Табиғат адам жанымен үндесе өмір сүреді. Сондықтан ондағы әрбір тіршілік иесі қамқорлықты қажет етеді. Дәл қазіргі уақыт жасыл жапырақтың бас көтеріп, тал бүршігінің қылаң беретін сәті. Айналадағы жан-жануардың да түлеп, құстардың қайта оралуы Табиғат-ананың қысқы қалың ұйқысынан оянғанынан хабар береді. Табиғаттың осындай ғажап сәтін «Барсакелмес» қорығында жүріп, айналаңа мән беріп, зерделеудің өзі бір ғанибет дүние.

Қорықтың жұмысы табиғатпен етене байланысты болған соң, ондағы кішкентай өзгерістің өзі қызметкерлерге әсер етпей қоймайды. Сондықтан әрбір жауапты маман табиғатқа құрметпен, ерекше қамқорлықпен қарауды өзіне міндет деп санайды. Осы тұста мен өзім қызмет ететін Барсакелмес қорығы жайлы айтпақпын.

Арал ауданында орналасқан Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы туралы биология ғалымдарының докторы Муса Исмагилов 1973 жылы өзінің «Остров куланов» атты кітабында – «Мен, оңтүстік Балқаш өңірінде, Мойынқұмда, сазды топырақты Бетпақ далада болу мүмкіндігіне ие болдым. Алайда, ерекше тамаша естеліктерім Барсакелмес қорығында, құландар аралында қалды. Солардан кейін Орталық Қазақстанның кең байтақ боз селеулі жазығында, әсем көріністі Баянауыл тауларында, таяз сулы керемет Зайсаң көлінде де, Тянь-Шаньның биіктерінде болған кездерімде де – Барсакелмес аралы туралы естелігім ең қымбат болып қала берді. Бұл тамаша жер түпкірі есімде мәңгіге сақталған және мені өзіне тартып тұрады, себебі жастық шағыммен, алғашқы ғылыми зерттеулеріммен және бақылауларыммен байланысты» деп жазған. Ғалымның сөзінен аңғарғанымыздай, Барсакелмес арал мәртебесін жоғалтса да, әлі күнге табиғи әсемдігі мен қымбат құндылықтарын сақтап қалған.

Тарихқа үңілсек, Қазақ ССР Халық комиссарлар кеңесінің 1939 жылғы 10  желтоқсандағы №973 Қаулысымен мемлекеттік табиғи қорығы құрылған. Осылайша Барсакелмес аралы Ерекше қорғалатын табиғи аумақ дәрежесіне ие болды. Сол жылдары аралдың жалпы көлемі 16795 га жерді қамтыған.

1929 жылдан бастап есептегенде Барсакелмес қорығына 7 түрлі аң (ақбөкен, қарақұйрық, құлан, жабайы шошқа, құм балпағы, толай қояны) жерсіндіруге жіберіліп, жақсы нәтиже берген. Солардың арасында 1953 жылы Түркменстанның «Бадхыз» қорығынан Дүниежүзілік Қызыл кітапқа енгізілген 9 бас құлан жерсіндіруге жіберілген. Құландар Барсакелмес қорығының табиғатына жақсы бейімделіп, көбейген соң 1980 жылдары оның саны 300-ге жеткен. Алайда Арал теңізінің тартылуына байланысты негізгі суат көзі болған теңіз суының тұздылығы артқан соң ғалымдар Барсакелмес құландарын еліміздің басқа өңірлеріне жерсіндіруге ұсыныс жасайды. 1982 жылдан бастап құландарды басқа өңірлерге, атап айтқанда, «Алтын емел» мемлекеттік ұлттық паркіне және Каспий маңына жерсіндіру жұмыстары басталды.  Қазір Қазақстанның аумағындағы құландар Барсакелмес қорығының құландарының ұрпақтары болып саналады.

Мейрамбек

БАЙЖІГІТОВ,

«Барсакелмес» қорығының инспекторы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!