Енді он күннен кейін мобильді төлемдер арқылы сауда жасап отырған әрбір кәсіпкер салық төлеуге міндетті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» заңға қол қойды. Бұдан былай дәмханалар, дүкендер мен шаштараз, массаж секілді түрлі қызмет көрсетіп отырған кәсіпкерлер жеке шотына емес, аударымды жеке тұлға ретінде тіркелген шотына аудартуы тиіс. Осылайша заңды тұлға ретінде тіркелсе де, мобильді төлемдер арқылы жеке шотына пайда түсіріп отырған бизнесмендер заң бойынша салық төлеуі шарт. Ал, такси жүргізушілері жеке кәсіпкер куәлігін рәсімдеу керек. Мамандар тек отандық кәсіпкерлерді ғана емес, шетелдік алпауыт интернет дүкендерге де салық төлетеміз деп отыр.
Алматыға Түркістан облысынан келіп сауда жасап жүрген Рахима әжей көп жағдайда қолма-қол ақшамен емес, мобильді аударым арқылы есептеседі. Қара базарда құрт, шемішке сатады. Тапқан табысым ішіп-жемнен артылмайды деген кейуана мобильдік аударымдар үшін салық төлейтін болсам пайда қалмайды деп отыр.
РАХИМА МҰРАТ, саудагер:
– Мен не сол перевод арқылы салып отырамын, голд арқылы. Міне, бүгін де салайын деп отырмын. Менде міне азғантай ғана нәрсе сататыным. Мысалы жүз мың салсам соның үстінен патент ұстатып маған өте қиын нәрсе ол!
Алайда мамандар, Рахима әжей секілді табысы аз саудегерлер яғни: бір жылдық кірісі үш миллион төрт жүз мың теңгеден аспайтын азаматтар жеке табыс салығын төлемейді деді. Бірақ, тек өз өнімін сатып отырған жағдайда ғана бірыңғай жиынтық төлем төлеуге міндетті. Ол дегеніңіз салықтың орнына ай сайын бір айлық есептік көрсеткішті, яғни: келер жылдан бастап үш мың алпыс үш теңге төлеп отырады. Яғни, өз бау-бақшасының өнімдерін не айран-сүтін сатып отырған азаматтар жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей-ақ, ай сайын үш мың теңгеден астам ақшаны салық ретінде төлейді. Ал, 10 күннен кейін күшіне енетін заң ай сайын екі жүз сексен үш мың теңгеден көп пайда тауып отырған кәсіпкерлерге ғана қатысты.

informburo31