Жыл сайын микроқаржы ұйымдарында проблемалық қарыздар үлесі артып келеді. Микроқаржы ұйымдарының портфеліндегі проблемалық қарыздар көлемі 914 мыңды немесе жартысынан астамын құрайды. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Дәния Еспаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Депутат бүгін Мәжілісте «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заң жобасын қарастыруды бастағанын еске салды.

«Банкроттық – мәселенің салдары екенін есте ұстаған жөн, ал оның себебі басқада жатыр. Халық табысының төмен болуы, пайыздық мөлшерлемелердің шамадан тыс жоғары болуы және жеке тұлғаларға несиенің тым қолжетімді болуы банкроттыққа әкеп соғады. Халықтың негізгі бөлігінің табысының төмендігі оларды баспананы жалға алу, балаларды оқыту, басқа банкте ай сайын несие төлеу, азық-түлік және басқа да қажеттіліктер үшін онлайн-қарыз алуға мәжбүр етеді. Кепілсіз қарыз тез және табыс деңгейін ескермей берілуі, жоғары пайыздық мөлшерлеме түріндегі сын-қатер халықтың жаппай кредиттелуіне ықпал етеді», – деді Д. Еспаева Мәжілістің жалпы отырысында.

Оның айтуынша, «Ақ жол» фракциясының депутаттары микрокредиттер бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін жылдық 56%-дан аспайтын сома мен мерзімге шектеусіз белгілеуді ұсынған. Қаржы нарығын бақылау мен реттеу агенттігі бұл бастаманы қолдаған.

Сондай-ақ, Д. Еспаева фракцияның «Микроқаржы қызметі туралы» Заңға микрокредит бойынша артық төлемнің шекті мөлшерін екі есеге – микрокредит сомасының 100%-ынан 50%-ына дейін төмендету бойынша түзетулерге қол жеткізгенін айтты.

Мәжіліс депутатының айтуынша, халықтың қарыз тұзағына түсуінің негізгі себебі – жоғары пайыздар болып отыр, соның салдарынан олар өз мүлкінен, соның ішінде жалғыз баспанасынан айырылуы мүмкін.

«Микроқаржы ұйымдарындағы проблемалық қарыз үлесі жыл сайын өсіп келеді. 2022 жылғы наурыздағы жағдай бойынша 1 212 мың қарыздың 435 мыңы проблемалық болған. Мерзімі өткен қарыздар – 479 мың қарыз алушы немесе жартысынан астамы коллекторлық компанияларға сатылды. Осылайша, микроқаржы ұйымдарының портфеліндегі проблемалық қарыздардың жалпы саны 914 мың немесе жартысынан астамын құрайды. Қазір ұлттық экономиканы несиелендіруді қысқарту, жұмыс орындары мен халық табысының өсуін тежеу жүріп жатыр. Жеңіл болып көрінетін интернеттегі несие берудің айла-амалдары да адамдарды құлдыққа итермелеуде. Бұл «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заңның қабылдануын қажет етті», – деді Дәния Еспаева.

Осыған байланысты «Ақ жол» фракциясының депутаттары онлайн-кредиттеуге тыйым салуды ұсынды.