Президент Жолдауында айтылған ауыл шаруашылығын цифрландыру бағытының басым элементтері Шиелі ауданының Ақмая ауылында көрініс таппақ. Мұндағы шаруа қожалығының егістігіне агрохимиялық зерттеу жүргізіліп, қоректік картаграммасы жасалды. Бұл өсімдіктің егу мерзімін, сұрпын, топырақ құрамын, тыңайтқыштарды ұтымды пайдалану мен будандастыру кезеңдерін автоматты түрде басқаруға мүмкіндік береді. 

Қырық бір Еңбек ері шыққан ауданның егістігінде қазір сенсорлы технологиямен жабдықталған шетелдік комбайндар жүр. Алып техниканың ішінде отырып, бұл алқапқа қанша тұқым мен тыңайтқыш себілгендігін, су мөлшері және шамамен жиналатын өнім көлемі жайлы ақпаратқа қанығуға болады. Мәліметтер жиынтығы біріктірілген тракторлар мен комбайндарды «Ақылды ферма» арқылы басқарылады. Цифрландыру бағдарламасын енгізу арқылы әр гектардан 75 центнер өнім алуға болатынын түсінген өзге де шаруашылықтар спутниктік станция орнатылған техника әкеліп жатыр. 

«Жаңа технология 1-ден жерді тегістігіне керек. Лазермен тегістеп жатырмыз қазір. Одан кейін егінді сақтайтын жаңадан технологияларды енгізіп жатырмыз. Үкімет тарапынан қолдау қазір жаман емес, жаңа техника алып келсек техника құнының 25% қайтарып беріп жатыр», – дейді шаруа қожалығының төрағасы Асқар Бердібаев.

Хош сонымен «Smart ферманың» құрылуы алдағы уақыттың еншісінде. Ал қазір диқандар ала жаздай судан қысылып, күйдіріп алмай әрең алып шыққан егінін оруға кірісті. Алқапты кезектесіп суарып, насос-құрылғы пайдаланған егіншілер су реттеу бағыты бойынша да тың тәсілдер керектігін айтады. Жоғарыда айтқан ғылыми тұрғыда озық техника удай қымбат.   

«Субсидия қарастырылса тағы жерге. 2015 жылға дейін жерге субсидия алған кезде тым жақсы көтеріліп қалғанбыз. Шынында қазір қымбатшылыққа, нарықтық экономикаға байланысты алып жатқан техникамыз қымбат болып жатыр. Соған енді көмек болса Үкімет тарапынан», – дейді шаруа қожалығының төрағасы Бауыржан Көпеев.

Қуаңшылықтан биыл мал мен жан бірдей қысылды. Ақылмен жүйелесе жер жомарт. «Ауызы күйген үрлеп ішеді» деп өңір шаруалары күріштен бөлек мал азығын мол дайындауға ден қойып жатыр. 

«Күздік, жаздық бидай, дән жүгері және жоңышқа, бақша өнімдері әртараптандыру бағытындағы жұмыстарды үйлестіріп жатырмыз. Шаруалар көктемнен бастап жұмыс атқарды. Еңбек нәтижелері жаман болмайды деген болжам бар. Яғни күріштің гектарынан 60 центнерден өнім аламыз деген жоспарымыз бар», – дейді Шиелі ауданы әкімінің орынбасары Ерсұлтан Әпетов.

Сонымен қазіргі өндіріс жағдайында интернет арқылы қашықтан басқарылатын автоматтандырылған фермаларды құруға талпыныс бар. Логистика мен электронды сауданың дамуы егістіктен тұтынушыға тікелей агроөнімді сапасын бұзбай жеткізуге, сол арқылы өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік береді. Бірақ сол ауыл шаруашылығын тиімді түрлендірудің инновациялық тәсілдері жоба күйінде қағаз бетінде қалып қоймаса дейміз.

24.kz

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!