Сурет: Zakon.kz

Қазақстанның азаматтық заңнамасы банктерді салымшының бірінші талабы бойынша салым немесе оның бір бөлігін беруге міндеттейді. Осы мәселе бойынша Қазақстандық депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ) бірқатар шарттарды мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Банк салымы шарты бойынша белгілі бір мерзімді көздейтін салымдар бойынша (ҚДКБҚ жіктелімінде – мерзімсіз, мерзімді және жинақ салымдар) банк ақша қаражатын осы мерзім туындаған шақта беруге міндетті.

«Салымшының қалауы бойынша банк салымды мерзімінен бұрын қайтара алады. Алайда салымның түріне қарай қайтару мерзімі әртүрлі болуы мүмкін: мерзімді және мерзімсіз салым бойынша – күнтізбелік 7 күннен кеш емес, жинақ салымдар бойынша – салымшының талабы келіп түскен сәттен бастап, күнтізбелік 30 күннен ерте емес уақытта беріледі.»,- деп мәлімдеді ҚДКБҚ.

Салымдағы ақшаны мерзімінен бұрын мына екі әдіспен алуға болады:

  • ішінара, шартты мерзімінен бұрын, азайтуға болмайтын қалдыққа дейін;
  • шартты мерзімінен бұрын бұзып, салымды толығымен алу.

Жинақ салым бойынша ақшаны мерзімінен бұрын ішінара алу көзделмеген. Салымшы бұл ретте шартты бұзып, оны мерзімінен бұрын толығымен алуға ғана құқылы. Бұл ретте салымшы жинақталған сыйақысынан толығынан дерлік айырылады – ол талап етілмелі салым бойынша белгіленген мөлшерде төленеді.

Мерзімді салымдар бойынша ақшаны азайтуға болмайтын қалдыққа дейін ішінара алуға болады. Егер салымшы жинақ ақшаларын толығымен алғысы келсе, онда ол банк салымы шартын мерзімінен бұрын бұзуы қажет. Екі жағдайда да салымшы жинақталған сыйақысының елеулі бөлігінен айырылады.

«Мерзімсіз депозиттер бойынша ақшаны азайтуға болмайтын қалдыққа дейін алуға рұқсат етілген. Бұл ретте салымшыға ешқандай шығын келмейді. Алайда егер салымшы банк салымы шартын мерзімінен бұрын бұзып, ақшасын толығымен алғысы келсе, бұл жағдайда ол жинақталған сыйақысының айтарлықтай бөлігінен айырылуы мүмкін. Осылайша мына заңдылықты есте сақтаған жөн, мерзімсіз салымнан ақшаны мерзімінен бұрын ішінара алу мен мерзімсіз салымды мерзімінен бұрын бұзу – бұл мүлдем екі түрлі жағдай.»ҚДКБҚ баспасөз қызметі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!