Соңғы кездері аймақта мал шаруашылығында серпін байқалады. Десек те төрт түлікке қатысты мәселе де жоқ емес. Аудан, ауылдарда жұқпалы аурулардың саны көбейіп, малдың өліміне әкеп соғуда. Мәселеге байланысты мал дәрігері Жомарт Қуанышұлымен тілдесіп, сан сауалға жауап алдық.

Жомарт Қуанышұлы, өңірде жұқпалы аурулардың қатары көбейіп, мал шаруашылығының өркендеуіне кері әсері тиюде. Жалпы аса қауіпті ауруларымен күресте қандай жұмыстар жүріп жатыр?
– Мемлекеттік бағдарламаларының орындалуы, ветеринарлық қызмет көрсету сапасын жақсартуы мал ауруларының азаюына тікелей байланысты. Эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау жергілікті атқарушы органдардың ветеринариялық қызметіне тиесілі. Аудандардағы барлық ауылдық округтерде ветеринариялық пункттер бар және олар ветеринар мамандармен толық қамтамасыз етілген. Басты міндетіміз – эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау және аса қауіпті экзоотикалық ауруларды болдырмау. Экзоотикалық аурулар деп шет мемлекеттерден келетін ауруларды айтады. Бұл орайда, әсіресе тағамдық тұтынатын өнімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету аса маңызды. Мысалы, Жаңақорған ауданында эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау үшін аса қауіпті 14 түрлі жұқпалы ауруларға қарсы бөлінген ветеринариялық препараттар толық жеткізіліп, егу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар мүйізді ірі қара малының тейлериозы мен пираплазмозы, уақ малдың бауыр құрты, түйенің трипаносомозы, жылқының гастрофилезі мен сақауы секілді энзоотиялық ауруларға қарсы дәрі-дәрмектер сатып алуға облыстық бюджеттен қаржы тұрақты түрде бөлініп келеді.
– Жұқпалы дерттің салдарынан мал шығыны да жоқ емес шығар…
– Биыл алғашқы жартыжылдықта энзоотиялық аурулар, травматикалық жағдай­лардан, улану, ас қорыту жүйесі, зат алмасу жүйесі аурулары, сонымен қатар, жол-көлік оқиғалары, ауа-райының қолайсыздығынан туындаған табиғи апатқа байланысты 13 мүйізді ірі қара, 88 бас уақ мал, 4 бас жылқы, 1 бас түйе өлім-жітімге ұшырады. Ал негізінде ауыл шаруашылығы жануарлары арасында аса қауіпті жұқпалы аурулар тіркелген жоқ.
Қорадағы малға жұқпалы ауру таралмауы үшін шаруалар не істеуі керек?
– Ауруларды болдырмау тек ветеринар мамандарының ғана ісі емес. Жануар иесі ҚР «Ветеринария туралы» Заңының 25 бабында көрсетілген талаптарға сәйкес, уақытылы вакцинация салдырып, диагностика жасатуға, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруге міндетті. Сонымен қатар, қора-жайларды таза ұстап, жем-шөп сақтауда қоршаған ортаның ластануына жол бермей, зоогигиеналық талаптарды сақтауы тиіс. Сонымен бірге жануарларды сатып алғанда, сойғанда немесе сатуға өткізгенде, сойғаннан кейін ветеринария­лық-санитариялық сараптама жасамай сатуға, обьектілерге ветеринариялық тексеру жүргізуге кедергі келтірмеуге міндетті. Оған қоса төл алғанда, жануарлар ауырған жағдайда ветеринария саласындағы мамандарға хабарлауға тиіс.
– Мал шаруашылығында бірдейлендіру шаралары қолға алынуда. Бұл жұмыстар қалай жүруде?
– Бірдейлендіру – ветеринарияның негізгі әліппесі. Мал иелері қорасындағы төрт түлік малына уақытылы вакцина ектіруге, диагностикалық тексерту жүргізу және бірдейлендіруге аса мән беруі қажет. Заңда көрсетілген талаптарға сай жылқы малына таңба, ал басқа малдарға сырға салынуы тиіс. Таңбалау мен сырға салу біздің міндетімізде. Ал чип салдыру мал иесінің келісімімен, өз қаржысына салынады. Таңба басу салдарынан малда механика­лық жарақат, күю, іріңдеу, шошыну сынды т.б жағдай орын алады. Бүгінгі таңда жылқының төлдеріне чип орнатуда. Егер терінің астына чип салып енгізсе, әлгіндей жағдай орын алмайды. Таңба, чип, сырға салынған жануарлар ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру дерекқор (ИСЖ) базасына тіркеледі.
Бүгінде қаңғыбас ит пен мысық зардабына байланысты қоғамда шағым күрт көбейді…
– Дұрыс айтасыз, бұл үлкен мәселеге айналып отыр. Әлеуметтік желілерде де көп көтеріледі. Заң талаптарына сәйкес, қаңғыбас (ит, мысықтар) жануарларды аулау жүзеге асырылмайтыны көрсетілген. Аталған заңға сәйкес, бүгінгі таңда қаңғыбас ит-мысықтарды аулап жоюға заң жүзінде рұқсат жоқ. Сонымен қатар жануарларға қатыгездік көрсету ӘҚБтК-ның 407-1-бабы және ҚР ҚК-ның 316 бабы бойынша жауаптылыққа әкеп соқтыратыны көзделген. Үйдегі ит пен мысықты қоғамдық орындарда серуендету ережеге сәйкес болуы керек. Мысалы, көбісі ауласында итін босатып жібере салады, ал ол біреуді тістеуі, қауіп алып, зақым келтіруі мүмкін. Тоқетерін айтқанда, иесі итке ие болуы керек.
Ветеринарларды қандай мәселе мазалайды?
– Мал иелері бірдейлендіруге қатты мән беруі керек. Осы мақсатта ветеринар мамандар үй мен қораны жағалап жүреді. Әркімнің жауапкершілігі әртүрлі. Келіскен уақытта үй иелері болмай қалады. Кірген жағдайда қорадағы мал түгел болмай шығады. Сұраса, өрісте жүр дейді. Бір күнде бітіретін шаруаға екі-үш күнін жоғалтып жатады. Алыс ауылдарда құмның арасында жатқан малдарын жасыратындар да бар. Төрт түлік малдар сырғаланбаса немесе таңбаланбаса, есепте жоқ болып табылады. Мал иесі бірдейлендіруден өткеннен кейін барып ауыл шаруашылығы саласындағы көмек алуға толық мүмкіндігі болатынын ескерген жөн. Мал иелері жануарларын уақытында, толық жинақтамау салдарынан, аса қауіпті жұқпалы және энзоотиялық ауруларға қарсы алдынала егу, диагностикалық тексеруге қан алу жұмыстарын жүргізу барысында қиыншылықтар орын алуда.
Әңгімеңізге рақмет!

Ерасыл ШӘРІБЕК

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!