Бүгін «Достық үйінде» «Qyzylorda» телеарнасының 35 жылдығына арналған салтанатты шара өтті. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, «Қазақстан» Республикалық телерадио корпорациясы» акционерлік қоғамының бас редакторы Болат Мүрсәлім, Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстық телеарналарының директорлары, мәслихат депутаттары және зиялы қауым өкілдері қатысты.

Аймақ басшысы телеарна ұжымын мерейтойымен құттықтап, өңірдің ақпараттық кеңістігін дамытуға қосқан елеулі үлесін атап өтті.

«Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Біз озық ойлы ұлт болуымыз қажет. Көш бастайтын елдердің қатарына қосылуымыз керек. Бір ел болып, жұдырықтай жұмылсақ, бұл мақсатымызға міндетті түрде жетеміз. Осы ортақ жұмысқа журналистер қауымы да зор үлес қосып жүр. Сіздерді реформаның қозғаушы күші деп айтуға болады»,  – деп атап өтті.

«Qyzylorda» телеарнасындағы білікті әрі тәжірибелі мамандар заманға сай озық техникалар мен жаңа технологиялардың мүмкіндіктерін пайдаланып, журналистикадағы жаңа бастамаларды ақпарат айдынына батыл енгізіп келеді.

Аймағымыздың жетекші арнасы ел өміріндегі саяси маңызды оқиғалар туралы ақпаратты жылдам таратып, жағымды жаңалықтардың хабаршысы болуда. Телеарна эфирге шыққан 35 жыл ішінде халық шығармашылығын дамыту мен жергілікті музыкалық контентті қалыптастыруға айрықша басымдық берді.

Бүгінде «Ботақан» балалар телефестивалі, «Сыр жұлдыздары» ән байқауы, «Жыр керуен», «Асыл мұра», «Сыр сүлейін сұрасаң…», «Ғасырлар үні» секілді дәстүрлі музыканы насихаттайтын тағылымды жобалар телеарнаның алтын қорын толықтырды.

Сыр өңірінің жылнамасын, Тәуелсіздік шежіресін қалыптастырудағы қажырлы еңбектеріңіз үшін Сіздерге зор ризашылығымды, алғысымды білдіремін. Ақпарат айдынында заман көшінен қалмай, жаңа медианы меңгеріп, елдікті сақтау, азаттықты баянды ету жолында абыройлы қызмет атқара бергейсіздер!», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Жиында корпорацияның бас редакторы  Болат Мүрсәлім, «Құрмет» орденінің иегері Жағыппар Қарабала сөз сөйледі.

Кәсіби шеберлігі мен телевизия саласындағы қажырлы еңбегі үшін бірқатар азаматқа ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Еңбек ардагері», «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгілері, облыстың Құрмет Грамотасы, облыс әкімнің Алғыс хаты, «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» акционерлік қоғамының Құрмет грамотасы  мен Алғыс хаты табысталды.

Қызылорда облысы әкімнің баспсөз қызметі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!