науқастар да өз атына медициналық қызметтің көрсетілгенін растай алады. Қазір мұны eGov Mobile қосымшасындағы QR-код арқылы жасауға болады. Кейін бұл мүмкіндік екінші деңгейлі банктердің қосымшаларына енгізілмек.

2026 жылдың екінші жартысында жаңа үлгідегі тетіктерді кеңінен енгізу жоспарланып отыр.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!